Спорт • 18 Шілде, 2021

Қарсы ал, Токио, қазақстандықтарды!

915 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бес жыл тағатсыздана күткен XXXII жазғы Олимпия ойындарының басталуына санаулы күн қалды. Иә, осы жолы төртжылдықтың басты додасын бес жыл күткенімізді білесіздер. Бастапқыда Токио Олимпиадасы 2020 жылдың 24 шілде мен 8 тамыз аралығына жоспарланған-ды. Алайда пандемияға байланысты Халықаралық Олимпиада комитеті 2020 жылдың 24 наурызында Олимпиаданы «2020» жазуын сақтай отыра бір жылға (2021 жылы 23 шілде мен 9 тамыз аралығы) кейінге шегерді. 

Қарсы ал, Токио, қазақстандықтарды!

Әбігерге түсірген шектеулер мен қатаң талаптар

«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек», демекші Токио Олимпиадасының талабы мен тәртібі, сән-салтанаты да басқа Олимпия ойындарынан өзгерек болатын түрі бар. Бұл бұрын-соңды болмаған ең инновациалық Олимпиада болады деген ұйымдастырушылардың уәдесін былай қойғанның өзінде, коронавирустың «кінәсінен» көптеген шектеулер мен қатаң талаптар қойылатыны түсінікті. Сол қатаң талаптарды біз алғашқы сәттерден-ақ бас­тан өткеріп жатырмыз. 

«Олимпиадаға баратын тілшілердің тізіміндесіз», деп Ұлттық Олимпиада коми­тетінің жауапты адамдары хабарласқанда қуаныштан төбеміз көкке бір елі жетпей қалғанын несіне жасырайық. Алайда пандемияға байланысты жүріп-тұру ере­желерінің мұнша қатаңдатылатынын ол кезде болжай бермедік. Елімізге аты жаман ауру келген бір жарым жылдан аса уақыттан бері тапсырған барлық меди­циналық талдауларымыз бен ПТР тесттің нәтижесін жинап, тіпті бір кездері бұл вирусты біз де жұқтырып, бүгінде қанымызда оған қарсы денелердің барын айғақтайтын қан талдауынан да өттік. Одан бөлек елордадан Алматыға ұшарда, қонақүйде, «Ақ бұлақ» олимпиадалық орталығында бірнеше рет ПТР тест тапсырдық. Токиоға келгеннен кейін де жур­налистер қауымы ПТР сынамасынан тағы да өтті де, Sotetsu Grand Freza Tokyo-Bay Ariake қонақүйінде үш күнге карантинге жатқызылды.  Әрине, мұ­ның барлығы – өзіміз үшін, қоғам үшін және үлкен додада сынға түсетін спорт­шыларымыздың қауіпсіздігі үшін жасалып жатқан шара. Сондықтан қатаң талап пен тәртіпке түсіністікпен қарап, тіпті оған ептеп етіміз үйреніп қалған жайы бар.

Boeing 767 ұшағына отырған Олимпиа­далық комитеттің жауапты адамдары бар Қазақстан делегациясы Алматыдан 16 шілде күні түнгі сағат 23:00-де көкке кө­терілді. Әуеде жеті сағаттан астам жол­ды артқа тастап, Жапония астанасы ‒ Токиоға жергілікті уақытпен 9:15-те (Нұр-Сұлтан уақыты 6:15) жетті. Токио­дағы халықаралық екі әуежайдың бірі – «На­рита» құдды бір алып шаһардай көрінді. Ол Токиодан шығысқа қарай 75 шақырым жердегі Нарита қаласында орналасқан. Бұл жерде де әрбір адам қатаң бақылауда болады екен. Құжаттарды тексеріп боламын дегенше «Наритада» төрт сағаттан аса уақытты жұмсадық. Бірақ түсінбеген жеріңді түсіндіріп, баратын жеріңе соңына дейін апарып көмектесіп тұрған әуежай қызметкерлері,  Хоу Хао (айтуы бойынша жазылды – автор.) бастаған еріктілері де жоғары деңгейде қызмет етуден жа­лықпады.

Сондай-ақ спортшыларды кім күтіп алғанын білмеймін, бізді Жапонияда бірнеше жылдан бері тұратын Әбдіқадыр деген қандасымыз күтіп алды. Күншығыс елінде дәрігер болып қызмет ететін Әбді­­қадыр бауырымыз бізбен бірдей төрт сағат­тан аса әуежайда болып, бар­лық жағ­дайымызды жасаумен қатар, тіл­маш қызметін де қоса атқарып жүрді. Әуе­жай­­дағы толассыз тексерістен кейін, бізді ол Sotetsu Grand Fresa Tokyo қонақүйіне дейін алып келді.

