10 Қаңтар, 2014

Кәсiпкерлiк кәдесi

215 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Дана халқымыздың “Кәсiп түбi – нәсiп” деген ежелгi мақалы тереңге меңзейдi. Нәпақа табудың да, дүние арттырудың да алуан жолы жетерлiк. Қайдан болса да дайын тауар тасып, бiрiн бiрге асырып, байып жатқандар да көп. Ал өзi өнiм өндiрiп, еңбегiмен дәулетiн тасытып, адал әрекетiмен көрінудің орны қашанда бөлек. Халық тұтынатын зат шығарып, алдымен отбасының тұрмысын жақсартып, екiншiден, отандық өндiрiстiң қуатын күшейтуге үлес қосушылар әрдайым тұлғаланып тұрады.

Дана халқымыздың “Кәсiп түбi – нәсiп” деген ежелгi мақалы тереңге меңзейдi. Нәпақа табудың да, дүние арттырудың да алуан жолы жетерлiк. Қайдан болса да дайын тауар тасып, бiрiн бiрге асырып, байып жатқандар да көп. Ал өзi өнiм өндiрiп, еңбегiмен дәулетiн тасытып, адал әрекетiмен көрінудің орны қашанда бөлек. Халық тұтынатын зат шығарып, алдымен отбасының тұрмысын жақсартып, екiншiден, отандық өндiрiстiң қуатын күшейтуге үлес қосушылар әрдайым тұлғаланып тұрады.

Түркi жұртының қасиеттi астанасы – Түркiстандағы “Иассы” консорциумының төрағасы Үмбет Жүсiпбаев кезiнде заман талабына сай қолға алған iсiн бүгiнде берекетке айналдырған азамат. Қадiрiн бiлген уақытынан қазына жасап жүрген кәсiпкер. Сан-салалы тiрлiгiн ұқсата бiлуiмен ұтып келедi. Қисынын келтiрiп ұйымдастырған түрлi шаруасының жеткiзген жеңiсi өзiнiң шаңырағына, үрiм-бұтағына медет, одан қалды, тәуелсiз елiнiң дамуына дәт. Халық мұқтажына қажеттi мүлiк­тi сырттан арқалаумен емес, туған жерiнiң мүм­кiндiгiн кәдеге жаратуды естi өмiрiнiң бас­ты мақсаты еткен Үмбет Әбiлдаұлының дабысына табысы сәйкес екендiгiн ендi нақты мәлiметтермен бағамдалық.

Облыс орталығынан шалғайда жұмыс iстеп-ақ бизнестiң биiк белесiне көтерiлген “Иассы” консорциумындағы қызметi әр алуан құрылымдардың дені өнiм өндiрумен шұ­ғыл­данады. Егемендiгiмiздiң алғашқы жылда­рында ашылған, қазiр ең үлкенi атанған “Түркiстан” ауылшаруашылық кооперативiнде бұл күнде 120 iрi қараны бордақылайтын база, мал со­йып, бес тоннаға дейiн ет дайындайтын жә­не бiр ауысымда 18 түрлi 700 килограмм мөл­ше­рiнде шұжық әзiрлейтiн цехтар бар. Егiн шаруашылығымен айналысатын “Әбiлда-2030” ЖШС 500 гектарда мақта, бидай, жүгерi, жо­ңыш­қа және жемiс-жидек бауын, қызанақ, қияр, басқа да көкөнiстер өсiредi. Демек, малға керектi көлемдегi жемшөп қорын өздерi қам­тамасыз етедi. Төрт түлiктiң тұқымын асылдан­дыру бағытында жүйелi түрде атқарылып жат­қан жұмыстарының ауқымы барған сайын ұл­ғайып отыр. Жоғары сұрыпты бағалы терi алу және сапалы ет әзiрлеу үшiн қорасында 3300 қаракөл қойы, шұбатқа сауылатын 70 түйе, бабын бiлсең ауыр салмақ та тартатын, ағыл-тегiл сүт те беретiн 200 бас сиыр бүгiнде жай­­­лы қораларында бағылып, күтiлiп жатыр. Өсiмтал әрi еттi ашатұяқ деп ден қойған тал­пақ танауының саны қазiр мыңнан асты. Түркiстандықтардың сұранысына қысы-жазы ұсынылатын алуан түрлi гүл плантацияларында жайқалып тұр.

