Коронавирус • 15 Шілде, 2021

Ақтау дәрігерлері жүкті әйелді коронавирустан емдеп шықты

173 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Маңғыстау облыстық «Ана мен бала» перинаталдық орталығының дәрігерлері коронавирус инфекциясымен ауырған жүкті әйелді аман алып қалды. Науқастың өкпесі 70% зақымдалған еді, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.

Ақтау дәрігерлері жүкті әйелді коронавирустан емдеп шықты

Ақтау қаласының тұрғыны Бақтыгүл Кабулдина перинаталдық орталыққа жедел жәрдем бригадасымен жеткізілді. Жүкті әйелдің өкпесі 70% зақымдалғандықтан, құрсақтағы балаға жеткілікті оттегі бармаған.

«Бастапқыда мен вируспен өзім күрестім. Бірақ бұл үлкен қателік болғанын кейіннен түсіндім. Құрсағымдағы баланың өмірі үшін қорықтым. Ентігу күшейіп, жүрегім тоқтап қалатындай сезімде болды. Жақындарым мен нәрестемді енді көрмеймін деп ойладым. Мен және менің балам дәрігерлердің арқасында аман қалдық. Перинаталдық орталықтың дәрігерлеріне алғысымыз шексіз», дейді Бақтыгүл Кабулдина.

Өмір есігін енді ашқан сәби Бақтыгүл Кабулдинаның бесінші баласы. Қазір батыр ана мен баланың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Бірнеше күннен кейін олар перинаталды орталықтан шығарылып, үйлеріне қайтады.

Айта кетейік, облыстық перинаталдық орталық базасындағы инфекциялық бөлімшеде 40 әйел емделуде. Олардың 5-уі жансақтау бөліміне ауыстырылып, ӨЖЖ аппаратына қосылған.

Дәрігерлер жүктілік респираторлық вирустық инфекцияның қаупін арттыратынын еске салады. Сол себептен, жүкті әйелдерге коронавирусты жұқтыру мүмкіндігін азайту үшін қатаң оқшаулау режимін ұстанған жөн.