– Икрам Адырбекұлы, Тәуелсіздік алған сәт есіңізде ме? Бұл тарихи оқиғаны қалай қабылдадыңыз? Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қандай қиындықтар болды?
– Қазақстан әлемдегі тәуелсіз елдер қатарына қосылып, құқығы бір, азат, дербес мемлекет болғанына жақында отыз жыл толады. Осы бір тарих өлшеміндегі қысқа уақытта қазақ ұлты ғаламат жетістікке жетті, тұғыры биік, шекарасы шегенделген егеменді ел атанды, өз тағдырын өзі айқындайтын дәрежеге ие болды, халықаралық қоғамдастықта абырой, беделі артты. Ядролық қарудан бас тартып, Азиядағы ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ұйым құрып, әлемде, өңірде бейбітшілік пен өзара сенімнің орныға түсуіне зор үлес қосты. Өткен заманды еске түсіріп, қазіргі еліңіздің жеткен дәрежесін ойласаңыз, қуанышқа бөленесіз, түсіне білген адамға бұл – шындық.
Міне, сол еліміз тәуелсіздігін алған тұста біз орта жасқа келіп қалған болатынбыз. Кеңестік дәуірдің салған жолымен, тәртіп-талабымен өстік, білім алдық, қызмет еттік. Бізге ол қоғам ешқашан өзгермейтіндей көрінетін. Бірақ 80-жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басында тек Қазақстанда ғана емес, жалпы Кеңес Одағының кеңістігінде жүйеге қарсы наразылықтар, қозғалыстар пайда болып, жаппай жетіспеушілік, кедейшілік орын алды, коммунистік идеологияға негізделген қоғамның болашағына көпшілік күмәнмен қарай бастады. Ақыры Кеңес Одағы ыдырап, тарап бітті. Қазақстан орталықпен тығыз қаржы-экономикалық байланысын үзбей, ыдырау процесін соңына дейін сабырлықпен күтті. Асықпаған себебі – бұл процестің қалай да болатыны белгілі еді. Біздің билік көпэтносты елдегі тыныштықты, тұрақтылықты сақтап қалу үшін, асықпай, ақылмен, байыппен әрекет жасады.
Тәуелсіздік алу қай ұлтқа болсын – зор бақыт, басқа қонған бақ. Қазақ халқы үшін бұл – ғасырлар бойы жаугершілікпен өткен ата-бабаларымыздың арманы. Әрине, біз оны терең сезіндік, қуандық, бақытқа бөлендік. Оның артында қанша қиындық бар екенін де іле аңғара бастадық. Қазақстанға бұрынғы орталықтан келетін қаржы мен көмек сап тыйылды. Оның үстіне, сол қиын кезеңде елімізде тұрып жатқан өзге этнос өкілдері өзінің тарихи отанына көше бастады. Олардың көбі еліміздегі ірі кәсіпорындардың жауапты қызметкерлері, жұмысшылары, мамандары болатын. Ал қазақ ұлтының ішінен ауыр өнеркәсіпте бірінші басшы немесе орта деңгейде басшы болып қызмет атқарғандар саны аздау болды. Сондай білікті мамандардың кетіп қалуы көп қиындық туғызды. Әсіресе, Мәскеуден Коммунистік партияның шешімімен тағайындалған ірі кәсіпорын басшылары елдің болашағына күмәнмен қарады, жергілікті билікке аса қолдау білдіре қоймады. Осындай жағдайда ірі кәсіпорындар жұмысшылары Үкіметтен, Мемлекет басшысынан тезірек жағдайды түзеп, жалақы мен зейнетақыны уақтылы беруді талап етумен болды. Билік тарапынан Тәуелсіздікті сақтау үшін көпэтносты халықтың сеніміне кіріп, шұғыл қимылдар, іс-әрекеттер жасау қажеттігі туындады. Сол тұста үкімет жекешелендіру процесін жедел жүргізуге мәжбүр болды деп ойлаймын. Қазақ ұлтынан халықаралық қаржылық ұйымдармен жұмыс істейтін, шеттен қаражат тарта алатын, нарықтық жүйені жетік білетін азаматтар аз болды. Сол күрделі кезеңді сырттан келген бизнес өкілдері ұтымды пайдаланды. Біршама ірі кәсіпорын халықаралық саудада тәжірибесі бар, шетелдік банктерден қаржы тарта алатын, күрделі мәселелерді шұғыл шеше алатын азаматтардың қолына өтіп кетті. Негізгі мақсат – тәуелсіздікті сақтау болды да, сол асығыс қабылданған шешімдер тәуелсіздікке төлеген құнымыз секілді көрінеді маған бүгінде. Дегенмен қазақтың жері бай, асты мен үсті пайдалы қазбаға әлі де толы. Оны игеру болашақ ұрпақтың еншісінде деп ойлаймын. Елімізде заман талабына сай терең білімді, патриот, ұлтжанды жастар өсіп келе жатыр, сол себепті бұл мәселеге оптимистік тұрғыда қараймын.
