10 Қаңтар, 2014

Папа Франциск – жыл адамы

255 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жаңа жыл жаңа басталды. Содан да өткен жылғы басты оқиғалар ойға орала береді. Сондай оқиғаның бірі, америкалық аса беделді «Тime» журналының журналистері мен сарапшыларының пікірінше, Рим папасы Францисктің жыл адамы болып таңдалуы болып табылады.

Дүбірге толы дүние

Жаңа жыл жаңа басталды. Содан да өткен жылғы басты оқиғалар ойға орала береді. Сондай оқиғаның бірі, америкалық аса беделді «Тime» журналының журналистері мен сарапшыларының пікірінше, Рим папасы Францисктің жыл адамы болып таңдалуы болып табылады.

«Time» журналының жыл адамын таңдауы өткен ғасырдың басынан бері созылып келе жатқан дәстүр. Оны әлемдік саяси орта мойындаған. Оның қағидаты: «өтіп бара жатқан жылдағы оқиғаларға барынша ықпал еткен тұлғаны айқындау». Журнал журналистері мен сарапшыларының биылғы таңдауы – папа Франциск.

Бұл таңдауды көп жұрт таңдана қабылдады. Бірақ орынсыз деген ешкім жоқ. Таңдаудың басты себебі: Буэнос-Айрестің архи­эпис­копы кардинал-иезуит Хорхе Марио Бергольдің Рим папасы қызметіне сайланғанына әлі жыл да толмаған, тоғыз айдың ішінде әлем таныған қайраткерге айналуы. Католик шіркеуінің табынушыларын ғана емес, басқа да конфессия өкілдерін, тіпті, құдайсыздарды да мойындатты.

Несімен? Адами қасиет­тері­мен. Ең алдымен, қарапайым­дылығымен. Ол Рим папасына көрсетілетін қымбат салта­наттан бас тартты. Ерекше жаб­дық­талған «папамобиль» деп аталып кеткен қымбат көліктің орнына көпшіліктің қолы жетімді Ford Focus көлігін мінуді жөн көрді. Апостол сарайындағы өзіне арналған аппартаментке де бармай, қонақтарға арналған Santa Martha үйінен жай орынға жайғасты.

Ол бірден халықтың арасына барды. Ешкімді бөлген жоқ. Тіпті, оның үсті-басы жарадан көрінбейтін адамнан жиіркенбей, оны құшағына қысқаны миллион­дардың жүрегін тебірентті. Пон­тифик әлемдік проблемаларға байланысты да өз пікірін айтып қана қоймай, көпшіліктің көкейіндегі ойларды да қозғады. Оның түрлі ой-таластарға қатысып, әділдік, заңдылық, байлық пен жоқшылық, теңдік, әйел орны, ашықтық, жаһандану, билікқұмарлық туралы айтқан пікірлері көптің көңілінен шықты.

«Тimeнің» жыл адамын таң­дауына әрқашан айрықша маңыз берілді. Ол әлемдік мойындау деп қабылданды. Кезінде бұл журнал Гитлерді де (1938), Сталинді де (1939, 1942), Рим папасы Иоанн Павелді де (1994), бертінде президенттер Владимир Путин (2007) мен Барак Обаманы да (2008, 2012) жыл адамы деп жариялағаны бар. Биылғы таңдауға ұсынылған 42 адамның қатарында Барак Обама мен Владимир Путин болса да, алғашқысы бестікке, екіншісі ондыққа кіре алмай қалды. Осыдан-ақ папа Францисктің бүгінгі сая­саттағы орнын пайымдауға болғандай.

Папа Францисктей сөзін ел тыңдайтын, әрекеттерін жұрт қолдайтындай қайраткерлер көп болса, мынау бүгінгі аласапыран заманның айқай-шуы азаяр еді ғой дейсің. Біз оның католиктік уағызына ұйып отырғанымыз жоқ, әлем жұртшылығын, ел басшыларын тыныштыққа, түсіністікке шақырған оның сөзі мен ісі адамзаттың игілігіне қызмет етіп отыр. Осындай сөзін қауым тыңдайтын тұлғалар ислам, буддизм, православие әлемдерінен де шығып, жұртты игілікке ұйыта алар болса, қазір жер-жерде белең алып бара жатқан дау-жанжалдар өрті саябырсыр еді ғой деп армандайсың.

