Технология • 15 Шілде, 2021

Түрленген технопарк

455 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Astana Hub технопаркінің цифрлық нұсқасы пайда болды. Оны әзірлеуге 55 млн теңге жұмсалған.

Түрленген технопарк

Өткен жылдың қарашасында Astana Hub басшылығы техно­парктің цифрлық нұсқасын әзір­леу үшін арнайы байқау жариялады. Оған еліміздің және ТМД мемлекеттерінің ІТ-ком­паниялары қатысып, өз жобала­рын ұсынды. Біліктілер бақ сы­­наған байқауда алматылық AnyDev ұжымы жеңіске жетті. Оларға платформаны әзірлеу үшін 55 млн теңге берілді. Сөйтіп, тех­нопарктің цифрлық нұсқасы – Astanahub.com дүниеге келді. Жалпы онлайн байқауға 20-дан астам компания қатысқан.

Astana Hub-тың бас директоры Мағжан Мәдиевтің айтуын­ша, цифрлық нұсқада ірі әрі кішігірім процестердің бәрі авто­маттандырылған. Яғни түрлі бағ­дарламаларға өтінім беруден бастап, визалық әрі салықтық же­ңілдіктерге ие технопарк рези­денттерінің онлайн форматта есеп жүргізуіне толықтай мүмкіндік жасалған.

– Байқауға қатысушылар екі аптаның ішінде технопарктің цифрлық нұсқасын әзірлеуге тырысты. Кейін тәуелсіз комис­сия жеңімпаздарды анықтады. Платформа технопарк құрамын­дағы 507 ІТ-компанияға айтар­лықтай демеу боларына сенемін, – дейді Мағжан Мәдиев.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің сөзіне сенсек, Astana Hub-тың алдына қойылған міндет ауқымды – 2025 жылға қарай IT-индустриядан 500 млн доллар көлемінде экспорттық түсім алу.

– Былтыр технопаркке екі бағ­дар ұсындым. Біріншіден, есептің бәрі онлайн форматта жиналуы керек. Әйтпесе, бұған дейін Astana Hub қатысушыларының барлығы есепті қағаз түрінде тапсыратын. Екіншіден, технопарк өңірлік хабтарға бағдарлануы керек. Яғни Astana Hub өңірлердегі акселерация мен инкубацияны қолдауы қажет. Бұдан бөлек, экспортқа бағдарлану керектігін ескерттім. Өйткені 2025 жылға қарай ІТ-индустриядан қомақты экспорттық түсім алу міндеті тұр. Astana Hub толықтай экспорттық әлеуетке жұмыс істейтін болады. Биыл халықаралық аксел­лерациялық платформалармен, сондай-ақ венчурлік капиталис­термен ынтымақтастық орнатуға тырысамыз. Бұл жергілікті стар­таптардың халықаралық нарыққа шығуына мүмкіндік береді, – дейді Бағдат Мусин.

Деректерге сүйенсек, 2020 жылы Astana Hub қатысушы­ларының экспорттық табысы 14 млрд теңгені құраған. Технопарк операциялық табысқа әлі шыққан жоқ және бұл межені жақын уақытта еңсеру жоспарланбаған.

– Astana Hub – коммерциялық ұйым емес, корпоративті қор. Біздің миссия – стартап мәде­ние­тін дамыту және ІТ-жоба­лар­ды қолдау. Сондықтан опера­циялық табысқа шығу негізгі міндет емес. Иә, болашақта бұған да келетін боламыз, ол анық. Ол үшін ұзақ жылдар керек. Біз Израиль мен Сингапурдағы, Ма­лайзия мен Беларусьтағы эко­жүйелердің қалай дамығанын зерделеп, әлемдік тәжірибені зерт­­тедік. Олардың бәрі қысқа мер­­зімді болашақта операциялық табысқа шығу міндетін алға қой­маған. Сондай-ақ біз зерттеген тәжірибенің бәрінде мемлекеттік қолдаудың қарқынды болғанын байқадық. Яғни компанияларға материалдық инфрақұрылым, салықтық жеңілдік, даму бағдар­ламасын субсидиялау секілді қолдау шаралары ұсынылған, – дейді Мағжан Мәдиев.

Еске сала кетейік, Astana Hub технопаркі ЭКСПО орталы­ғының аумағында орналасқан. Технопарк 25 гектар жерді алып жатыр. Astana Hub іске қо­­сылған үш жылдың ішінде мұн­да 1 мыңнан астам кәсіпкер шо­­ғырланды. Бұл ретте 507 компания салықтық және визалық же­­ңілдіктерге ие. Олар 2019-2021 жылдар аралығында қолдау шара­­ларының нәтижесінде 7,7 млрд теңгені үнемдеген. Бүгінде технопарк 12 млн-нан астам пай­даланушыны қамтып отыр. Бағдат Мусин атап өткендей, Astana Hub Қазақстандағы стар­тап-индустрияның өзегіне әрі түрлі деңгейдегі технологиялық компаниялардың мүмкіндіктер алаңына айналды.