Қоғам • 20 Шілде, 2021

Баспана – басты мәселе

940 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Отан қорғау қызметінде жүрген әскери қызметшілердің баспаналы болуы үшін соңғы шыққан заңда қандай өзгерістер бар, мәселе қаншалықты шешімін тауып жатыр? Біз осы мәселені сараптап көруге тырыстық.

Баспана – басты мәселе

Бұрын қолданыстағы заңнамаға сәйкес әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету 2013 жылғы 1 қаңтардағы әскери қызмет мерзіміне байланысты жүзеге асырылатын. Ол бойынша барлық әскери қызметшілер үш санатқа бөлінді:

Бірінші санат. Көрсетілген уақытқа дейінгі әскери қызмет мерзімі 10 жылдан кем әскери қызметшілерге әскери қызмет өткеру кезеңінде қызметтік тұрғын үй беріліп, мұндай баспана болмаған жағдайда тұрғын үйді жалдау үшін мақсатты өтемақы төленді.

Екінші санат. Әскери қызмет мерзімі 10 жылдан 15 жылға дейінгі әскери қызметшілерге қалдық сомасы бойынша тұрғын үйді жекешелендіру құқығы берілді, бірақ қызметтік тұр­ғын үй берілгенге дейін тұрғын үйді жалға алғаны  үшін мақсатты өтемақы ала алмады.

Үшінші санат. 15 жылдан астам әскери қызмет еткендерге 20 жыл әскери қызметте болғаннан кейін ақысыз жекешелендіру құқығымен қызметтік тұрғын үй берілді. Ал ұсы­нылған қыз­меттік тұрғын үй жеке­­ше­лендіруге жат­паған жағдайда тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру құ­қығы бір реттік ақшалай өтемақы төлеумен ауыстырылды.

Тәжірибе көрсеткендей, бұл жүйе өзін ақтамады. Жыл сайын әскери­лерге тұрғын үйді жалдап тұруға өтемақы төленгенімен, баспана мәсе­лесі шешілмеді. Оның үстіне әс­кери қызметтен босаған адамға пәтер жал­дауға бюджеттік қаржы бөлін­бейтін.

Осыған орай, 2017 жылдың 12 желтоқсанында Қарулы Күштердің әскери қызметшілерін, әскери прокурорларды, ұлттық қауіпсіздік және ішкі істер органдарының қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге бағытталған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды. Осы Заңға сәйкес 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету тұрғын үй төлемдері арқылы жүзеге асырыла бастады. Енді тұрғын үйді жалдау үшін «өтемақы» ұғымы «тұрғын үй төлеміне» ауыстырылды. Ал тұрғын үй төлемі әскери қызмет өтіліне қарамастан, әскери қызметшілердің барлық санатына берілетін болды.

Бұл ретте әскери қызметшілерге қызметтік тұрғын үйді одан әрі жеке­шелендіріп алу немесе жекеше­лен­діруге жатпайтын қызметтік тұрғын үйді тегін жекешелендіру құқы­ғы­ның орнына ақшалай өтемақы алу құқығы сақталады. Жаңа өз­геріс­терге сәйкес әскери қызмет­ші­лер тұрғын үй төлемдерін тек пә­тер жалдауға ғана емес, сондай-ақ оларды «Отбасы банкіндегі» шот­­­тарында жинап, жеңілдетілген не­сиені өтеуге, басқа екінші деңгейлі банк­тердегі ипотекалық займдарды қай­та қаржыландыруға және де үлестік тұрғын үй құрылысына қатысуға пайдалана алады. Яғни несиені өтеуге жұмсалатын қаражат әскери қызмет­шінің ай сайынғы жалақы­сынан емес, мем­лекет тарапы­нан бөлінетін тұрғын үй төлемдері есебінен алынатын болды.

Ал тұрғын үй төлемдері екінші деңгейдегі банктерде ашылған жеке арнайы шоттарға аударылатын болды. Әскери қызметшілер осы тұрғын үй төлемдерін тек келесі мақсаттарға жұмсай алады: ипотекалық несиені пайдалана отырып, тұрғын үйді сатып алуға, тұрғын үйдің жалдау ақысын төлеуге, соның ішінде баспананы кейіннен сатып алу құқығымен жалға алуға, үлестік тұрғын үй құры­лысына және тұрғын үй құрылыс кооперативіне қатысқан кезде жарналарды төлеуге, тұрғын үй құрылысы жинақтарын жинауға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана алады.

