Аймақтар • 15 Шілде, 2021

Полиция тарихының музейі

560 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өңірдегі қылмысқа қарсы күрес тарихынан терең сыр шертетін бұл музей 1989 жылы 9 қарашада Любовь Осинскаяның ұйымдастыруымен ашылған екен. Кейін оның жанына қорларды сақтаушы ретінде Нина Бенграф жұмысқа орналасыпты. Екеуі де бұрынғы полиция қызметкерлері. Музейдің экспонаттары өте бай. Соның ішінде өңір полициясының қалыптасуы мен өсу жылдары хронологиялық тәртіппен берілген.

Полиция тарихының музейі

Бірақ... бірақ бұл тарих Қа­зақ­­стан полициясынан емес, Ресей империясының полициясы құрылуының тарихынан басталғандығы көңілге бір түр­лі кірбің түсіреді екен. Тіпті пат­шалардың, орыс империясы полициясы қызметкерлері су­реттерінің тұрғандығы тәуел­сіз елдің музейі дегенге сын түсір­гендей. Көңілжықпастықпен «жақ­сы екен, жақсы екен» деп жүріп, өзіміздің біреудің қолас­тында болып, оған бағынышты ғұмыр кешкенімізді еске салудың, оны мемлекет қаражатымен ұсталатын музейде көрсетудің керегі бар ма? Өзіміздің емес, басқа біреудің патшасын «полицияны құрған осы еді» деп мақтан тұтып, дәріптеуіміз ыңғайсыздау...

Музей дегеннің өзі идеология­лық насихат құралдарының бірі. Қазақстан азаматтарына, әсі­ресе жас ұрпаққа өз еліміз­дегі кешегі милицияда, бүгінгі полицияда қызмет еткен аға ұр­пақтың ерлігі мен еңбегін үлгі ету. Марқұмдардың есімдерін ұмытпай, рухына құрмет білдіру. Сөйтіп, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге, Отанымыздың тыныштығы мен тәуелсіздігін, қоғамдық тәртібі мен қауіпсіздігін қорғауға баулуға қызмет ету. Міне, осы емес пе музейдің негіз­гі міндеті? Ішкі істер қызметкер­лерінің халықтың амандығын сақт­ау жолындағы  ерен еңбегі жастарға, таныстырылып отырса – полицияға деген құрмет те ар­та түсері сөзсіз. Әрине, бұл жол­­да олар­дың қылмыс әлемін құрық­тау жолындағы ұстаған құралдары, жасаған әрекеттері, тапқырлығы, амал-айлалары айтылып, көрсетіліп отырса тіпті жақсы. Сондай-ақ өңірімізде орын алған қылмыстық оқиғалардың тарихы, оларды ашудағы жекелеген қызметкерлердің табандылығы мен өжеттігі айтылып жатса да құба-құп. Ал бұл тұрғыдан ал­ған­да Солтүстік Қазақстан об­лыстық ПД музейі жақсы қыз­мет атқарып тұрғанын атап өту керек. Әсіресе, жекелеген полиция қызметкерлерінің ерен еңбектері үшін алған марапаттары, қол жеткізген табыстары, хро­нологиялық тәртіппен берілген.

Музейден Солтүстік Қазақстан полициясының төңкерістен кейінгі жылдарынан көп деректер алуға болады. Алайда осы жылдардан бастап 40-шы жылдарға дейінгі милицияның іс-әрекетінде саяси қанды науқан­дарға араласып, әділетсіз істерге жол бергендігі еске түсіп бүгінгі күні сын көзбен қарасақ та ұр­лық-қарлықты, кісі өлтіруді, зор­лықты, түрлі бұ­за­қылықтарды тыю жолындағы тынымсыз еңбек­терін, жасаған ерліктерін көріп, көптеген құ­жаттармен танысып, оларға сүй­сініс білді­ресің. Соғыс жылдары мен одан кейінгі кезеңдегі ми­лицияның өмірінен де мол хабар алу­ға болады. Соның ішінде қылмыскерлерден тәркіленген пис­­толет, шолақ мылтықтар, қолдан жасалған ату құралдары мен неше түрлі пышақтар, қан­жарлар, кастет, балта, басында домалақ темірі бар алыстан ұратын шынжыр бажайлап қа­раған адамның тұла бо­йын түршіктіреді. Енді ше... олар­дың бәрі адам қа­нын төгуге, тіпті өлтіруге де пайдаланылған ғой...

Музейдің ішіндегі тағы бір экспозиция қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан қыз­меткерлерге арналыпты. Соның ішінде Ғазиз Есімов деген 24 жас­тағы жігіт 1951 жылы Петро­павл паркінде екі бұзақыны жал­ғыз құрықтау кезінде арқадан салынған пышақтан қаза тауыпты. Сондай-ақ Юрий Медведев деген 33 жасар жігіт те қанішердің қолынан 60-шы жылдардың басында қаза табады. Сол күні кіш­кентай қызының туған күні екен. «Папам бүгін маған қуыршақ әкеледі» деп тосқан сәби қуыршақты ғана емес әке­сін де мәңгіге көре алмай қала­ды... Қазір оның атына вокзал ай­мағында көше аты берілген. Ал Сергей Васильченко деген МАИ-дің жас қызметкері бертін, Преснов селосында жол тәртібін бұзып келе жатқан автомашинаны тоқтатып, хаттама толтырып жатқанда артынан келген екінші адамның бастан ұрған ауыр соққысынан сол жерде тіл тартпай кетеді. Қылмыскерлер оның өлі денесін жол жиегіне лақтырып тастап, оқиға орнынан ізін жасырған. Өкінішке қарай аудан орталығында жасалған бұл қылмыс әлі күнге ашылмаған...

Облыста жалпы саны 9 қыз­меткер міндетін атқару кезінде қаза тапқан екен. Олардың бәрінің де суреттері, аты-жөндері, кейбір құжаттары музей  экспонаты болып, жасаған ерліктері жазылып қойылған.

Музейдің тағы бір қызық экспонаты «Рекс» деген ит. Ол ұзақ жыл­дар бойы полицияға есірткіге қарсы күресте үлкен жәрдемші болған. Артынан ауырып, өлгенде оның терісінен иттің макетін жасап қойыпты. Облыстық «Динамо» спорттық қоғамының қол жеткізген табыстары да музей төрінен орын алған. Ал соңғы залға полицияның бүгінгі бөлі­ністеріне нақты тоқталып, олар­дың іс-әрекеттері жайлы жазыл­ған. Соның ішінде тіпті «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің жұмысы туралы деректер бар. Милиция мен полицияның барлық уақыттарда киген формаларының үлгілері де қызыққан адам үшін тартымды дүниелер.

Бұған дейін 2-3 мекенді ауыс­тырған музей 2012 жылдан бері қазір­гі орнына жайғасыпты. Аума­ғы 300 шаршы метрді алатын бұл мұражай облыстық ПД бірін­ші қабатында орналасқан.  Оған жыл сайын 3,5 мыңдай көрер­мен келе­тін көрінеді. Келу­шілерге толық ақпарат беруге жарақталған 36 орынды кинозал да бар. Арнайы білімдері болмаса да өздерінің бас­тамашылығымен қолға ал­ған ісіне музей мең­герушісі Любовь Осинская да, қор­лардың сақтау­шысы Нина Бенграф та шын жа­нашыр­лықпен қарайтындығы көрі­ніп тұр. Енді тек музей мақса­тын тануды жетілдіре түссе, бұл мекеннің ал­дағы уақытта алар асулары әлі де биік болатын сияқты.

 

Солтүстік Қазақстан облысы