Өнер • 19 Шілде, 2021

Жас таланттарға қолдау көрсетуге әзірміз – Ақтоты Райымқұлова

476 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова отандық әртістердің еңбегі мен жетістіктері туралы ZOOM арқылы өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жас таланттарға қолдау көрсетуге әзірміз – Ақтоты Райымқұлова

«Біз талантты жастарымыздың тек «Славян базары» байқауында ғана емес басқа сайыстардан жеңіспен келіп жатқаны туралы мақтанышпен айтамыз. Әрине, бұл байқаудың орны бөлек. Жалпы өнер байқаулары бірнеше санатқа бөлінеді. Соның ішінде «Славян базары» үздік халықаралық байқаулардың бірі болып саналады. Жуырда ғана біздің жас домбырашыларымыз Ұлыбританиядан жеңіспен оралды. Сонымен қатар классикалық жанрда ән айтатын әншілеріміз де елімізге түрлі байқаулардан жеңіс әкеліп жүр. Осы орайда есіме түсіп отыр, классикалық ән орындау бойынша төреалқалар мен Италияның опера әншілері опера жанрында ән айтуды Қазақстанда үйрену керек деген-тұғын. Олар біздің әртістердің өнеріне таңқалыстарын жасырмады», деді А. Райымқұлова ZOOM арқылы өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ министр отандық жас өнерпаздардың түрлі халықаралық жобаларға қатысып, елімізге жеңіспен оралатыны қуантатынын айтты.

«Жеңіске жетуде мемлекеттік қолдау мен педагогтердің тынымсыз еңбегінің арқасы. Әрине, Иманбек секілді талантын өздігінен мойындатып жатқан өнерпаздардың барын жоққа шығармаймыз. Біз жас таланттарға қолдау көрсетуге әрдайым әзірміз», дейді ол.

Айта кетсек, бұған дейін ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қазақстандық жас әнші, «Славян базары» халықаралық байқауының Гран-при иегері Рухия Байдүкенованы жеңісімен құттықтаған болатын.