Аймақтар • 19 Шілде, 2021

Өз елінен қашқан шетелдіктер Қазақстанға қалай өтіп жүр?

1239 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақтың байтақ даласында сайрандап жүрген шетелдік көп. Бірақ олардың бәрі бірдей ел заңына құрметпен қарайды дей алмаймыз.  

Өз елінен қашқан шетелдіктер Қазақстанға қалай өтіп жүр?

Өз елінің құқық қорғау органдарынан бой тасалап, қазақ жерінде жасырыну үшін мемлекеттік шекарамызды қасақана бұзатындар да бар. Мәселен, облыстық Полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері былтырғы қарашада Грузияның 35 жастағы азаматын ұстады. Грузиялық полицейлер оған 2012 жылдың желтоқсан айында алаяқ­тық жасағаны үшін іздестіру жариялаған екен.

Алдау мен арбаудың сан ал­уан түрін меңгерген алаяқ қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалса да қолға түспей келген. Сол себептен, Тбилиси соты оны 2017 жылғы мамырда сырттай 7 жылға бас бостандығынан айырған. Ал биылғы сәуірде жергілікті полиция қызметкерлері «Іздеу» арнайы операциясы кезінде тағы да шетел азаматтарын құрықтады.

Олардың бірі – Өзбекстан Республи­ка­сының 38 жастағы азаматы Ресей Феде­рациясы Қылмыстық Кодексінің 160-бабының 4-бөлімі бойынша (аса ірі кө­лемдегі өзгенің мүлкін иемдену) халық­аралық іздеуде болған. Сол елдің тағы бір азаматы Өзбекстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 165-бабына сәйкес (Бопсалаушылық) іздестірілген.

Тағы да дерекке жүгінсек, маусымда Өзбекстан Республикасының азаматы Атырау қаласында уақытша тұру үшін тіркелмек болған. Алайда көші-қон бө­лімінің қызметкерлері Халыққа қызмет көрсету орталығында оның құ­жа­тын тек­сер­генде халықаралық іздеу­дегі азамат екенін анықтады. Белгілі болғандай, өз­бек­стандық Мордовия Республикасында Ресей Федерациясы Қылмыстық Кодексінің 291-бабының 1-бөлімі бойынша айыпты деп танылған. Бір жыл бұрын ресейлік құ­қық қорғау органдары оған халықаралық іздеу жариялаған.

Іздеуде жүрген шетелдіктердің тізімі мұнымен шектелмей отыр. Атырау қа­лалық полиция басқармасының қыз­мет­керлері 15 маусымда Өзбекстан Респуб­ликасының 1994 жылғы азаматын да ұстады. Оған 2016 жылғы 1 қаңтарда Қара­қалпақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі Қылмыстық Кодекстің 223-бабының 2-бөлімі бойынша (шетелге заңсыз шығу немесе Өзбекстан Республикасына заңсыз кіру) қылмыс жасағаны үшін мемлекетаралық іздеу жарияланғаны анықталды.

Бұдан соң Ресей Федерациясының 45 жастағы азаматының Атырауда жасырынып жүргені белгілі болды. Бұл азамат та қашқын екен. Себебі оған биылғы мамырда сол елдің Қылмыстық Кодексінің 157-бабының 1-бөлімі бойынша (ата-ананың сот шешімі бойынша кәмелетке толмаған балаларды, сондай-ақ он сегіз жасқа толған мүгедек балаларды ұстауға қаражат төлеуден қасақана жалтаруы) мемлекетаралық іздеу жарияланыпты.

Өз елінің құқық қорғау органдарынан жасырынғаны аздай, енді тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік шекарасын қасақана бұзып өткен шетелдіктер де ұстала бастады. Жақында атыраулық полицейлер осындай заңсыз әрекет жаса­ған Өзбекстан Республикасының екі азаматын анықтады. Оның бірі 2015 жыл­дан бері Өзбекстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 223-бабының 2-бөлімі бойынша тіркелген қылмыстық іс бойынша заңсыз шекарадан өткені үшін іздестірілуде болған. Қазір 27 жастағы азаматша уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Ал 30 жастағы ер адам осыдан бір жыл бұрын Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылған. Қулығына құрық бойламайтын ол енді аты-жөнін өзгертіп, еліміздің мемлекеттік шекарасын қасақана кесіп өткен. Қазір Өзбекстанның екі азаматына қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 392-бабы 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Мұндай деректі жалғастыра беруге болады. Бірақ өз елінің құқық қор­ғау органдарынан қашып жүрген шете­л­діктер біздің елімізге неге үйір? Шека­радан ұшқан құстан басқаның бәрін қалт жібермейтін шекарашылардың қыра­ғылығы қайда? Елімізге көліктің қай түрі­мен жетсе де шетелдіктер жер астымен өтпеген шығар.

– Полиция қызметкерлері облыс аума­ғында «Мигрант», «Заңсыз келуші – 2021» жедел-профилактикалық іс-шаралары мен рейдтік тексерісті жиі ұйымдастырады. Мақ­сат – құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, заңсыз көші-қонға қатысты құқық бұ­зу­шылықтар мен қылмыстарды әш­ке­­ре­леу, заңсыз көші-қон арналарын анықтау. Осындай іс-шаралардың нәти­жесінде, жыл басынан бері көші-қон заң­ды­лығын бұзғаны үшін 4991 адам әкім­шілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішін­де 3110 шетел азаматы бар. Көші-қон заңдылығын бұзған 100 шетелдік сот ше­шімімен ел аумағынан тысқары шы­ға­рыл­ды. Көші-қон заңдылығын бұзған­дарға 7 029 743 теңге айыппұл салынып, толықтай өндірілді, – дейді облыстық По­ли­­ция департаментінің бастығы полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиев.

Қазақстан – тәуелсіздік жылдары мем­­лекеттік шекарасы шегенделген ел. Де­мек, өз елінде қылмыс жасағаны үшін ха­лықаралық, мемлекетаралық іздеу жария­лан­ған шетелдіктер шекарадан аттап бас­пауға тиіс. Алайда соңдарына түскен құқық қорғау органдарының құрығынан қашқан шетелдіктер Қазақстанға келуге неге сонша құмар? Қылмыскер шетел­діктердің біздің елдің аумағына алшаңдай басып кіруінің астарында не бар?

 

Атырау облысы