Сұхбат • 19 Шілде, 2021

Равиль Шырдабаев: «Ең алғашқы инвесторлар мұнай-газ саласына келді»

849 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Тәуелсіздіктің елең-алаңында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елге шетелдік инвесторларды тартуға, мұнай-газ саласын әлемдік талаптар деңгейіне көтеруге, сол арқылы ел экономикасын сауықтыруға ерек­ше маңыз берді. Осындай күрделі кезеңде Тұңғыш Президенттің жаны­нан табылып, сенімді серіктерінің бірі болған, мұнай өнеркәсібін дамытуға сү­белі үлес қосқан арда азаматтардың бірі – Равиль Шырдабаев. Экономика ғы­лымдарының докторы, профессор, бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан ақса­қал­мен әңгімеміз мұнай өнеркәсібі саласының алғашқы даму кезеңдері мен мем­­лекеттің қалыптасу жылдарындағы экономикалық ахуал төңірегінде өрбіді.

Равиль Шырдабаев: «Ең алғашқы инвесторлар мұнай-газ саласына келді»

СУРЕТТЕ: Елбасы Н.Назарбаев және «Теңізшевройл» БК директоры Р.Шырдабаев Теңіз кенішінде. 1993 жыл

– Равиль Тәжіғараұлы, сіз 1989 жыл­дан бастап жиырма жыл бойы Прези­дент командасында жұмыс істепсіз. Әңгі­мемізді осы жылдардың тарихи сәт­тері мен өзіңіз қуә болған оқиғалар жайынан бастасақ?

– Тәуелсіздіктің елең-алаңындағы ала­сапыран жылдар мен сол кездегі оқиғалар бүгінгідей көз алдымда. Республика экономикасы іс жүзінде құл­дырауда болды: одақтас республикалармен қалыптасқан тығыз экономикалық бай­ланыстар үзілді, соның салдарынан өнім­ді өткізудің, шикізат пен құрамдас бөлік­терді жеткізудің өзара тұрақты желі­лері жойылды, бұл кәсіпорындардың тоқтап қалуына әкелді; жаңа тәуелсіз мем­лекеттердің ұлттық валюталарға кө­шуі нәтижесінде әдеттегі қаржы жүйесі құл­дырады. Халықтың өмір сүру деңгейі күрт төмендеді. Әлеуметтік саладағы проблемалар арта түсті: жалақы бойынша қыруар  қарыздар, дүкендердің бос сөрелері, жаппай  тапшылық, тұрғын үй проблемалары, гиперинфляция, жолдар мен коммуналдық шаруашылықтың сүреңсіз жағдайы «жығылған үстіне жұдырық» болды. Ұлттық мектептер мен­ оқу орындары жойылуға шақ қал­ды. Орталыққа перифериялық ретінде салын­ған бүкіл мемлекеттік құрылым бір мезетте басқарусыз қалды. Сонау тарихи сәттің тікелей куәгері ретінде айтарым, егемендіктің қалыптасу жылдарында Елбасының алдында ел тағдырына қатысты осындай күрделі кезеңдер мен шұғыл шешімді қажет ететін өзекті мәселелер тұрды. Шынын айтқанда, ұзақ жылдар КСРО құрамында болған Қазақстан өз алдына дербес мемлекет ретінде қа­лыпты жұмыс істеуге да­йын болмады. Осындай қысылтаяң кезде қабылданған шешімдердің жауапкершілігі Тұңғыш Прези­денттің мойнында болды. Бұл Елбасының да өміріндегі ең қиын кезең еді. Бірақ Н.Назарбаев саяси түйсігі мен тәуекелге толы батыл шешімдерінің арқасында мемлекетті қиындықтан алып шықты. Негізі КСРО ыдырағанға дейін де Нұрсұлтан Әбішұлы беделді саясаткер, білікті басшы ретінде танылған. Сондықтан тәжірибелі көшбасшы барлық саланың қыр-сырын жақсы білді. Қандай ауыртпалықпен бетпе-бет келетінін жақсы түйсініп, мәселелерді жан-жақты саралады. Өңірде жұмыс істеген біз мұны өз көзімізбен көрдік, жоғарғы басшылық қа­былдап жатқан шешімдерді мұқият қадағалап, оның куәгері болдық.  Дер кезінде қабылданған дұрыс шешімдер мен болашаққа жасалған ізгі қадамдар жаңа мемлекеттің іргесі берік болып қалыптасуына жол салды.

