Спорт • 15 Шілде, 2021

Словениялық велошабандоз 10 тур бойы дес бермей келеді

153 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Тур де Франс» көпкүндігінің 17-кезеңі «UAE-Team Emirates» клубының серкесі Тадей Погачардың тамаша жеңісімен аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Словениялық велошабандоз 10 тур бойы дес бермей келеді

10 тур бойы шашасына шаң жұқтырмай, жалпы есепте жеке-дара көш бастап тұрған Словенияның жас жұлдызы Мюре мен Сен-Лари-Сулан аралығындағы сайыста алдына жан салмады. 178,4 шақырымдық қашықтықты Погачар 5 сағат 03 минут 31 секундта жүріп өтті. Екінші және үшінші орындарды даниялық Йонас Вингегор («Team Jumbo-Visma») мен эквадорлық Ричард Карапас («INEOS Grenadiers») иеленді. Кезең жеңімпазынан үш минутқа жуық уақыт қалып қойған «Астананың» серкесі Алексей Луценко 12 сатыға табан тіреді.

Таулы аймақтағы жеңісінен кейін Тадей Погачар өзге қарсыластарының барлығынан қара үзіп кетті. Оның көрсеткіші – 71:26:27. Словениялық велошабандозды өкшелеп келе жатқан Йонас Вингегор одан бақандай 5 минут 39 секунд қалып келеді. Ал қазақстандық спортшы Алексей Луценко жалпы есепте сегізінші сатыға сырғып түсті.