Жанжал  жалғасатын сыңайлы

Қырғыз парламенті өткен жылдағы соңғы мәжілісін төбелеспен аяқтады. Оны телеарналардан жұрттың көбі көрді. Жекпе-жекте парламенттің бұрынғы спикері, «Атамекен» партиясының көсемі Өмірбек Текебаевтың қарсыласы, депутат Мұраділ Мадеминовты жығып, үстіне мінгені анық, бірақ оны жеңіс деу қиын.

Біздің бұл сөзімізді біреулер кекесін деп те қабылдар. Сөйтсе де, бұл елдегі біраз әрекеттің не ойын, не шын екенін кейде ажырата алмай қаласың. Көптен бері дау-дамайға арқау болып келе жатқан «Құмтөр» алтын өндіретін кәсіпорны туралы мәселенің саяси ойынға айналғаны да белгілі. Сол мәселе халықаралық келісімшарт негізінде парасаттылықпен ше­шілу орнына біршама саяси күштердің ұпай жинау ойыны болып отыр. Сырттай қарағанда, канадалық компаниялармен біріккен кәсіпорынды мемлекетке қайтару ұраны халық мүддесіне сай келетіндей көрінгенмен, оның алдағы уақытта халықаралық экономикалық үлкен зардабы болатынын олардың көпшілігі жақсы біледі. Біле тұрып, олар аңқау халықты жалған ұранмен билікке қарсы қоюды ойлайды.

Өткен жылы бұл елде «Құмтөр» жөнінде шу көп болды. Оның сая­си да, экономикалық та зардабы шаш етектен. Саяси дегенде, халық жалған ұрандардың желігіне ерді. Оның саяси салдары бар. Экономикалық дегенде, сол ел үшін айрықша орны бар кәсіпорынның жұмысына үлкен зияны келгені өз алдына, қаншама жұрт саяси ойындарға қосылып, өзінің тұрмысына қажет өнім өндіруден шеттетілді, бұл елде қарсылық көрсетудің бір сипатына айналған шаруашылық маңызы бар жол, трассаларды жауып тастаудың да зияны аз болмаған.

«Құмтөр» дауының жаңа жылда жалғасы болатыны даусыз. Бұл мәселені парламентке талқылау кезінде тағы да төбелес болатынына кепілдік бермегенмен, саяси партиялар өкілдерінің біраз жерге барысатыны күмәнсіздей көрінеді.

Ел президенті Алмазбек Атамбаев өткен жылдың соңына таман кең көлемді баспасөз мәс­лихатын өткізіп, елдегі қалып­тасқан саяси ахуалға талдау жасады. Оның сөзінен біраз күрделі мәселелердің шешімін күтіп тұрғанын аңғарасың. Сөйтсе де, президент өзіне сенімді. «Көп адам Атамбаевтың болмағанын, Бакиевтің қайтып келгенін қалай­ды. Оған емешектері үзілмесін», деп нық сөйледі президент. «Егер біреулер жағдайды одан әрі ушықтырғысы келсе, оларға СИЗО-да орын барлығын» ескерт­ті. Президент әркез өзінің өкі­леттігінің бітуіне қанша қалғанын айтып отыратыны бар. Сірә, бұл нық отырмын дегені де шығар.

Бірақ оған біреулер күмән келтіретіндей. Айталық, бұрынғы ішкі істер министрі, генерал-майор Өмірбек Субаналиев сол президенттік орынға өзінің жақын арада отырғысы барлығын мәлімдеп те жіберді. Бұл үшін «Қарсылық» дейтін партия құрып, белсенді насихат жұмысына кірісіп те кетіпті. Ол өз төңірегіне «қуылғандарды» жинамақ. Осы мақсатпен «Ақиқат» партиясының көсемі бұрынғы сыртқы істер министрі Жексенқұловпен тіл табысса, «Атажұрт» партиясының көсемі К.Тәшиев оған ықылас білдірмепті. Өйткені, оның өзі де президент болғысы келеді екен.

Жаңа жыл қырғыз ағайындарға тыныштық әкелсе деген тілек­те жүреміз ғой. Біреулер сол ты­ныш­тықты бұл елге қимай­тындай.

Мамадияр ЖАҚЫП, «Егемен Қазақстан».