– Мемлекет тәуел­сіздігін алғаннан кейінгі жылдары батыс өңірдегі ең бай мұнай кенішін игеру бас­талды. Міне, осын­дай тарихи сәттің, ауқымды жұмыс­­тардың бел ортасында өзіңіз де жүрдіңіз...

– Кезінде мұнай, газ  өндіру Кеңес Одағының ықпалымен басқарылғаны белгілі. Қазақстанның мұнай саласы КСРО Мұнай-газ өнеркәсібі министрлігіне тікелей бағынатын. Ал республиканың өз министрлігі болған жоқ. Жетекші кадрларды тағайындаудан бастап, жұмыс түрлерін қаржыландыруға дейінгі барлық мәселе, атап айтқанда, жобалау, барлау, бұрғылау, өндіру, өңдеу, соның ішінде мұнай мен газ және мұнай өнімдерін сату – Мәскеу басшылығымен жүргізілді.

Кеңес өкіметі жылдарында Қазақстан­ның мұнай-газ саласы экономиканың қар­қынды дамып келе жатқан саласы болған. 200-ден астам мұнай және газ кен орыны ашылып, заманауи технологиялар енгізілді. Қалалар мен кенттер өсті, мыңдаған кәсіп­орындар құрылып, жұмыс істей бастады. Ең бастысы, заманауи талаптарға жауап бе­ретін көптеген жергілікті кадрлар даяр­ланды.

1979 жылы Н.Назарбаев Қазақстан Ком­партиясы ОК-нің өнеркәсіп жөніндегі хат­шысы болып сайланды, ал 1984 жылы Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы болып бекітілді. Осы жылдар ішінде, яғни 1989 жылдың маусымында Қазақстан Ком­партиясы ОК бірінші хатшысы болып сайланғанға дейін ол Қазақстанның Батыс облыс­тарында ашық мұнай-газ кен орындарын іздеу және игеру бойынша геологиялық барлау жұмыстарын жеделдету мәселелерімен тығыз айналысты. Одақ­тық және республикалық деңгейдегі ондаған қаулы қабылданды. Маңғыстауда Өзен, Жетібай, Қаражанбас, Қаламқас кен орындары белсенді түрде дамыды. Теңіз, Қарашығанақ, Құмкөл және басқа ірі кен орындары ашылды. КСРО ыдырағанға дейін 1990 жылдың қорытындысы бо­йынша елде 26 млн тонна мұнай өндірілді.

КСРО-ның күйреуі бір түнде Мәскеуді барлық басқару бағытынан айырды. Бұл өз кезегінде мұнай саласының жұмыстарын үйлестіру үшін орган құру қажеттілігіне алып келді. Қызыл империя құлаған сәтте Елбасының қағидатты ұстанымы мен күш-жігерінің арқасында Қазақстанның юрисдикциясында Теңіз мұнай кен орны мен мұнайдың басқа да қазыналарын сақтауға мүмкіндік туды. Тұңғыш Президенттің қолында бұрынғы КСРО басшылары қол қойған келісім бар еді.  Кейін өз алдына дербес ел болып шыққаннан кейін Елбасы осы саланы дамытуға барынша басымдық берді. Елде мұнай-газ саласын дамытуға байланысты қыруар жұмыстар басталып кетті. Алдымен кәсіпорындар Қазақстанның Энергетика министрлігіне бағынышты болды, ал 1994 жылдың мау­сымында Тәуелсіз Қазақстанның Мұнай және газ өнеркәсібі министрлігі құрылды. Министрліктің құрылымын бекітіп, тиісті кадрларды іріктеп, қысқа мерзім ішінде стратегиялық нақты міндеттерді айқындай отырып, оларды іске асыруға кірістік....

– Сөзіңіз аузыңызда, сіз сол кезде елі­міздің тұңғыш Қазақстан мұнай және газ өнеркәсібі министрі болып тағайын­далдыңыз ғой?

– Иә. Бұл туралы айтатын болсақ, елімізде тұңғыш Мұнай және газ министр­лігі құрылған кезде барлық кәсіпорын мемлекеттік болды және саланы қайта ұйым­дастыру мемлекеттің бағдарламасына сүйене отырып, меншік нысанын өзгерту про­цесі белсенді түрде басталды.

