Қоғам • 16 Шілде, 2021

Серікжанның серті

613 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Мені жіберме» («Не отпускай меня»). Тым ауыр фильм. Кәмелетке кеше ғана толған Серікжан жан-жүрегімен түсіне отырып, бір демде көріп шыққан. Кейбіреулер бұл фильмнен кейін өз-өздеріне келе алмай, күйзеліске ұшырапты. Бұл – есімі жалпақ әлемге таныс жазушы Кадзуо Исигуроның Never Let Me Go романының желісімен түсіріліп, 2010 жылы көременге жол тартқан кинотуынды. Үржарлық Серікжан Қажытай осы киноны көрген соң кітабын тауып алып, жата-жастана оқыпты. Кейін бүтін бір романды қазақшаға аударып, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанды.

Серікжанның серті

О баста ол шығарманы бәлендей байқауға қатыса қояйын деп аудармаған. Өзі сезініп оқып шыққан соң әдебиет әлеміне серпіліс әкелген жапон жазушысын қазақ жастары да оқысын деген ниетпен қолға алыпты. Әлемге белгілі Кадзуо Исигуроның шығармасын аудару үшін үлкен еңбек, зор жауапкершілік керек-ақ. Бәрінен бұрын өзіңе деген сенім болуы тиіс. Жауапкершілік пен сенім, жастық жалын болған соң да Серікжан Қажытай компьютердің алдына жайғасқан. Романның әр жолын қарындашпен жүргізе оқып, аудара бастаған.  

Әлемді дүрліктірген бұл нендей шығарма дейсіз ғой. Ағылшын, орыс тілдерінде шыққан соң қазақтілді аудитория оқымауы әбден мүм­кін. Олай болса, романның желісіне қысқаша тоқталып өтейік. Жапон жазушысының «Мені жіберме» кітабы 2005 жылы басылып, оқырман қауымның көңілінен шыққан. Роман Кэти есімді әйелдің естеліктері түрінде жазылған. Кітапта өткен ғасырдың соңында Ұлыбританияда адамдарды клондап, донорлық органдарын алу туралы жазылған. Демек, белгілі бір адамды мәңгілік өмірге бір табан жақындату. Ондағы балалар сыртқы әлемнен оқшауланған. Ата-аналары да жоқ. Жанры – дистопия.

Міне, осындай ауыр шығарманы Серікжан Қажытай күніне екі-үш беттен бір жыл ішінде тәржімалап, кітап етіп қаттады. Көбінесе бестселлер шығармалар орысшаға аударылғанымен, қазақтілді аудиторияға жетпей жататындығы шын ғой. Ал әлемнің дамыған елдерімен тереземіз тең болсын десек, рухани байлықты да ұмытпауымыз керек шығар.

Серікжан жас болғанымен, ойы терең, өре­сі жоғары. Абай жазып кеткендей, «білсем, көрсем» деп туған азамат. 1997 жылы Үржар ауданы Тасбұлақ ауылында дүниеге келіпті. Кішкентайынан жыр-дастандарға, ертегілерге әуес болды. Мектепті тәмамдаған соң Семейдегі М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжге түсті.  Аудандық, қалалық, өңірлік, республикалық  мүшәйраларда бірнеше рет топ жарған. Жазған өлеңдері мерзімді басылым беттеріне үнемі шығып тұратын. «Айтуар – Бойтұмар» антологиясына да енген екен. Халықаралық «Есенин оқуларының» лауреаты. Халықаралық демекші, Серікжан елдегі ақын-жазушылармен қатар, шетелдік қаламгерлермен де тығыз қарым-қаты­наста. Әдебиет әлеміне біржола бет бұруына себепкер болған да «Пастернак» сыйлығының иегері Хусто Хорке Падрон еді.

– Падрон мырзамен жолыққанда қазақ қалам­герлерінің шығармаларын испан тіліне аударып, ұлы Абайды бастағалы  жүрген кезі еді.  Сол кезде Падрон мырзаның көзінен Абайға, қазақ әдебиетіне деген құрмет пен сүйіспеншілікті байқадым. Ойлап қарасаң, қазаққа үш қайнаса, сорпасы қосылмайды. Әр сөзінде Абайдан мысал келтіруге тырысты. Өлгенше Абайды аударып өтемін дегеніне риза болдым. Сөйтіп кездесуден кейін түбегейлі аудармаға бет бұрып, сол жолда өле-өлгенше еңбек етуге іштей серт еттім, – дейді Серікжан Қажытай.

Елге қызмет етуді ұран еткен жас аудармашы бүгінде Үржар ауданында жұмыс істейді. Қазақ тіліне Кадзуо Исигуроның «Жоғалтып алма сен мені» романымен қатар, әлем халықтарының ертегілерін де аударған. Еңбектің арқасы ғой, биыл «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы­ның жеңімпазы атанды. Ендігі арманы – қазақстан­дық авторларды шетелге насихаттау үшін Әдеби агенттік құру. Айтуынша, оқылымы ең көп туынды – «Гарри Потер» әдеби агенттіктер арқы­лы тараған екен. 

– Менің Әдеби агенттік құру туралы ұсы­нысыма орай, Мәдениет министрлігі қаржы­ландыру жағынан көмек қолын созамыз деп отыр. Бұйыртса, тас-түйін дайындалып, тамызда ашамыз. Әзірше бұл агенттікті ауылда ашып, алдағы уақытта провинциялық әдебиетті дамытсақ деп отырмыз. Жазушылар қолдау білдіріп жатыр. Мәселен, жапондықтар әдебиетке жауапкершілікпен қарайды. Әлемдік әдебиетке серпіліс әкелген де солар. Мысалы, 20 ғасыр ба­сында әлемдік әдебиетке Акутагава Рюноскэ ке­ліп, новелла жанрын бастады. «Тозақ оттары». Ғаламат шығарма. Кейін оның ізбасарлары келді. Бізде де бір серпіліс болып қалар, – дейді Серік­жан Ержанұлы.

Жас қаламгер аудармамен ғана шектелмей, кейін өз ойын, мінсіз қоғам келбетін, мін­сіз адамдар туралы көңілге түйгендерін қағаз­ға түсіргісі келеді. Әзірше, Томас Мурдың шығар­маларын зерттеп жүр. Серікжанның әдебиетке деген мұншалықты қызығушылығы қайдан десек, нағашы әжесінің туған ағасы Тұрысбек Құдайбергенұлы жазушы, этнограф болған кісі екен. Кісікиік жайында мақалалар жазып, зерттеулер жүргізген ерекше адам болған көрінеді. «Жігіттің жақсысы – нағашыдан» деген осы шы­ғар. Болашағынан зор үміт күттіретін азаматымыз әдебиет әлемінде өз орнын ойып тұрып алуы тиіс.

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Үржар ауданы