Киелi жердiң атын иемденген “Иассы” кон­сорциумының құрамына кiретiн қалалық автовокзал, мемлекетаралық жүк және жолаушылар тасымалдайтын “Яссы-Транзит” ӨК, тiс емдейтiн “Маржан” ЖШС емханасы, “Иассы” ЖШС микрокредиттiк ұйымы, “Иассы” халыққа кешендi тұрмыстық қыз­мет көрсету орталығы, тех­ни­ка­лық байқау және жөндеу станса­сы, өзге де орта және шағын кә­сiпкерлiк құрылымдар тасы өрге домалаған тiрлiкке қосымша тыныс. Құрылыс жүргiзетiн бiр ғана “Әбiлда-К” ЖШС-нің ғимараттар салумен ортақ ке­нiшке әкелетiн табысы ұлан-асыр.

Орайын келтiрсең балық та бағалы байлық. Бұл шаруаның өзiне ғана тән қыры мен құпиясы мол болғандықтан, оған екiнiң бiрi жүрегi дауалап, аяғы баспайтыны да рас. “Несi бар, баға бiлсең бұдан да көл-көсiр пайданың қайнар бұлағын ашу соншалықты қиын қиялға айналмас. Әрi-берiден соң жұғымды тағамға бағаланатын су жануарын аулау ата-бабамыздың сирек те болса көнеден айналысқан атакәсiбi емес пе?! Нар тәуекел!” деп Үмбет Жүсiпбаев әрнеге көңiлi алаңдамай, қолдың батырлығына салып, жаңа iстi бастап та жiбердi. Дарияның сағасында елеусiз жатқан екi көлдi ретке келтiрiп, 300 гектар аумақтық то­ған жасады. Өсiрiлетiн балық ашықбас үшiн жем тасталды. Жерсiнетiн бiрнеше ба­лық түрiнiң уылдырығын шашып көбейттi. Айналасы екi жылдың iшiнде табиғат сыйын ұқсата алғанының арқасында түркiстандық тұрғындар өз жерiнде жаңа ауланған және қақталған балықтың дәмiн татты. Биыл iзi болса, келер жылы өзi болатыны дәлелдендi. Шыны керек, дәл қазiр балық шаруашылығы сәл саябырсып тұр. Алдағы уақытта бұл iстi жаңаша, осы саладағы соңғы технологияны пайдалану арқылы қайта ұйымдастыруды көздеп отыр.

Жалпы, еңбекпен ширап өскен, өмiрден үйренуге үйiрсек жан жаңашылдыққа жақын қоныстанады. Тыным таппай, жарғақ құлағы жастыққа тимей қарекет қылуға бейiм Үмбет Әбiлдаұлы таяуда тағы бiр тың тiрлiктiң отын жақты. Екi жылдық алма бағының қасынан 2 гектар жерге қияр, қызанақ, гүл өсiретiн жылыжай орнатты. Бiрiншi рет қолға алған осы жабық-жайда алғашқы еккен қызанақтан күз соңында әр түбiнен 2-2,5 килограмм дәрумендi өнiм алмақ. Мұндағы тамшылатып суару, желдету, жер өңдеу, жылу беру сияқты көптеген жұ­мыстар автоматты басқару жүйесiмен атқарылады.

Аймаққа әйгiлi кәсiпкердiң кәделi iсiн көргенде даналығы дария қазақтың “Бiр кiсi қазған құдықтан мың адам су iшедi” деген мәтелi тiлге орала кетедi. Ақиқатында да талай тармақты “Иассы” консорциумы бойынша 200-ден аса түркiстандық екi қолға бiр күрек ұстап, күнкөрiс нәпақаларын арттырып жүр. Шұжық цехының бiр өзiнде 25 азамат жұмыс iстейдi.

– Менiң осында шебер болып орналасқаныма алты жыл болды. Ай сайын алатын 45-50 мың еңбекақымыз қанағат тұтуға лайық. Бұдан бөлек аптасына 3 килограмм шұжық өнiмдерi бәрiмiзге тегiн берiледi. Бұған отағасымның табысын қосқанда отбасымдағы 6 перзентiмiзбен Құдайға шүкiр, көштен қалмауға жетедi, – дейдi Қарлығаш Күмiсбаева.

