10 Қаңтар, 2014

Құс өсіруді құнттаған

397 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Аудан іргесіндегі Ақсұғым ауылының тұрғын­дары мал ұстап қана қоймайды, сонымен қатар, әр ауладан таңертең естілетін құс біткеннің дауысы осы шаруашылықты өрістеткендердің де баршылық екенінен хабардар етеді. Сондай тұрғындардың бірі – Бағила Күзбаева.

Аудан іргесіндегі Ақсұғым ауылының тұрғын­дары мал ұстап қана қоймайды, сонымен қатар, әр ауладан таңертең естілетін құс біткеннің дауысы осы шаруашылықты өрістеткендердің де баршылық екенінен хабардар етеді. Сондай тұрғындардың бірі – Бағила Күзбаева. Құс өсіруді бірнеше жылдан бері кәсіп етіп келе жатқан жан бұл істің де қыр-сырын әбден меңгерген. Жыл сайын жер бусанып, көк бүр жарған шақтан бастап, құс  ұяларын сайлап, суытпай алған жұмыртқаларды әр құстың бауырына салу қамына кіріседі. Бұған қоса бройлер, үйрек, жұмыртқалағыш тауық түрлерін балапан күнінде молынан сатып алып бағады.

– Шынына келсек, балапанның күтімі баланың күтімінен бір кем емес. Әсіресе, бройлер балапандары өте нәзік-ақ, сарыауыз балапандар жетіліп кету үшін жем-суына қосып, дәрумендермен ауыздандырамыз. Мұның бәрі оларды ширату үшін қажет, – дейді Бағила апай.

 Үстіміздегі жылғы көктемде құсқа әуес жан 80 үйрек, 50-ден бройлер, қаз, жұмыртқа беруші тауық балапандарын сатып алыпты. Содан бері жас балапандарды жасыл шөпке жайып, қанаттары қатайғанша бір тыным таппаған. Сол еңбектің нәтижесі болар бройлердің үш балапанынан басқасының бәрі ет алып, жетіліп кеткен. Әйткенмен де күннің атысынан кештің батысына дейін оларды қадағалау Бағила апаның күнделікті жұмысы.

– Құстың соңында жүрген маған балаларым «Апа, қайтесіз азаптанып, үйдегі құс та жетпейді ме қарауға», дейді. Бірақ көктем туа салысымен шөжелерді көргенде соларды алғым, баққым келіп ынтызарым ауып тұрады. Жылда жасап жүрген кәсібім ғой. Аздаған бейнетке шыдасаң, күзде соның бәрі өзіңе зейнет болып қайтады. Құстарды сойып, тазартып сатамын, үйден де келіп алып кетіп жатады. Қалғанын келесі көктемге дейін балалардың несібесі ғой деп мұздатқышқа салып тастаймын. Құстардың мамығын да далаға тастамаймын, жастық жасап қоямын. Іздегендер келіп алып жатады. Отбасымда жалғыз мен зейнетақы алатын, қалғандары қолдағы бар ірілі-ұсақты малды қарайды. Жемшөбіңнің бәрі сатулы, сол кезде менің де отбасы бюджетіне қосқан үлесім кәдеге жарап жатады, – деп ағынан жарылады құстың тілін тапқан еңбекқор апа. 

Шынында да, біз келген күні апай түске дейін келіні Раушан екеуі  жиырмашақты бройлер, үйрек сойып, тазартып, аппақ қылып жуып, кептіріп жатыр екен. Бүгінге дейін 25 қаз, 70 үйрек,  47 бройлер сатып та үлгеріпті. Әрбір құстың салмағы екі, үш, тіпті, бес килоға дейін тартады. 2 мың жарым, 3 мың, 5 мың теңгеден сатылған бұл құстардың отбасы қазанының бүйірін толтыруға қаншалықты сеп болып жатқанын өзіңіз есептей беріңіз. Осы жерде Елбасының «Жақсы жұмыс іздеген адам жақсы тұрады», деген сөзі ойымызға орала кетті.

Жыл соңында құс өсіруші күркетауықтан төрт-бес, қаздан екі-үш ұядан қалдырады. Сосын тағы да әдеттегідей келесі көктемде балапандарды мәпелеу маусымы басталады. Апаймен әңгімелесіп тұрғанымызда жан-жағымыздан маймаңдай басқан қаздар мен қоқиланған күркетауықтар, жем іздеп жүгірген тауықтар қаумалай бастады. Өздерін баптаған жан жем береді деп дәмеленіп жүрген сияқты. Жүрген жүрістеріне қарап құстардың жинаған салмақтарын да ойша бағамдап үлгердік. Көрсең көз тоятын, сатсаң ақша құрайтын құс шаруашылығы тек табыс көзі ғана емес, әр ауланың  сәні де ғой, шіркін, дедік біз Бағила апайға табыс тілей тұрып.

Гүлшат Ибрагимқызы.

Батыс Қазақстан облысы,

Шыңғырлау ауданы.

Соңғы жаңалықтар