– Соңғы 30 жылдағы елдің негізгі жетістіктеріне тоқтала кетсеңіз. Әлі де ақсап тұрған салалар қайсы?
– Қазақстанның сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың мойнына өте ауыр жүк түскені баршаға белгілі. Біріншіден, жаңадан пайда болған тәуелсіз мемлекетті халықаралық қауымдастыққа таныстыру, мойындату, Біріккен Ұлттар Ұйымына, басқа да беделді халықаралық ұйымдарға мүше болу, ықпалды мемлекеттерде елшіліктер ашу, олармен тығыз қарым-қатынас орнату секілді жаңа аса өзекті мәселелер туындады. Іштегі экономикалық жағдайдың қаншалықты қиын болғанын жоғарыда айтып өттік. Одан бөлек, шекарамыз әлі ресми белгіленбеген еді, кеңес дәуірінде келісілген шекарадан басқа арнайы шешім, құжат болмады. Мемлекеттің, тәуелсіздіктің тағдырын айқындайтын ең маңызды мәселе – осы шекара мәселесі. Бұрын кеңес дәуірінде Даманск аралында шекараға байланысты Кеңес Одағы мен Қытай арасындағы қақтығыста қанша әскердің мерт болғаны белгілі. Жалаңашкөл тұсында да сондай қақтығыс болды. Бұл сол кезге дейін екі ел арасындағы шекара мәселесінің толық шешілмегенін көрсетеді. Бұрын шекара мәселесі бойынша Қытаймен тек Кеңес Одағы келіссөз жүргізетін болса, енді Орталық Азия мемлекеттері жеке-жеке осы күрделі мәселемен айналысуы керек болды. Ресейдің сол кездегі Президенті Б.Ельцинмен Н.Назарбаевтың жақсы қарым-қатынаста, сыйластықта, достықта болғаны белгілі. Соған байланысты Ресейдің сыртқы істер министрлігі бізге Қытаймен жасалған бұрынғы құжаттарды пайдалануға мүмкіндік берді. Сонымен қатар олар біздің шекараға байланысты ұстанымдарды қолдап отырды. Осылайша, бізде құқықтық негіз болды. Екінші жағынан, Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдың сол кездегі Төрағасы Цзян Цзэминмен тығыз қарым-қатынас, сыйластық, түсіністік, сенім орната білді. Соның нәтижесінде шекара мәселесі ұзаққа созылмай оңтайлы шешіле бастады. Бірінші шекараның сызығын анықтау – делимитация процесі жүрді, одан кейін демаркация жасалды. Осыларға жол ашқан соңғы құжатқа 1996 жылы Цзян Цзэминнің Қазақстанға келген мемлекеттік сапарында қол қойылды. Осылайша Қазақстан – Қытай арасындағы шекара мәселесі түбегейлі шешімін тапты. Жалпы, Қытайдың тарихында бір елмен шекара мәселесін түбегейлі шешіп тастағаны сирек. Жапония, Оңтүстік Корея, Филиппин, Вьетнам, Непал, Үндістан көрші Қытай елімен шекара мәселесін осы күнге дейін толық шеше алмай келеді. Сондықтан Қазақстан – Қытай арасындағы шекараның заңды түрде түпкілікті шешілгенін бағалауымыз керек. Бұл – Тәуелсіздігімізде жеткен негізгі жетістіктеріміздің бірі екені даусыз. Сондай-ақ жеті мың шақырымнан астамға созылған Ресеймен шекара мәселесін шешу, келісімге келу, рәсімдеу де аса өзекті, маңызды болды. Тұңғыш Президентіміз осы бағытта да нәтижелі жұмыс атқарды. Одан бөлек, Орта Азиядағы көршілерімізбен де шекара мәселесінде толықтай келісімге келдік.
