Аймақтар • 14 Шілде, 2021

Қызылордада 17 нысан «Ashyq» жобасынан шығарылды

181 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында 17 кәсіпкерлік нысан «Ashyq» жобасынан уақытша шеттетілді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қызылордада 17 нысан «Ashyq» жобасынан шығарылды

Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов мәлімдеді.

«Қазір елімізде эпидемиологиялық жағдай күрделі болып жатқаны белгілі. Қызылорда облысы «сары» аймақта тұр. Өңірде карантиндік шектеулер болса да кәсіпкерлердің жұмыс жасауына барынша мүмкіндік жасалған. Елімізде қолданысқа енгізілген «Ashyq» жобасы бойынша облыста 294 кәсіпкерлік нысанның өтініші негізінде оларға арнайы QR код берілген. Осы орайда кәсіпкерлер қойылған талаптарды толық орындауы тиіс. Десе де кейбір кемшіліктерге жол берген 17 кәсіпкерлік нысанның QR коды деактивацияланды. Себебі кәсіпкерлер келушілердің мәртебесін тексермеген. Сол үшін олар әзірге 2 аптаға жобадан шеттетілді», деді палата директоры.

Оның айтуынша, жұмыс алгоритмін 3 рет бұзған қатысушы 2 айдан ерте жобаға қайта орала алмайды. Ол мониторинг тобы ұсынған мәлімет бойынша жүзеге асады. Бүгінде өңірде 294 нысанның ішінде 22-сі комиссия шешімімен «көшбасшы» мәртебесін алған. Бұл мәртебе кәсіпкерлік нысанның қызметін келушілер тарапынан тұрақты чекин (жоба аясында келушілердің статусын тексеру) жасалғандықтан берілген.