Әлем • 14 Шілде, 2021

ДДСҰ: Коронавирус вакцинаға дес бермей тұр

297 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры, дәрігер Тедрос Гебрейесус  Женевада бүгін өткен брифингте  коронавирустың мутацияланып, әлемдік экономикаға қауіп төндіре бастағанын мәлімдеді, деп жазады  Egemen.kz   БҰҰ Жаңалықтар орталығы таратқан деректерге сілтеме жасап.

ДДСҰ: Коронавирус вакцинаға дес бермей тұр

Оның ойынша, вакцинаны таратудың дұрыс ұйымдастырылмауы  жағдайды  ушықтырып жіберген.

«Адамзат тарихында ауыр кезеңді бастан өткердік. COVID-19 дертінен 4 миллион адам қайтыс болды. Бұл тек ресми мәліметтер», деді бүгінгі баспасөз мәслихатын ашқан дәрігер Тедрос Гебрейесус.

Тедрос Гебрейесус өз азаматтарының көпшілігін вакцинациялауға үлгерген кейбір елдер инфекцияға қарсы иммундық қорғанысты күшейтуі керек екенін, қосымша вакцинация науқанын бастауды жоспарлап отырғанын атап өтті.  Бұл елдер, дәрігер Тедрос нақтылап өткендей, шектеулерді алып тастап, пандемияға дейінгі уақытқа қайта оралады.

«Жаңа штамдардың тез таралуы және вакциналардың бүкіл әлем бойынша таралуы кезіндегі айқын теңсіздіктер көптеген елдерде аурудың өршуіне және ауруханаға жатқызу деңгейінің жоғарылауына әкеліп соқтырды.

Содан кейін біз тағы да оттегі тапшылығы мен терапия мәселесімен айналысамыз. Бұл жағдай Азия және Латын Америкасының кейбір елдерінде өлім-жітімнің көбейіп кетуіне жол ашады», деп атап өтті ДДҰ өкілі.

Ол сондай-ақ «вакцина тақырыбын ұлтшылдандырып алған елдердің» жағдайына да тоқталып өтті. 

«Пандемияның осы кезеңінде әлемнің кейбір елдерінде миллиондаған медицина қызметкерлеріне әлі вакцина егілмегені алаңдатады», дейді дәрігер Тедрос.

ДДСҰ мәліметтері бойынша, өткен аптадан бері кейбір елдерде COVID-19 дертіне шалдыққан адамдар туралы деректерде аздаған өзгеріс бар. Осы дерттен қайтыс болғандар саны азайып келеді.

Бүкіл әлемде COVID-19-дың 183 миллионнан астам жағдайы тіркелген. Оңтүстік және Солтүстік Америка елдерінде дертті жұқтырғандар қатары өсіп келеді. Сондай-ақ ЕО елдерінде де ауру деңгейінің өскені байқалады.

ДДҰ басшысы айтып өткендей, COVID-19–дың беталысы әзірге адамзатқа қол жетімді вакцинаның алдын орап кетіп тұр.