Экология • 14 Шілде, 2021

Апатты жағдайдағы су қоймалары жөнделетін болады – Мағзұм Мырзағалиев

995 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанда апатты жағдайдағы 40-тан астам су қоймалары жөнделіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Апатты жағдайдағы су қоймалары жөнделетін болады – Мағзұм Мырзағалиев

Министрлік ұсынған мәліметке сәйкес, биыл 1050 шақырым суару желісін қайта құру жоспарланған.

«Бүгінде республикалық меншікте ұзындығы 21,5 мың шақырымды құрайтын 3 298 суару желісі бар. Оның ішінде 11,9 мың шақырым желінің жағдайы нашар. Соның салдарынан фермерлерге су жеткізуде шығын көп. Ауыл шаруашылығында негізгі су тұтынушы суармалы егіншілік саласы болып отыр. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз суармалы жер көлемін 2030 жылға дейін 1,6 млн гектардан 3,0 млн гектарға дейін жеткізуіміз қажет. Бұл мақсатқа жету үшін 2019-2020 жылдары 1734 шақырымды құрайтын канал жөнделіп, 111,5 мың гектар суармалы жер айналымға енгізілді. Бұл өз кезегінде қосымша 22,3 мың жұмыс орнын құруға және ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін жыл сайын 94,8 миллиард теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді», деді Мағзұм Мырзағалиев.

Экология министрі 41 апатты су қоймасының қайта қалпына келтіріліп жатқанын хабарлады. 2017-2019 жылдары 10 нысан пайдалануға берілсе, өткен жылы 2 нысан дайын болған. Ал биыл 8 су қоймасын қайта қалпына келтіру жұмысын аяқтау жоспарлануда.

Қалған 21 нысан бойынша жөндеу жұмыстары 2025 жылға дейін жүзеге асырылатыны белгілі болды.