Орталық зерттеушілерге, студенттерге, оқушылар мен ғылымға қызығушылар үшін дереккөздермен, білім беру материалдарымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Келушілер үшін «Қаныш әлемі» порталы, «Satpaev AI» қосымшасы, кітапханалық ресурстар, бейнедәрістер мен архивтік материалдар қолжетімді. Бұл ресурстар жүйелі түрде жаңартылып, толықтырылып отырады. Болашақта «Қаныш әлемі» платформасы Сәтбаев есімімен байланысты мектептердің, музейлердің, кітапханалар, институттар мен ғылыми орталықтардың қорларын біріктіретін бірыңғай білім орталығы ретінде дамитын болады.
«Қаныш әлемі» порталы мен сайтында Қаныш Сәтбаевтың іргелі 10 томдық шығармалар жинағы, сондай-ақ М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтымен бірлескен жоба аясында дайындалған академиялық еңбектерінің толық 5 томдық жинағы бар.
Цифрлық экожүйесінде геология мамандығының студенттері әзірлеген «Satbayev AI» қосымшасы жұмыс істейді.
Орталық Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған республикалық іс-шаралар жоспары аясында Сәтбаев университетінің профессоры Бақытжан Амралинованың жетекшілігімен жүргізілген «Академик Қ.И.Сәтбаевтың ғылыми-мәдени мұрасын зерттеу – Қазақстанның ғылыми мектептерін дамыту жолы» атты бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасын іске асыру нәтижесінде ашылды. Жоба ғалымның мұрасын жүйелі түрде зерттеуге, сақтауға және насихаттауға мүмкіндік беріп, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуде дереккөзге қолжетімділікті қамтамасыз етеді.