Жапонияның өз «сиқыры» бар

Жалпы, не сыры барын кім білсін, Жапо­нияның өз «сиқыры» бар сияқты. Жапон жерінде өтетін Олимпиадаға әй­теуір бір кедергі шыға қалатыны бар. Жо­ға­рыда айт­қанымыздай, бұл жолы коро­­на­ви­рус­тың кесірінен кейінге шегерілсе, Күн­шы­­ғыс елінің астанасына бұған дейін бел­­гі­ленген үш Олимпиада да өз уақытын­да өтпепті.

1940 жылы Жапония бірден екі Олим­пиа­даны өткізуге дайындалып жатты: Токиода – жазғы және Саппорода – қысқы. Алайда көптен күткен спорттық іс-шара­дан үш жыл бұрын Жапония Қытайға қарсы соғыс бастаған еді. Жапония империясы елге соғыс қимылдарын жүргізуге күш керектігін алға тартып, дүбірлі доданы өткізуден бас тартты.

1964 жылы жазғы Олимпиаданы өткізу құқығын Токио бәрібір жеңіп алды. Бірақ тағы да кедергі. Бұл жолы Олимпиаданың өтетін уақыты өзгерді. Оған себеп – шілде-тамыз айларында Жапонияда ауа райы қатты ыстық болатындықтан, жарыс барысында спортшылар үшін қолайсыздық тудыруы мүмкін. Ал қыркүйек айында тайфунның маусымы басталады. Сол себепті ұйымдастырушылар Олимпия ойындарын 10-24 қазан аралығында өткізуді ұйғарды. Ал араға 32 жыл салып, 1972 жылы Саппорода қысқы Олимпиада өтті. 

Олимпиада көрерменсіз өтеді. Бірақ...

Осы жолы Олимпиадада 33 спорт түрінен 339 медаль жиынтығы сарапқа салы­­нады. Бұл – Рио Олимпиадасынан 33 медаль жиынтыққа көп. Токио Олимпиа­дасы­на жаңадан бес спорт түрі енді. Олар: бейсбол/софтбол, каратэ, серфинг, спорт­тық құзға өрмелеу және скейтбординг.

«Токио-2020»-ның тағы бір ерекшелігі – көрерменсіз өтеді. Төрткүл дүние дүбіріне құлақ түрген доданың ең өкініш­тісі де сол. Жапония астанасында 8 шіл­деде енгізілген төтенше жағдай 22 та­мыз­ға дейін жалғасады. Бастапқыда пан­­демияға байланысты Ойындарға шет­елдік жанкүйерлерді жібермеу туралы шешім қабылданған-ды. Жарыстарды өткізуге жауапты жапон министрі Тамае Ма­рукава хабарлағандай, енді жер­гілікті көрермендер де жарысты тамашалай алмайды. Олимпиаданың ашы­лу және жабылу салтанаттары да көпшіліктің қатысуынсыз өтеді.

Спорттың 27 түрінен 97 жолдама

Қазақстандық спортшылар Токиода өтетін жазғы Олимпия ойындарына спорт­тың 27 түрінен 97 жолдама жеңіп алды. Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитеті Токио Олимпиадасының іріктеу және рей­тингтік жарыстары аяқталғаннан кейін қо­рытынды шығарды. Нәтижесінде, біздің олим­пиадалық құрамға 96 спортшы енді. Бұл цифр алдыңғы Олимпия ойын­дарының қатысушыларынан төмен болғанымен, дәл қазіргі қиын жағдайды ескерсек, тәуір нәтиже екені сөзсіз.

Қазақстан тұңғыш рет Олимпиада бағдарламасына жаңадан енген спорт түр­лері, атап айтқанда, спорттық құзға өрмелеу және каратэ бойынша қаты­сады. Жәй қаты­сып қана қоймай, Дар­хан Асаділов, Нұр­қанат Әжіқанов, Данияр Юл­дашев, қыз­дардан Мөлдір Жаң­быр­­бай мен Софья Бе­рульцева сынды әлем­де көшбасшы қата­рында жүрген каратэшілерге сенім ар­тылып отыр. Құзға өрмелеуден Ришат Хай­буллин де осал емес. Бағы мен бабы қатар шапса, алар асуы жоғары болары сөзсіз.

