Аймақтар • 16 Шілде, 2021

Батыс Қазақстанда бір күнде 5179 адам екпе алды

149 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі күйінде тұр. Соңғы аптада аурушаңдық деңгейі 13%-ға өскен. Өңірде халықтың жаппай екпе алу қарқыны да жоғарылады деп хабарлайды Egemen.kz.

Батыс Қазақстанда бір күнде 5179 адам екпе алды

Пандемия басталғалы бері облыста 27 819 адам коронавирусқа шалдыққан болса, биылғы шілде айының басынан бері COVID-19-ды 2836 батысқазақстандық жұқтырғаны анықталды. Былтырдан бері осы дерттен 458 адам көз жұмды.

Әсіресе соңғы аптада өткен аптамен салыстырғанда аурушаңдық деңгейі 13%-ға өскені байқалған. Ауырғандар Орал қаласында, Бәйтерек, Бөрлі ауданында көп.

Карантиндік талаптарға байлапнысты Ресей Федерациясымен арадағы мемлекеттік шекарадан өтушілер қатаң бақылауға алынған. 1 шілдеден бастап облыс аумағындағы шекара бекеттерінен барлығы 19375 адам өтсе, соның ішінде 2 жолаушыдан, 8 жүргізушіден коронавирус анықталып, оқшауланған. Ай басынан бері өңірде 34 503 мәрте ПТР зерттеуі жасалыпты.

Соңғы апта ішінде мониторинг топтар елдімекендерде 285 рейд жүргізіп, 1166 нысанды тексерген. Соның 24-інде карантин тәртібі бұзылғандығы анықталып, 29 хаттама бойынша кінәлілерге 2 771 150 теңге айыппұл салынған.

Қазір өңірде барлығы 602 нысан «Ashyq» қосымшасы бойынша қызмет көрсетеді. Соңғы аптада «қызыл» мәртебесі бар – 5, «сары» мәртебесі бар – 8 адам анықталып, жеке тұлғаларға 306 285 теңге көлемінде айып салынған.

Елдегі және өңірдегі күрделі эпидемиологиялық ахуалды көріп отырған тұрғындар алдын ала екпе алудың пайдасын түсіне бастаған сыңайлы. Вакциналау ісі облыста биылғы 1 ақпанда басталған, қазір өңірде 66 екпе бекеті жұмыс істеп тұр. Облысқа вакцинаның 320 050 дозасы келіп түскен, оның басым бөлігі ресейлік «Спутник V» болса, 7 мың доза «QAZVAС», 50 мың доза «Hayat - Vax» және Қытайда өндірілген 16 мың доза «CoronaVac» вакцинасы бар.

«Жалпы облыс көлемінде вакцинаның І компонентімен 147 610 адам егілді. Екпенің қос компонентін алған батысқазақстандықтардың саны 80 970 адам. Маусым айы басталғалы халықтың вакцина алу ырғағы артты. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін емханалардағы егу пункттері сағат 23.00-ге дейін жұмыс істеп тұр. Айта кетейік, 12 шілде күні облыс аумағында 5 179 адам екпе алды, бұл әзірге рекордтық көрсеткіш», дейді Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибеков.

 

Батыс Қазақстан