Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған адамдар әлеуметтік төлемдер алады. Ол үшін адамның міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі және соңғы екі жылдағы табысы қаралып, 1 айдан 6 айға дейін тағайындалады. Төлем жоғалған кірістің 40%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге eGov.kz порталындағы «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметіне тапсырыс беріп, өтінімді жіберу қажет. Бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі халықты жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады. Егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде жұмыссыз мәртебесі беріледі.
Жұмыссыз ретінде тіркелген соң Еңбекминінің ақпараттық жүйесі МӘСҚ-тан төлем тағайындау бойынша мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.
Естеріңізге сала кетейік, аталған әлеуметтік төлем кезінде жұмыстан шығу себебі қарастырылмайды. Ол адамды жұмыс тауып алғанша қолдауға арналған.