Қазақстан • 15 Шілде, 2021

Ғылымға арналған ғұмыр

786 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Дандай Ысқақұлы жетпіс бес жасқа келіпті» деген хабарды естіп, қайран қалмасыма болмады. Табаны жерге тимей, зуылдап өтіп жатқан заман. Әдебиеттану ғылымына өткен ғасырдың сонау жетпісінші жылдары келіп араласқан ізденуші жас ғалымның ә дегеннен-ақ қазақ әдебиеттану ғылымындағы өз тақырыбын, өз орнын шапшаң иеленіп үлгергені кеше ғана сияқты еді. Жылдар жылжи келе, ғалым осы саланың сарабдал, салиқалы маманы болып қалыптасты. Оған Д.Ысқақұлының ғылыми өмірбаяны куә. Оның ғылыми шығармашылық жолына көз жүгірткен күннің өзінде еріксіз құрғақ тізімді келтіріп, шолу жасауға тура келеді.

Ғылымға арналған ғұмыр

«Отызыншы жылдардағы қазақ әдеби сыны» тақырыбында кандидаттық (1975), «Қазақ әдеби сынының ғылыми негіз­дері» бойынша докторлық (1994) диссертациялар қорғаған ғалым әдебиеттану ғылымындағы кейінгі буын өкілдеріне ұстаздық етіп келеді.

Бүгінгі таңда Д.Ысқақұлы – қазақ әдебиеті мен өнерінің түрлі мәселелеріне арналған жеті жүзден аса мақаланың, үлкенді-кішілі отызға жуық кітаптың авторы. Кеңес дәуірінде он екі томдық «Қазақ Совет Энциклопедиясы» (II-XII томдар) мен төрт томдық «Қазақ ССР. Қысқаша Энциклопедия» (IV том), «Қа­зақстан. Ұлттық энциклопедия» (I-VI ­то­м­дар) іргелі еңбектерінің белсенді ав­тор­ларының бірі болды.

Ғалымның еңбектерін тізіп айта бе­ре­тін болсақ, бірнеше ақ параққа жүк бо­латын түрі бар. Сондықтан қысқа қа­йырған күннің өзінде Мәскеуде шық­қан тоғыз томдық «Қысқаша әдеби энцик­лопедия» (орыс тілінде, IX том), «Түркістан», «Қазақ әдебиеті», «Абай», «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы», «Сұл­танмахмұт Торайғыров» энциклопедиялары, академиялық «Стиль сыры» (1977), «Дәстүр және жаңашылдық» (1980), «Көкейкесті әдебиеттану» (2001, 2002, 2004), «Қазақ әдебиеті тарихының қысқаша курсы» (2002), «Әдебиет теориясы» (2003), көптомдық «Қазақ әдебиетінің тарихы» (VII том, 2004; XI том, 2007 ) екі томдық «Қазақ әдебиеттану ғылымының тарихы» (2008), «Қазақтың жүз романы», т.б. сияқты іргелі еңбектерін ғана тізіп өтуден басқа амал болмас.

Қазақ әдеби сынына қатысты жазыл­ған кітаптарының өзі Д.Ысқақұлы­ның тақы­рыбын зерттеп жүрген ға­лым екен­дігін айқын көрсетеді. «Әдеби көр­кем сын» (1987), «Сын шын болсын» (1993), «Сын жанрлары»(1999), «Сын өнері» (2001) сияқты еңбектерде әдеби сынның теориялық мәселелері қазақ әдебиеттануында алғаш рет арнайы зерттелініп, жеке ғылым саласы ретінде негізі салынды. «Сынсонар» (1993), «Сын сымбаты» (2000), «Сынталқы» (2005), «Қазақ әдеби сынының тари­хы» (екі томдық, 2011), «Әдеби сынның тарихы» (2012) атты іргелі зерттеу ең­бек­терінде қазақ әдеби сынының сан ғасырлық жүріп өткен жолдары, даму проблемалары ғылыми тұрғыдан сараланады.

«Әдебиет айдыны» (2009), «Әдебиет өрнектері» (1996), «Әдебиет алыптары» (2004) секілді еңбектерінде қазақ әдебиетіне, оның сыны мен ғылымына елеулі үлес қосқан Нәзір Төреқұлов, Мағжан Жұмабаев, Қажым Жұмалиев, Темірбек Қожекеев, Рахманқұл Берді­бай, Зейнолла Қабдолов, Зәки Ахме­товтердің ұлттық руханиятқа сіңірген еңбектері жан-жақты сараланады; осы кездерде өмір сүріп, әдебиет әле­мін­де өзіндік ерекшеліктерімен жар­қы­рай кө­рінген алыптарымыздың өмірі мен шы­­ғар­машылық жолдарына жа­ңаша көз­қараспен шолу жасалына­ды; Шор­танбай жырларындағы әлеумет­тік са­рынға, Абайдың аудармаларына, Сұл­танмахмұттың әдеби ой-толғамдары­на, Мағжан жүріп өткен жолдарға, Жүсіп­бектің жазушылық шеберлігіне, Мұх­тардың орыс әдебиетімен байланы­сы­на, тіл туралы толғаныстарына, Ға­бит­­тің ана тілі жайлы пікірлеріне назар аударылған.

Д.Ысқақұлы жиырмасыншы ғасыр­дағы қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкіл­дері М.Жұмабаев ( «Қазақ елі, бір ауыз сөзім саған», 2004), М.Әуезов
(«М. Әуезов. Талант пен тағдыр», 1997), С.Мұ­қанов («Парасат пайымдары», 2000), Ғ.Мүсірепов («Сырбаз сурет­кер», 2002), М.Ж.Көпеев («Мәшһүр Жүсіп­тің ой өрімі», 2010. Б.Ысқақпен бірге) жай­­лы жеке еңбектер жазды.