Осыған қарап және Тәуелсіздік жылдары жүйелі жүргізілген, аса тиімді болған елдің сыртқы саясатын саралай келе, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болуына Елбасы үлкен дайындықпен келгенін байқайсыз. 1992 жылы қазан айында БҰҰ 47-ші Бас ассамблеясында Нұрсұлтан Әбішұлы тұңғыш рет тәуелсіз мемлекеттің басшысы ретінде сөз сөйледі. Сол мінберде көптеген стратегиялық маңызы бар ұсыныстар жасады. Шындығында, кеше ғана пайда болған егемен елдің басшысының биік мінберден жаһандық, өңірлік, посткеңестік аумақ үшін маңызды мәселелерді көтеруі – үлкен тәуекел. Себебі сондай деңгейде айтылған ұсыныстар ұмытылмайды, әрі қарай жалғасын тауып, іске асуы керек. Сол сессияда Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет Азиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ету үшін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін (АӨСШК) құруды ұсынды. Көріп отырғанымыздай, ол қазір халықаралық беделді ұйымға айналды, бүгінгі күні Азиядағы 28 мемлекет ұйымға мүше. 1992 жылы айтылған ұсыныстың бүгінде осындай дәрежеде іске асуы Елбасының талапшылдығын, табандылығын, өзектілік пен сұранысты болжай білуін көрсетеді. Сонымен қатар Тұңғыш Президентіміз Еуразиялық кеңістікте бірегей қауіпсіздік пен ынтымақтастық аймағын құру туралы сөз қозғады. Сол бағыттағы нәтижелі жұмыстың арқасында 2010 жылы елордада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының саммиті өтіп, Астана декларациясы қабылданды. Ол аталған беделді ұйымның стратегиялық маңызы бар негізгі құжатына айналды.
БҰҰ сессиясында Елбасы Кеңес Одағынан ыдыраған мемлекеттердің арасында кедендік ынтымақтастық құру туралы да әңгіме қозғады. Жоғалған экономикалық интеграция мен байланысты қалпына келтіріп, әрбір елдің мүддесіне жұмыс істеу мәселесін көтерді. Ол кезде енді ғана Кеңес Одағынан тараған, тәуелсіздік алған мемлекеттерде аса қызығушылық болмады. Бірақ уақыт барлығын өз орнына қойып берді. Басында Кедендік одақ құрылса, қазір ол Еуразиялық экономикалық одаққа ұласып отыр.
Елбасы сол БҰҰ сессиясында шекара бойында қауіпті, қысымды азайтып, ынтымақтастық орнату мәселелерін де көтерді. Бұл кейін Қытай басшысы Цзян Цзэминнен қолдау тауып, Шанхай ынтымақтастық ұйымының құрылуына алып келді. Бүгінгі күні бұл – шекаралас елдер арасындағы сенімді, ынтымақтастықты, достықты қамтамасыз етіп отырған беделді халықаралық ұйым.