Мемлекеттік бағдарламаның іске асы­ры­луына орай «Мұнай туралы», «Акцио­нерлік қоғамдар туралы», «Шетел қаты­сатын бірлескен кәсіпорындар туралы» және тағы басқа да заңдарды әзірлеу бо­йын­ша жұмыс белсенді жүргізілді. Теңіз, Қарашығанақ алып кен орындары, сондай-ақ Каспий теңізінің қайраңында анықталған кен орындары 4 шақырымнан астам терең­дікте жатты. Ал мұнай құ­рамында көп мөл­­шерде күкірт, меркаптан және басқа да қоршаған ортаға зиянды заттар болды, олар­ды өндіру үшін коррозияға қарсы жаб­дық, жоғары қабат қысымында және теңіз түбінде жұмыс істеуге қабілетті озық техно­логиялар қажет болды. Бұл бағдар­ламалар­дың бәрін қомақты инвес­тициялар болған жағдайда ғана жүзеге асыра ала­тын едік.

Сол уақыт кезеңінде әлемдегі ең үлкен сұранысқа ие және инвестициялар үшін тартымдысы – мұнай-газ кен орындары болды. Бәсе­кеге қабілетті көмірсутектердің орасан зор қорлары шетелдік инвесторлардың назарын аударды. Ең алдымен экономиканы сауықтыруды ойлаған Елбасы мұнай-газ секторын пәрменді тетік ретінде іске қосты. Барлық үміт осыған бағытталып, Президенттің стратегиялық шешімінің нәтижесінде елімізге тартылған алғашқы инвесторлар мұнай-газ саласына келді. Шеврон, Аджип, Шелл, Тоталь, СНПС сияқты әлемдегі ең озық компаниялар елімізге қаржы құйды. Арбатов, Аганбегян, Явлинский секілді әлемге әйгілі экономист-ғалымдар және Мәскеу мен Новосібір, басқа да прогрессивті ғылыми мектептердің жарық жұлдыздары елімізге жиі сапармен келді. Олармен қатар Гарвард, Оксфорд, Йель, Массачусетс және басқа да беделді университеттерден реформатор-ғалымдар шақырылды. Қазақстанда Еуропа, Азия және АҚШ сынды дамыған елдердің реформалар тарихы мұқият зерттелді. Бірақ сәтті мемлекеттер құру тәжірибесі негізінде қандай ұсыныстар болса да, соңғы сөз Президентте болды. Назарбаев барлық материалды мұқият зерттеп, ғалымдардың, сарапшылардың пікірлерін сабырмен тыңдап, жете тексеріп, жан-жақты талдаудан кейін ғана түпкілікті шешім қа­былдады. Өткенді шола отырып, бұған лайықты баға беру керек: осы жылдар ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы көпэтносты мемлекеттің тағдырына да оң әсер еткен дұрыс бағытты таңдай ал­ды. Алайда оған қандай еңбек және нен­дей құдіретті күш-жігер қажет болды – оны өзі­нен басқа ешкім білмейді. Бізге бір ғана нәрсе белгілі: бұрынғы одақтық елдің орнында жаңа мемлекет құру оңайға соққан жоқ, күннен-күнге өсіп келе жатқан әлеуметтік проблемалар және терең эко­номикалық дағдарыстың зар­дабы өте ауыр еді.

– Елімізге келген алғашқы инвестор­лар мен инвестициялық жобалар жөнін­де кеңірек айтып берсеңіз?

– 1991 жылдың шілде айында КСРО президенті Михаил Горбачев АҚШ прези­денті Джордж Буштың Мәскеуге ресми сапарына байланысты Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевты кеңес де­лега­циясының құрамына қосты. Осыдан-ақ біз сапардың күн тәртібіндегі басты мәсе­лелерінің бірі Қазақстан аумағында орна­ласқан Теңіз кен орнында бірлескен кәсіпорын құру жөніндегі келіссөз болатынын түсіндік. Өйткені 80-ші жылдардың соңында кеңес үкіметі Шевронмен осындай келіссөздер бастағанынан хабардар едік. Қазақстан Президентін ша­қырғанынан-ақ келіссөздің шешуші раунды болатынын білдік. Бірақ Америка президентінің ресми сапары кезінде тараптар бір ымыраға келе алмады: аумақтың бөлінуі, салықтар мен кірістер мәселесі кедергі болды. Келіс­сөздер аяқталғаннан кейін Нұрсұлтан Әбіш­ұлы «Шеврон» корпорациясының бас­шылығымен сөй­лесіп, келіссөздердің келесі раундын Алматыда өткізуді ұсынды. Бұл шіл­де айы болатын. Ал 1991 жылдың 16 жел­тоқсанында Қазақстан Парламенті елі­­міз­дің мемлекеттік тәуелсіздігін жария­лады.

