Аймақтар • 19 Шілде, 2021

Алматыда тамыз айында індет өршуі мүмкін

246 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қаланың Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, биыл жыл басынан бері Алматыда 65 878 адам індет жұқтырған. Өткен 2 аптада бұрыңғы 2 аптамен салыстырғанда КВИ дерті 2,6 есеге өсіп, тәуліктік өсім 1%-дан асты. Тек 1-18 шілде аралығында КВИ-дің 10 093 жағдайы тіркелді, бұл пессимистік болжамға сәйкес келіп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алматыда тамыз айында індет өршуі мүмкін

– Қалалық СЭБД-нің мамандары алдағы 3 айға, яғни 30 қыркүйекке дейін санитарлық-эпидемиологиялық ахуалдың дамуына болжам жасады. Базалық болжам бойынша дерттің шарықтау шегі 3-4 тамызға тура келеді, әрі тәулігіне 1600-ге жуық жаңа жағдай тіркелуі мүмкін. Пессимистік болжам бойынша дерттің шарықтау шегі 10-11 тамызға тура келеді, тәулігіне 1900 жаңа жағдай тіркелуі мүмкін.

Базалық болжамға сәйкес 5-5,5 мың төсек орын пайдаланылады, ал пессимистік болжамның шарықтау шегі бойынша 6-6,5 мың төсек орынға артуы мүмкін.

Демек, базалық сценарий бойынша шілдеде 27,5 мың, тамызда – 34,5 мың, қыркүйекте – 4,5 мың КВИ жағдайы, ал пессимистік болжамға сәйкес шілдеде 29 мың, тамызда – 49,5 мың, қыркүйекте – 13,5 мың жағдай. КВИ жағдайы тіркелуі мүмкін, – дейді мамандар.

Өз кезегінде мектеп оқушыларының оффлайн оқуын қамтамасыз ету үшін мониторинг жұмыстары жүргізілуде және мұғалімдер вакциналануда. Бүгінде мұғалімдердің 97%-ы I компонентпен, 67,9%-ы II компонентпен вакциналанды. Бұдан өзге, медициналық қызметкерлердің 97,3%-ы I компонентпен, 67,3%-ы II компонентпен вакциналанды.

Соңғы 2 аптадағы жас құрамын талдау балалар мен жасөспірімдерде вирустың дельта нұсқасының тез жұғатынын көрсетті. 14 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы 1%-ға өсті. 20 жастан 40 жасқа дейінгі азаматтардың дерт жұқтыруы төмендеді. 40-59 жастағы науқастардың үлес салмағы жоғары – 25%. Ал, 60 жастағы адамдар арасында жұқтырғандардың үлесі 1,1%-ға өскен.

Жұмыспен қамту бойынша соңғы 14 күнде КВИ өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында жоғары – 41%, түрлі ЖШС, ЖК, АҚ жұмысшылары арасында – 17%, зейнеткерлер арасында – 16,4%, мектеп оқушылары арасында – 9,2%, мектеп жасына дейінгі балалар арасында 6,4%, жалпы ауырғандар санының 90%-ы.

 

АЛМАТЫ