Жалпы, бір қоғамнан екінші қоғамға өту – өте күрделі процесс екендігі тарихтан белгілі. Барлығын түбегейлі бұзып, қайта құрастыру деген оңай шаруа емес. Сондықтан да Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерімізге қарамастан, проблемалар әлі де жеткілікті. Мысалы, территориямыздың үлкендігіне, әлемдік нарыққа жеткізетін көлік жолдарының қымбаттығына байланысты бізде шығарған өнімдердің құны жоғары, әлемдегі бәсекелестікке төтеп беруі қиын. Осыған байланысты қазір Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарапайым заттар экономикасына бетбұрыс жасау үстінде. Сонымен қатар бізде өндірілетін негізгі шикізат – мұнай, газ, металл болсын, терең өңдеуді қолға алуды талап етіп отыр. Міне, осы бағытта Үкімет нақты жұмыс жүргізіп жатқандай көрінеді маған.
– Еліміздегі билік трансфері, Қазақстанның ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастығы туралы ойыңыз қандай?
– Біздегі билік транзиті тиісті дайындықпен, байыппен, байсалды өтті деп айтуға болады. Өйткені, Елбасының таңдауы елдегі ішкі жағдайды, барлық саланы жақсы білетін, елге еңбегі сіңген, халық сенетін, құрметтейтін азаматқа түсті. Ол – Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Ол Премьер-Министр болды, елдегі проблемаларды терең біледі. Бұрынғы БҰҰ-ы Бас хатшысының орынбасары ретінде халықаралық қоғамдастықтың бүгінгі жағдайынан толық хабардар, сол ортада беделді саясаткер. Транзиттік кезеңде осындай тұлғаның елдің басшысы болуы – үлкен жетістік, маңызды тарихи шешім. Қасым-Жомарт Кемелұлының алғашқы қадамдарынан осы мәртебелі қызметіне тиісті дайындықпен келгенін байқайсыз. Менің пайымдауымша, осы екі жылда билік те, халық та өзгерген секілді. Халықтың үніне құлақ асатын мемлекет деген ұғым, талап пайда болды. Шынында солай. Қазір билік басындағы азаматтар халықпен тығыз байланыста болу үшін ақпараттық технологияны кең пайдалануға көшті, жариялылық күшейді. Арыз-шағымдар аяқсыз қалмайтын болды. Бұл – қоғамдағы жақсы өзгеріс. Білім, медицина саласына ерекше мән берілді. Мұғалімдердің дәрежесі артып, жалақылары екі есеге дейін көбейді. Кезінде Нұрсұлтан Әбішұлының медицина саласына озық технологияларды енгізу бағытындағы бастамалары, талабы бүгінде жемісін беріп отыр. Оған қоса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру, әлеуметтік қолдау көрсету мәселелерін де жолға қойды. Қазақстанның тұңғыш рет COVID-19 індетіне қарсы вакцина шығаруы – үлкен ғылыми жетістік. Оны халықаралық қоғамдастық та жоғары бағалап отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметінде алғашқы күннен басшылыққа алған сабақтастыққа келер болсақ, елімізде тұрақтылық, тыныштық, сыйластық, бейбіт өмір сақталып қалды. Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында айтып өткеніндей, біздің барлық сала бойынша жетістігіміз бар, жастарымыз білімді, технология мен техниканы жетік меңгерген, әлемнің озық жоғары оқу орындарында білім алып, дүние жүзін аралап көріп жүр. Алайда әлі де болса, ұлттық рухани болмысымыз, ішкі дүниеміз көп өзгере қойған жоқ. Баяғы сол немқұрайдылық, көп нәрсеге шүкіршілік етіп, ізденбеу, алға жылжымау, көзбояушылық та бар, жемқорлық та өршіп тұр. Сол себептен Президент Жолдауында ұлттың сапасы деген ұғым айтылды. Шынында жер қойнауындағы байлық қанша көп болғанымен, соны дұрыс пайдаланып, игілікке жарату үшін – терең білім мен біліктілік, Отанға деген сүйіспеншілік, дін, тіл, туған жерге деген құрмет керек-ақ. Мысалға, қазір инвестиция тарту туралы көп айтамыз. Негізінде, оның екі