Келесі күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер арасында келіссөздер өтті. Оған «Шеврон» компаниясының бас­шысы Кеннет Дерр, оның орынбасары Ричард Мацке және қазақстандық тарап қатысты. Осы сәттен бастап, Қазақстан мен АҚШ арасында келіссөздер процесі басталды, тараптар бірлескен кәсіпорын құрудың негізгі қағидаттары туралы келісті. Бірнеше күннен кейін АҚШ пре­зиденті Джордж Буш Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін мойындап, Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевқа АҚШ-қа ресми сапармен келуге шақыру жолдады. Бұл сапар мамыр айында өтті. Сапар аясында теңізді бірлесіп игеру мәсе­лесі де көтерілді. Келіссөздерден кейін мемо­рандумға қол қойылып, жұмыс тобы құры­лып, оған мені де кіргізді.

1991 жылы 6 сәуірде Теңіз мұнайының бірінші тоннасын алдық, ал Теңіз кен орнын игеруге жетекшілік етуді мен Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары лауа­зымында жалғастырдым.

1993 жылдың наурыз айының со­ңында келісімшарттың түпкілікті па­ра­метрлері Лондонда пысықталды. Бұл құжатты қабыл­дау барысында ке­ліс­пеушіліктер туындады. Оның бас­ты себебі – келісімшартта көрсетілген аумақ­тың мөлшері және пайданы бөлу еді. «Шеврон» корпорациясы кеңес үкіметіне ұсынған жоба 23 мың шаршы шақырымды құрайды, келісім бойынша оны бірлескен кәсіпорынға 50 жыл мерзімге жалға беру көзделген. Бірақ Қазақстан тарапы бұған келіспей, өз ұсынысын қабылдауды талап етті: 40 жылға 4 мың шаршы шақырым беріледі.

Екінші ұстаным – пайданы бөлу. Бастапқы жоба бойынша кеңес үкіметінің үлесі 63% болса, «Шеврондікі» 37% болды. Біз Қазақстанға – 81%, «Шевронға» 19% ұсындық. Біз соңына дейін өз ұста­нымымыздан айнымай, аяғына дейін тұрдық. Ақыры, «Шеврон» біздің шарттарымызды қабыл­дауға мәжбүр болды.

Нәтижесінде 4 сәуірде Лондонда жұ­мыс тобы келісімінің әрбір бетіне қол қойы­лған соң, бір түнде елге ұшып келдік,
5 сәуірде Қазақстан Үкіметі отырыс өт­­к­із­­ді. Онда қабылданған қаулы «Теңізшевройл» бірлескен кәсіпорнын құру туралы келісім жобасы мақұлданды.

6 сәуірде Нұрсұлтан Әбішұлы мені өзіне шақырып: «Мен сені Қазақстан тарапынан бірлескен кәсіпорынның директоры лауазымына тағайындау туралы Жарлыққа қол қоямын. Қазір Достық үйіне барамыз, сонда қол қойылады», деді. Сөйтіп, Жарлық шықты. «Теңізшевройл» БК құру туралы тарихи келісімге 1993 жылғы 6 сәуірде қол қойылды, ал мен 7 сәуірде жұмыс орнымда болдым. Осы­лайша,  біздің қызметіміз басталып кетті. Елімізге алғашқы болып инвестиция құйған америкалық «Шеврон» корпорациясымен бірге, қойнауы бай Теңіз кенішін игеру жұмыстары қолға алынды.

Америкалық «Шеврон» корпорация­сының Қазақстанға алғашқы инвес­тор ретінде келуі басқа да шетелдік инвес­тор­ларға серпін берді. Осыдан кейін әлемге әйгілі «Эксон», «Мобил», «Шелл», «Бритиш Петролиум», «Аджип», «Тоталь» сын­ды компаниялар Қазақстан эконо­микасына белсенді инвестиция сала бастады.

Өркендеген мемлекет құру жолындағы бүгінгі табыстар нарықтық экономикаға батыл қадамдарсыз мүмкін болмас еді. 1995 жылдың соңында Мемлекет басшысы республиканың ұзақ мерзімді даму стратегиясын әзірлеу туралы шешім қабылдады. Келесі жылдың басында тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет жалпы ішкі өнім өсімі 0,5%-ды құрады. Бұл экономикалық жанданудың басты айғағы болды. Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын ұзақ мерзімге жеделдету үшін Президент жанынан Жоғары экономикалық кеңес құрылды. Бір жылдан астам уақыт бойы Кеңес, Үкімет, министрліктер мен ведомстволар «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы» жобасын әзір­леуге күш салды. Онда сарапшылардың ұсыныстары, халықаралық тәжірибе және Гарвард универ­ситеті сияқты әлемдік ғылым храм­да­рының жаңашыл тәсілдері, инно­вация­лары ескерілді. Өңірлік даму стратегияларымен жұмыс істеген облыс әкімдерінің, біздің де ұсыныстарымыз назардан тыс қалмады.