Жылыжайда жұмысқа тартылған 20 диқан­ның бiрi агроном Хамидулла Макамбаев “Ме­нiң бабам да, ата-анам да диқандар. Солар­дың жолын қуған мен де алты жылдан берi бақ­шашылыққа бейiмделгенмiн. Өз бетiмше әрекеттенген әр кезде әрқалай табыс табатын едiм. Ал Түркiстан ауылшаруашылық тұтыну­шылар коопера­тивiн­де еңбекақымды тұрақты аламын. Бұл басқа жақтарда кейде ақшасыз қалып жүргенiмнен ендi алаңсыз болуымды орнықтырды”, деп жағдайының бiрқалыптылығын бiлдiрдi.

Тiрлiгiн тап-тұйнақтай тындырып, жұлдызы оңынан туып жүрген Үмбет Жүсiпбаев қым-қиғаш үлкен кәсiпке қалай келдi? Қазақ политехникалық институтының кеңес кезiндегi түлегi, мамандығы инженер-металлург жаңа заманның ағымына қалай икемделдi? Ендi осы арада өткенге сәл шегiнiс жасалық.

Одақ тарады. Бұған дейiн Ресейдiң Крас­нояр қаласындағы алюминий зауытында металл балқытушы, шебері, аға шебер, Түр­кi­стандағы Жол және құрылыс машиналарын жөндеу зауытында құю цехының технологы, цех бастығы қызметтерiн атқарды. Түркiстан мен Кентау қалаларында жолаушылар автопарктерiнiң директоры да болды. Жеке кәсiпке 1999 жылы бiржола бет бұрды.

Жасырмайды. Қолға алған жаңа тiрлiгiнде кесе-көлденең келiп, қадамын қысқартқан кедергiлер кездестi. Сан соқтырған сәттер де ұшырасты. Толассыз iзденiспен еткен еңбек, қиындықтан қаймықпаған қарекет қай тосқауылды да бұзып шығары анық. Қандай да бiр жетiстiк барын салып әрекеттенгенге бұйырары да мәлiм. Мiне, өмiрден көргенi мен көңiлге түйгенi мол Үмбет Әбiлдаұлы, қысқа қайырғанда жаңа бастаған iсiне байыптылықпен бейiмделiп, бiлiмi мен бiлiгiне сенiп, көздеген мұратына жете алды. Әлбетте, таңсық тiрлiкте аяққа оралғы болары заңдылық ауыртпалықтардан тайсалмайтын батырлық та, қайсарлық та қажет. Жұмыстың көзiн табуға машық Үмбет Жүсiпбаев адал, жаңашыл, табанды, алған бетiнен қайтпайтын қайратты еңбегiнiң несiбесiн көрдi. Бүгiнде шаруасының қайығы алға өрлеген, iстiң сан қырын бiлгенiмен құм үстiнде кеме жүргiзген ертең де тiрлiгiн ақсатпай жалғастыруға қабiлетiн танытқан қарымды сұңғыла кәсiпкер.

Халық қалаулысы, кәделi кәсiпкер байлы­ғынан өзгелермен бөлiсудi базбiр қалталылар секiлдi науқандыққа, яғни пиярға айналдырмай, тұрақты әрi жүйелi түрде жүзеге асыратын сақилығымен де кеңге танымал. Жұртқа жомарттығы, тұрмысы кембағалдарға қолының ашықтығы үшiн де “Алтын жүрек” белгiсiнiң, жылда өткiзiлетiн “Сенiм” конкурсының бiрне­ше мәрте жүлдегерi, Бауыржан Момышұлы атындағы “Батыр шапағаты” медалiнiң иегерi атанды.

Облыстың ең үздiк кәсiпкерлерiнiң бiрi, Елбасының шағын және орта бизнестi дамыту саясатын терең түсiне бiлiп, оның мемлекет экономикасының бiр берiк тұтқасы екенiн өз өмiрi, ерен еңбегi арқылы дәлелдеген Үмбет Әбiлдаұлы Жүсiпбаев бұл биiкке мақсатына дәрменiн демеу етiп көтерiлдi. Жалпы, консорциумды қазақша түсiнiкке таратқанда, бұл сөз бизнестегi жоғары құрылымның бiрi дегендi аңғартады. Әдетте экономикалық мұндай iрi тiректер бұрын кәсiпорындар тығыз шоғырланған iрi орталықтарда болатынын бiлетiнбiз. Ал алыстағы Түркiстанда дәулеттiң осындай басты да негiзгi тұтқасының тұғырлы тұруы шынында да сүйсiндiредi. Ал оны мықты ұстау Үмбет Жүсiпбаев секiлдi парасатты да iскер азаматтың қолынан ғана келедi.

Жеңiс БАҺАДҮР.

ТҮРКІСТАН .