Токиода жеңіл атлет Ольга Рыпа­кова олимпиадалық құрамның көш­бас­­­шысы болатыны сөзсіз. Бұл – Оль­га­ның спорттық мансабындағы төртін­ші Олим­­пиада. Бүгінде Ольганың қоржы­нында Олимпиада медальдарының толық жиынтығы бар.

Су добынан ерлер құрамасы коман­далық ойын түрлерінен жарысқа қаты­сатын қазақстандық жалғыз құрама болып отыр. Олар Олимпия ойындарына сегіз жылдан кейінгі үзілістен соң оралды.

Кімдерге сенім артамыз?

Қамшыбек Қоңқабаев бастаған бокс­тан ерлер командасы толық құраммен, сегіз салмақ бойынша қатысады. Бұлардың қатарына қыздар арасында жалғыз жол­дамаға ие болған Надежда Рябецті  қосы­ңыз. Сонымен, ел қоржынындағы тоғыз жолдама боксшылардың еншісінде.

Гимнаст Милад Карими жалғыз өзі жеті жолдама алып, іріктеу кезеңін сәтті аяқтады. Кезінде жерлесіміз Ернар Ерім­бетов жалғыз өзі дүбірлі додаға қатысып, тәуір нәтижеге қол жеткізгенін көрдік. Миладқа Ернар ағасынан асып түсіп, Олимпиаданың биік мінберінен көрінсе деген тілек білдіреміз. Сондай-ақ жүзуден біз үш жолдаманы иелендік. Оның екеуі Олимпиада чемпионы Дмитрий Балан­динге тиесілі.

Отандасымыз Руслан Құрбанов Халық­аралық семсерлесу федерациясының жеке рейтингі бойынша құрлықтық квотаны жеңіп алған алты спортшының қатарына енді.

2004 жылы өткен Афина Олимпиа­дасынан кейін араға 17 жыл салып, Қазақ­станның үш велошабандозы топтық жарыста бақ сынайды. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге команда көшбасшысы Алек­сей Луценконың қосқан үлесі зор екенін айта кеткен жөн. Ол Қазақстанға жал­пы алғанда Азия құрлығының бірде-бір мемлекеті еншілемеген ұпайды әкел­ді. Сондай-ақ тректегі велоспорт (спринт, омниум және кейрин) бойынша жер­лес­теріміз үш лицензия жеңіп алды. Айта кетер­лігі, спорттың бұл түрі бойынша жол­дама Қазақстан үшін тарихи болып есеп­теледі. Себебі осы уақытқа дейін қазақ­стандық спортшылар аталған велоспорт түрі бойынша Олимпия ойындарына қатыспаған.

Садақ атудан 20 жылдан кейін алғаш рет Қазақстаннан үш садақшы Олим­пиа­дада командалық жарыста бақ сынайды. Бүгінде 11 жолдама балуандарға тиесілі болса, жеңіл атлеттер де осы шамада лицензия жеңіп алды. Теннисшілер жеті, ал бай­дарка мен каноэде есуден алты жол­дама – қоржында. Рейтингтік жарыс­тар нәтижесі бойынша дзюдошылар алты жолдаманы иеленді. Токио төрінде бел­десетін татами шеберлерінің арасында тәжі­рибелі, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов те бар.

Үстел теннисінен Қазақстан құрама­сының еншісінде қос жолдама, сондай-ақ таэквондо мен слаломды есу бойынша спортшылар екі лицензия алды.

Бірінші рейспен Токиоға «Ақбұлақ» олимпиадалық базасынан каратэшілер, садақ атушылар, үстел теннисі мен семсерлесу командасы, ауыр атлеттер мен бокс­­шылар, өзге де жаттығу базаларынан жүзу спортының, су добы спортының өкіл­дері, жеңіл атлеттер, велошабандоз­дар, стенд ату мен нысана көздеуден құра­ма командалар, сондай-ақ дзюдошылар келді.

Қалған 43 спортшы 28 шілдеге жоспар­ланған екінші рейспен Жапонияға жолға шығады. Олардың қатарында балуандар, көркем гимнастика, әртістік жүзу, бессайыс және жеңіл атлеттердің бір бөлігі бар.

Жапон еліне жетіп алған соң ендігі маңыздысы – спортшылардың жергілікті климатқа тез бейімделіп, жауапты жарысқа тың күшпен шығуы. Олимпиадаға 4 жыл емес, 5 жыл дайындалған спортшы­лары­мыздың бабы нашар дей алмаймыз. Ал спортшыларымыздың бабы мен бағы қатар шапса, жоғары нәтижеге қол жеткіземіз деген үміт мол. Біз өз кезегінде елге ақ­жол­тай cүйінші хабарды таратуға асықпыз.