«Мағжан – поэзия падишасы» (2020) ат­ты монографиясында қазақ әде­бие­тін, оның ішінде ұлттық поэзияны түр­­кілік, әлемдік деңгейге көтерген ұлы ақын М.Жұмабаевтың ақындық-шы­ғар­машылық тағдыры ол өмір сүрген кеңестік кезеңнің шындығы аясында жан-жақты қарастырылады.

2014 жылы ғалымның «Мәңгілік майдан, немесе тілдер тоғысындағы түркі әлемі» және «Түркілік ортақ термин не­гіздері» аталған қос бірдей монография­сы жарық көрді. Бұларда жаһандану дә­уіріндегі әлемнің тілдік бейнесі, түр­кі әлемі, қазақ тілінің жай-күйі, түр­кілік ортақ әліпби, ортақ тіл, ортақ ру­хани құндылықтар сияқты бүгінгі түр­кітанудың аса маңызды мәселелері жан-жақты қарастырылған.

Орталығы Берлин қаласында орна­ласқан еуропалық «Ламберт» баспасынан «Тілдер тоғысындағы түркі әлемі» (2017) атты еңбегі жарық көрді. Көлемі 622 беттік кітапта қазіргі жаһандану дәуірінің мәдени өміріндегі ғаламдық ауқымда жүріп жатқан тілдік, әдеби құбылыстар әлеуметтік, филологиялық тұрғыдан шолынып, әлемнің тілдік бейнесі, түркі тілдерінің, оның ішіндегі қазақ тілінің тағдыр-талайы, жүріп өткен жолдары мен бүгінгі жай-күйі, болашағы, түркілік ортақ рухани құндылықтары ғылыми тұрғыдан жан-жақты сараланады. Түркі халықтарының ортақ әліпбиі, тілі, тер­миндері, ортақ рухани құндылықтары сияқты бүгінгі түркітанудың аса маңызды мәселелері жан-жақты қарастырылған.

«Тіл эпопеясы немесе рухани жаңғы­рудағы қазақ тілінің тарихи миссиясы» (2020) атты көлемді (51 б. т.) еңбе­гін­де бұл тақырып одан әрі жалғасын тауып, қазақ тілінің, ұлттың рухани да­муындағы тарихи қызметі жан-жақты зер­деленді; қазақ қоғамының ұлттық даму жолындағы тілдің шешуші рөліне назар аударылды.

«Қазақ әдебиеттанушылары» (2014) атты энциклопедиялық анықтамалықта ұлттық әдебиетімізді зерттеген екі жүзден астам ғалымның шығармашылық жолдары, зерттеулері хақында сипаттамалар берілген.

Шынтуайтына келсек, қазақ әдеби сынының тарихы Д.Ысқақұлына де­йін де азды-көпті жазылып келді. Жиыр­­­масыншы ғасырдың басындағы ал­ғаш­қы кәсіби сыншылардың еңбек­те­рін хронологиялық тұрғыдан зерде­лей отырып, өсіп-жетілген бүгінгі әде­биет­тану ғылымының биігінен көз са­луға тырысқаны да ғалым ойының объек­тив­тілігінен хабар береді.

Кейде адамның көзіне бадыра­йып көрінбесе де, ғылым үшін маңызды бо­лып табылатын еңбектер болады. Д.Ыс­қақұлының сын тарихына байланысты жасаған қыруар жұмыстарын осындай сипаттағы маңызды дүниелердің бірі деп танығанымыз абзал.

Дандай Ысқақұлы иеленген атақтар мен марапаттардың өзі кішігірім бір анықтамалыққа жүк болатындай. Тізіп айтатын болсақ, ол кісі – Қазақстан Жа­зу­­шылар одағының, Қазақстан Жур­на­листер одағының мүшесі, Халықаралық Айт­матов академиясының академигі, Халық­аралық қазақ тілі қоғамының алқа мүшесі.

Д.Ысқақұлы – «Құрмет» орденінің иегері (2017); еліміздің жоғары білім бе­ру жүйесінің дамуына қосқан зор үле­сі және оқу әдебиеттерін жазудағы көп жылдық нәтижелі еңбегі үшін А.Бай­тұр­сынов атындағы алтын медальмен (2016), «Қазақстан Республикасының ғы­лымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен (2016), түркі әлемін зерттеуге сіңірген еңбегі үшін ТҮРКСОЙ-дың Мақтымқұлы медалімен (2016), әде­биеттану ғылымындағы жетістіктері үшін Мәшһүр Жүсіп атындағы және Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы ­алтын медальдармен, әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетінің дамуына қосқан үлесі үшін «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 80 жыл» (2014) мерекелік медалімен марапатталған, түркология саласындағы аса зор жетістіктері үшін Күлтегін атын­дағы сыйлығын алған (2019), Іле педа­гогикалық университетінің құрметті профессоры (Қытай, 2016), Түркістан облысы Отырар ауданының құрметті азаматы.

Біз осындай мерейтой үстінде ұла­ғатты ұстаз, ғалым Дандай Ысқақұлы­на ұзақ ғұмыр тілей отырып, алдағы уақытта шығар биіктеріңіз аласармаса екен дейміз.

 

Нұрдәулет Ақыш,

жазушы, филология ғылымдарының докторы