Скептиктер бағдарламаны және оның бас­та­машыларын сынға алып, эко­но­микадағы және күнделікті өмірдегі дағ­дарыс жағдайында алыс перспективалар туралы емес, күнделікті өмір сү­руді, ер­теңгі емес, алдымен бүгінгі күн­кө­ріс­ті ойлау керек деп наразылығын білдіріп жатты. Ал қазір сол скептиктер мен оппозицияның күдігі бекер болды деп сеніммен айтуға болады. Өйткені еліміз «Қазақстан – 2030» стратегиялық даму бағдар­ламасында белгіленген кестеге сай ілге­рілей дамып, бәсе­кеге қабілетті 50 мемлекеттің  қатарына қосыл­ғанын көзіміз көріп отыр.

– Бір сөзіңізде «Мен жаратылысымнан мұ­найшымын ғой, мұнай саласын­дағы қызметке келгеніме қатты қуан­дым», депсіз. Шырдабаевтар әуле­­­тінің мұнай саласындағы жалпы жиынтық жұмыс өтілі 1000 жылдан асқанын оқып, таңқалдым.  Әкеңіз Тәжіғара да Қазақ­­­стан даласына мұнай іздеп келген шетел­діктермен бірге жұмыс іс­тепті және олар құрған алғашқы жұ­мыс тобы­ның құрамына кірген екен. Мың­­даған жыл­­дар бойы жалғасып келе жат­қан мұнай­шылар әулеті туралы да айта кетсеңіз?

– Шырдабаевтар әулетінің еңбек өтілі бүгінгі күні 1300 жылдан астам уақытты құрайды. XІX ғасырдың аяғы, XX ғасырдың басында ағайынды Нобель, Леман басқарған ағылшындар, олармен бірге орыс кәсіпкерлері мұнай іздеп, қазақ сахарасына келеді. Жиһанкездер Атырау өңіріндегі Доссордан мұнай іздеп табады. Осында кәсіпорын салып, жергілікті тұрғындардан жұмысшылар іздей бас­тайды. Міне, осы кезде басқалармен бірге, Доссорда тұра­тын менің атам Шырдабайдың жеті ұлы­ның бесеуі – Теңізбай, Баймолда, Тымықбай, Шашпан және менің әкем Тәжіғара мұнай кә­сіпорынына жұмысқа тұрады. Мұнай­шылар әулеті осылай қалыптасқан еді.

Әкем Тәжіғара мен оның төрт ағайыны мұнайшы әулеттің негізін қалаушылар болды. Қазір бауырларымнан басқа, мұнайшы мамандығын таңдаған балаларымыз, немерелеріміз, жиендеріміз де көп.

Жалпы біздің аталарымыз адам білім­мен, еңбек­пен ғана көркейетінін, мол табысқа кенелетінін ұғындырып өсірді. Әулетімізден небір мықтылар шықты. Олар алған марапаттардың арасында екі  Ленин ордені, үш Еңбек Қызыл Ту ордені, екінші дәрежелі Отан соғысы, «Қаһармандығы үшін» ордені, «Ерлігі үшін», «Берлинге ша­буыл жа­сағаны үшін» медальдары және бас­қа­лары бар.

Қазіргі таңда ата-бабаларымыздың бұл даңқты істерін кейінгі ұрпағымыз жал­ғастырып келе жатқаны қуантады. Олар Қазақ­станда, Ресейде және шетелде білім алды. Біз ұрпағымызды білген-көргенін, үйренгенін елін дамытуға жұмсауға, адал еңбек етуге баулыдық.

Сөз түйінінде айтарым, Нұрсұлтан Әбіш­ұлының командасында жиырма жылдан астам уақыт жұмыс істегенімді, оның адал серігі болғанымды және басқалармен бірге Қазақстанның келбетін түбегейлі өзгертуге үлес қосқанымды мақтан етемін. Тұңғыш Президенттің шын мәніндегі тағдыршешті идеялар мен батыл шешім­дерді жүзеге асырғанына және болашаққа ар­налған барлық бағдарламасы табысты іске асырылатынына және оның еңбегін кейін­гі ұрпақ лайықты бағалайтынына күмәнім жоқ.

 

Әңгімелескен Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Еgemen Qazaqstan»