Аймақтар • 14 Шілде, 2021

Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды

294 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысы Арал ауданында құрғақшылық пен мал азығының тапшылығына байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Арал ауданында төтенше жағдай жарияланды

Маусым айының басында Арал ауданында 500 сиыр мен жылқы қырылған. Оның негізгі себебі – жайылымдардың құрғап кетуі, ауа райының ыстық болуы және Сырдария өзенінің суы аз болуы.

Әкімдік төтенше жағдай режимін жариялауға құжаттарды бір айдай дайындаған. Құжат Әділет министрлігінде тіркелді.  

Бүгінде жағдайдың тәулік бойы мониторингі ұйымдастырылды. Көрші ауылдарда шабындыққа тартылған еріктілер бригадасы құрылды. Еріктілер Қазалы, Қармақшы және Сырдария аудандарында жұмыс істейді.

Ақтөбе облысымен де келісім бар. Ырғыз ауданының шаруашылықтары қол жетімді бағамен жем беріп қана қоймай, жайылымдық жерлерін шөп шабу үшін пайдалануға мүмкіндік беріп отыр.

«Құрғақшылықтың салдарын жою жұмыстарына ауданға екі миллиард теңгеге жуық қаражат қажет болады. Біз «қызыл» аймаққа енгізген осы 13 ауданда суға 15 ұңғыма бұрғыланады. Жайылымдарды толық пайдалану және ұлғайту үшін сегіз канал қазылып, тазартылады. Сонымен қатар осы жұмыстарды жүргізуге техника қоюымыз керек», деді Арал ауданының әкімі Серік Сермағанбетов баспасөз мәслихатында.

Әкімнің сөзінше, ауданда 205 мың бас мал бар.

«Оларға шамамен 185 мың тонна шөп қажет. Аудан өз күшімен 36 мың тоннадан аса шөпті қамтамасыз етеді, қалғаны облыстың басқа аудандарынан және өңірлерден әкелінеді», деді аудан әкімі.