Аймақтар • 15 Шілде, 2021

Батыс Қазақстанда бақсы кемпірдің қабірі табылды

2373 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Шыңғырлау ауданына қарасты Ұрысай елдімекенінде археологиялық қазба жұмысын жүргізген ғалымдар біздің заманымызға дейінгі V ғасырға тиесілі сармат көсемдерінің зиратын тапты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыс Қазақстанда бақсы кемпірдің қабірі табылды

Ғылым тілінде «Ұрысай 2 көне қорғандар тобы» деп аталатын үш обаны Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Тарих және археология бөлімі қызметкерлері биылғы маусым-шілде айларында қазып, зерттеді. Қазба жұмысын тарих және археология бөлімінің аға ғылыми қызметкері Яна Лұқпанова жүргізді.

Айта кетейік, Шыңғырлау ауданы аумағындағы Сегізсай, Елекшар обалары дүниежүзілік археология ғылымында танымал, ерекше мекен. Мұнда біздің заманымызға дейінгі V ғасырлардан бастап ортағасырларды қамтитын қорғандар кешені сақталған.

- Биыл қазылған оба - алдын ала болжам бойынша бақсы кемпірге тиесілі. Ол өз тайпаластарының денесіне түрлі ою-өрнек, татуировка жасаудың шебері болған. Бақсы қартайып өлген, сүйектерінің көрінісіне қарағанда полиатрит дертіне шалдыққан болуы мүмкін. Бұл жерде табылған құрбандық тасы, жүздеген жебе ұшы, басқа да бұйымдар марқұмның өз қоғамында үлкен лауазым атқарғанын көрсетеді. Ал оның жанында қару-жарағымен жерленген жас жігіт – бақсының тірі кезінде оққағары, қорғаушысы болған жауынгер болса керек. Жер асты дүниесінде де қожасын қорғап жүруі үшін өлтіріп, осылай бірге жерлеген сияқты, - дейді Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі, өлкетанушы Тілеген Қалиев.

Бір өкінішті жағдай, бұл обалардың бәрі де өз заманында тоналған, бүлінген көрінеді. Бірақ қалай болғанда да табылған бұйымдардың тарих үшін маңызы үлкен. Тиісті лабороториялық зерттеулерден кейін бұл құнды жәдігерлер Шыңғырлау аудандық тарихи-өлкетану музейіне тапсырылып, халық назарына ұсынылмақ.

Айта кетейік, соңғы жылдары шыңғырлаулықтар өз өлкесінің тарихын түгендеуге, әсіресе бұдан бұрын осы өңірден жан-жаққа әкетілген жәдігерлерді аудандық музейге қайтаруға ерекше күш салуда. Бұл іске Шыңғырлау аудандық мәслихатының депутаты, «Жаңажер» шаруа қожалығының басшысы Әлібек Талдыбаев үлкен үлес қосып жүр екен. Жоғарыда аталған қазба жұмысына да Әлібек Жұмаханұлы да атсалысқан.

 

Батыс Қазақстан