жағы бар. Біріншісі, барынша іштегі мүмкіндіктерді пайдалану, ел азаматтарын мемлекеттің, жердің байлығына ие ету, оларды өсіру, қолдау, бәсекелестік қабілетін жоғары деңгейге жеткізу. Өйткені, өзімізден шыққан инвесторлардың жөні бөлек. Өзінің кіндігі байланған, тамырын терең жайған жердің, елдің дәстүрін, тарихын, тілін, дінін қадірлейтін азамат өз отбасының, ұрпағының болашағын осы елмен байланыстырады. Ол тапқан дүниесін отбасымен қатар, өз елінің игілігіне жаратады. Ал енді сырттан келген инвестордың мақсаты – барынша байлық табу, сол байлықты елден еркін шығарып, қай жерде пайдалы болса, Африка ма, әлде Латын Америкасы ма, сол елге барып салу, одан тағы пайда табу. Былайша айтқанда, ол – ғаламдық сферада жүрген адам. Ал бізге керегі – отандық инвестор. Біздің елде де бай-бақуатты адамдар көп болуы керек. Менің түсінігімше, егер елде ұлттық экономикалық тәуелсіздік болмаса, саяси тәуелсіздік те болмайды. Барлығының негізі экономика, қаржы болғандықтан, байлыққа кім ие болса, сол адам саяси шешімдерге де әсер ете алады. Меніңше, Қасым-Жомарт Кемелұлының осы бағытта көп ойлары бар екендігі анық. Бір сөзінде Президент ірі кәсіпорындардың валюталық қаржылары біздің елдің банктерінде емес, шетелде сақталатынын айтып өтті. Сенімсіздік бар. Қай секторды алсаңыз да бетондап тастаған монополия деген пікір айтылды. Соның барлығын реттеу, бір жүйеге келтіру үшін Президент арнайы орган құрып, тиісті шешімдер қабылдады. Осы проблемалардың бәрі болашақта Президенттің табандылығымен, талабымен шешілетін болар деген үміттемін.
– Қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі – жемқорлық дедіңіз. Оған қарсы күрес туралы не айтар едіңіз?
– Әлемде бұл бағытта жетістікке жеткен мемлекеттер бар. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – өмір бойы мемлекетке қызмет ету, бар саналы ғұмырын соған арнау деген сөз. Олай болса, мемлекет өз қызметкерінің еңбек еткен кезі мен зейнетке шыққандағы өміріне жауапты болуы керек. Екіжақты жауапкершілік: сіз мемлекеттің алдында жауаптысыз, ал мемлекет сізге тұрмыста мұқтаж болмауыңызға, бала-шағаңыздың жеткілікті жағдайда өмір сүруіне және зейнетке шыққанда қамсыз болуыңызға жауапты. Ал енді бүгінде жас маман келіп қызметке орналасады, жалақысы төмен, баспанасы жоқ, отбасымен бірге жалдамалы пәтерде тұрады. Ол қалай күн көреді? Осы жөнінде озық мемлекеттердің тәжірибесі бар. Мысалы, жалдаған пәтерінің ақысын төлеу, қызметтік пәтер беру, балаларына қосымша қаражат бөлу. Осындай қамқорлық барын білген қызметкер мемлекет, халық үшін аянбай, алаңдамай қызмет етуге даяр болатыны сөзсіз. Ал егер оның тапқан айлығы шайлығына жетпей жатса, балалары жетіспеушіліктен көздері мөлдіреп қарап отырса, мұндай жағдай оны жемқорлыққа итермелейді. Алайда жоғары лауазымдағы қызметкердің табысы жеткілікті бола тұра, жемқорлық қылмысқа баратын болса, оны ақтау мүмкін емес, ол тиісті жазасын алуы керек. Дегенмен, әр адамның қасына күзетші қоя алмаймыз. Негізінде қоғамның өзі жемқорлыққа төзбеуі керек, жемқорлықпен күрес – тек мемлекеттік органның міндеті ғана емес, әр азаматтың парызы, жауапкершілігі. Әлемдік тәжірибеге қарасаңыз, саяси партиялар дербес, табанды, халыққа жанашыр, ұстанымы берік, олигарх топтармен байланысы жоқ болған кезде, бір-бірін аңдып-ақ жемқорлыққа жол бермейді. Олар бір жағдай бола қалса, дабыл қағып, жемқорды халыққа әшкерелеп, оның болашағына балта шауып тастайды. Бұл енді қоғамның даму дәрежесіне байланысты. Біз қазір осы бағыттағы жұмыстың басындамыз.