Жаңа заңға сәйкес ағымдағы тұр­ғын үй төлемінің мөлшері әскери қыз­метші әскери қызмет өткеретін Қазақ­стан Республикасының тиісті өңіріндегі жайлы тұрғын үйдің бір шаршы метрін жалдау құнының мөл­шерін тұрғын үйдің алаңына көбейту жолы­мен есептеледі. Тұрғын үйдің ауданы әскери қызметшінің өзін қоса алғанда, отбасының әрбір мүшесіне 18 шаршы метр пайдалы алаң есебінен айқындалады.

Осы заң бойынша тұрғын үй саласында қабылданған нақты қадамдарға келсек, 2018 жылы 14000 әскери отбасы баспаналы болды. 5772 әскери қызметші біржолғы тұрғын үй төлемі мен ақшалай өтемақы алды, 1244-і қызметтік үйін жекешелендірді. 7000 әскери қызметші тұрғын үй бағдарла­масына қатысқан. 2018 жылы – 310 пәтер, 2019 жылы – 520 пәтер, 2020 жылы 414 пәтер жекешелендірілді.

2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қарулы Күштерде 742 адам жекешелендіруге жатпайтын тұрғын үйлерде тұрған. Оның ішінде 312 адам жекешелендіруге жатпайтын және жа­бық немесе оқшауланған әскери қалашықта орналасқан қызметтік тұр­ғын үйді жекешелендіруге жататын тұр­ғын үйге айырбастау құқығын пайдаланды. 430 әскери қызметші қызметтік тұрғын үйлерді алуды жал­ғастыруда.

Жалпы, тұрғын үй төлемдері бар­лық санаттағы әскери қызметші­лер­ге бірдей төленеді. Оның ішінде, тұр­ғын үймен қамтамасыз етілмеген әс­кери қызметшілерге тұрғын үй тө­лемдерінің 100 пайызы, қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілген әскери қызметшілерге тұрғын үй төлем­дерінің 50 пайызы аударылады.

Осы орайда «Отбасы банкі» арнайы қаржы бөліп, арнайы тұрғын үй бағдарламасын әзірледі. Бұдан былай әскерилерге пәтер үлестіру конкурсына қатысудың қажеті жоқ. Өйткені «Отбасы банкі» бағдарламаның шарттарын оңтайландырды. Нақтырақ айтсақ, 2019 жылдың мамыр айынан бастап әс­керилер мен арнайы мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне тұрғын үй алу­ға берілетін кредит бірыңғай талаптар бо­­йынша үлес­тіріледі. Яғни кредит жылдық 8 пайыз мөлшерлемемен беріледі. Ал қорда қаржысы барларға 5 пайызға дейін төмендетілген кредит ұсынады. Бұл ретте тұрғын үйді таңдауда ешқандай шектеу жоқ. Беріл­ген кредитке жаңа пәтер сатып алуға болады немесе тұрғын үйдің үлестік құрылысына қатысу мүмкіндігі бар. Сондай-ақ қайталама нарықтан пәтер сатып алуға жұмсауға да болады. Атап өтер­лігі, тұрғын үйге қажетті кредитке баспананың жөндеу жұмыстарына жұмса­латын шығынды да қосып алуға рұқсат етілген. 

«Әскери өнім» бойынша бері­летін кредит сомасы тұрғын үй төлем­дерінің мөлшеріне байланысты есеп­теледі. Ал төлем мөлшері әрбір өңірге және отбасы құрамына тікелей байланысты. Яғни үлкен отбасыға үлкен пәтер беріледі. Төлемдердің мөлшері тұрғын үйдің бір шаршы метрін жалға алу бағасына көбейту жолымен айқындалады. Әскери қызметшінің өзін қоса алғанда, отбасы мүшелерінің әрқайсысына он сегіз шаршы метрдің ақшасы аударылады. Ал бұл көрсеткішті жыл сайын Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті белгілейді. Сон­дай-ақ әскери қызметтегі адам бастапқы жарнасы болса,  алдымен банк берген тізімдегі құжаттарды өткізуі керек. Осыдан кейін, мемлекеттен бөлінетін қаржыға сай пәтерді іздейді.

Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінгі күні тұрғын үйге мұқтаж әскери қызмет­шілер тізімінде 47 138 адам тұр. «Отбасы банкі» алдағы 15 жылда 60 мың әскери қызметшіні баспанамен қам­туды көздеп отыр.

Отан қорғау жолында қалтқысыз қызмет етіп жүрген әскери қызмет­шілерді материалдық және моральдық қол­дау, оларды баспанамен қамтама­сыз ету мәселесі – әрдайым мемлекет наза­­рында.

 

Ерлік ТАЙЖАНОВ,

Мәжіліс депутаты