– Қазіргі жаһандану үрдісі барысында ұлттық құндылықтарымызды қалай сақтаймыз?
– Жаһандану үрдісінде үлкен өзгерістер болып жатыр. Әр мемлекет өзінің ұлттық мүддесін қорғауға көшті. Соған сәйкес Дүниежүзілік сауда ұйымының беделі түсіп кетті, ол бұрынғыдай бәрін реттеп отыратын функциясынан айырылуға жақын. Бұл – бір жағдай. Екінші жағдай, жалпы халықаралық қатынастар да үлкен өзгерістерге ұшырады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан халықаралық құқық бұзылды. 1994 жылы желтоқсан айында Будапештте БҰҰ Қауіпсіздік комитетіне кіретін мемлекеттер ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан мемлекеттерге территориясының, шекарасының мызғымастығына кепілдік берген болатын. Енді қазір сол декларация сақталмай отыр. Алысқа бармай-ақ оны посткеңестік елдердің бүгінгі жағдайынан көруге болады. Ірі, алпауыт мемлекеттер басқа елдердің ішкі ісіне тікелей араласатын заман туды. Міне, осындай жағдайда Қазақстанның тәуелсіздігін, егемендігін, дербес саясатын сақтап қалу – ел мен ел басшылығы үшін аса зор жауапкершілік, ерекше күрделі міндет.
Ұлттық құндылықтарды сақтауға келсек, ұлттық тілде, болмыста, ортада тәрбие алған, тарихына, ата-анасына құрметпен қарап, ұлтқа тән дәстүрлерді сақтап өскен бала Батыстың бүгінгі жағымсыз үрдістеріне төтеп бере алады. Ал ондай тәрбие көрмеген бала еліктеп, солардың ықпалына, қармағына түсіп қалады. Сондықтан рухани жаңғыру, ұлттық сапаны арттыру керек деген ел Президентінің бүгінгі талабы осыдан шығады. Тарихымыз, дәстүріміз, дініміз бен тілімізді терең біліп, құрметтесек қана ұлттық құндылықтарымыз сақталып, дамып, жапондар сияқты сырттан келетін келеңсіз дүниелерге, ағымдарға төтеп бере алатын иммунитеті бар ұлтқа айналамыз.
– Сіз көп жылдар бойы елшілік қызметте болып, еліміздің халықаралық аренадағы имиджін қалыптастыруға еңбек еттіңіз. Осы жөнінде не айтасыз?
– Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін Елбасының сыртқы саясатта да кең ауқымды жұмыс атқаруына тура келді. Әлемдік, өңірлік қауіпсіздікті сақтау, дамыту мақсатында көптеген бастамалар көтеріп, ел астанасында халықаралық деңгейдегі форумдар өткізуді қолға алды. Соның нәтижесінде қысқа уақытта Қазақстан, ел астанасы халықаралық қауымдастықта кеңінен танылды, мәртебесі артты, үлкен сенімге, абыройға ие болды.
Ендігі басты мақсат – тәуелсіздігімізді тұғырлы ету, еліміздің егемендігі мен қауіпсіздігін нығайту, сыртқы саясатты байсалдықпен, берік ұстаныммен жүргізе отырып, елдегі ішкі тұрақтылықты, бейбіт өмірді сақтау, дамыту, жасампаз еңбекті қамтамасыз ету. Ол – еліміздің жарқын болашағының кепілі. Осы бағытта баршамыз өз үлесімізді қоса берейік. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Меруерт БҮРКІТБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»