Бүгінде ел аумағында зиянды организмдердің 5 түрі тіркеліп отыр. Жалпы, аса қауiптi зиянды организмдер оқтын-оқтын жаппай көбеюге және таралуға бейiм. Нұр-Сұлтан қаласының аумағында экономикаға, экологияға залал келтiретiн мұндай аса қауiптi, зиянды организмдердің екі түрі – саяқ шегірткелер мен шалғын көбелегі тіркелген. Бұл организмдер жаппай тараған кезде ауылшаруашылық саласына орасан зор зиян келтіреді. Сондықтан зиянды организмдерге қарсы күрес іс-шараларын дер кезінде әрі сапалы жүргізу олардың жаппай таралуының алдын алады және таралу ошақтарын жояды. Бұл ретте зиянды және ерекше қауiптi организмдердiң саны мен олардан келетін шығынды азайту мақсатында бірқатар іс-шара қолға алынған.
Біріншіден, зиянды организмдер мекендейтін орындарды анықтау жөнінде фитосанитарлық мониторинг жүргізіледі. Екіншіден, зиянды организмдерге қарсы химиялық өңдеу жүргізу үшін пестицидтер (улы химикаттар) сатып алынады. Үшіншіден, пестицидтерді сақтау мен оны себетін жерге дейін жеткізу жұмысы атқарылады. Төртіншіден, зиянды организмдер ЭЗШ-ден (экономикалық зиянды шегі) көп мекендейтін орындарға химиялық өңдеу жүргізу жұмыстары іске асады. Мәселен, осы жылы қала аумағындағы 18 300 гектарға саяқ шегірткелерге қарсы зерттеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Зиянды организмдерге қарсы химиялық өңдеуге 814 гектар жер ұсынылып отыр. Бүгінде зерттеу жұмыстарының нәтижесінде зиян келтірудің экономикалық шегінен асқан 250 гектар аумақта химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ шалғын көбелегіне қарсы 600 гектар және үйірлі шегірткелерге қарсы 3 900 гектар жер зерттеуге ұсынылған.
Зерттеу жұмыстарын Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығының мамандары мен Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аумақтық инспекцияның өсімдіктерді қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлары және Нұр-Сұлтан қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының мамандары бірлесіп атқарды. Көктемгі-жазғы кезеңдегі зерттеу жұмыстарының нәтижесінде саяқ шегіртке, соның ішінде кіші айқышты саяқ шегіртке, атбасарлық саяқ шегіртке, фишер саяқ шегірткесі, ақ жолақты шегіртке дәрнәсілдері анықталды. Қаладағы табиғи шөптер, саябақтар, жол жиектері, бос жатқан тастанды жерлерде дәрнәсілдердің орташа тығыздығы шаршы метрге 3-8 дана, максималды көрсеткіш шаршы метрге 5-15 данаға дейін болды.
Саяқ шегірткелердің қанаттануы маусым айында байқалды. Олар көбіне-көп «Автокөлік базары» аумағында, Талдыкөл маңайында, Қарағанды-Павлодар айналмалы тас жолында, Софиевка бағытындағы тасжолда, Mega Silk Way, Қарағанды-Қосшы айналмалы тасжолы бойындағы аумақтарда қоныстанған. Аталған аумақтарда жерге химиялық өңдеу жұмыстары атқарылды. Зиянды организмдерге қарсы фитосанитарлық іс-шаралар ел аумағында қолдануға рұқсат етілген пестицидтермен өңделді.
Нұр-Сұлтан қаласының аумағында қолайлы фитосанитарлық ахуалды қамтамасыз ету дегеніміз қала аумағына жеткізілетін карантинге жатқызылған импорттық өнімдердің, сондай-ақ облыстар арасында тасымалданатын өнімдердің фитосанитарлық талаптарға сәйкестігіне тұрақты бақылау жүргізу, карантиндік және аса қауіпті организмдердің таралу ошақтарын анықтап, оларға қарсы оқшаулау және жою іс-шараларын іске асыру деген сөз. Бүгінде Еуразиялық экономикалық одағы аумағында барлығы 234 каран-
тиндік организмдер тізімі бекітілген. Сол организмдердің 56 түрі аталған экономикалық одақ аумағында шектеулі таралған болса, осы 56 түрдің 14-і ел аумағында шектеулі таралғандар саналады. Олардың қатарында карантиндік нысанның 8 түрі, карантиндік арамшөптердің 4 түрі, карантиндік аурудың 1 түрі, нематоданың 1 түрі бар. Ал елорда аумағында олардың жатаған (қызғылт) у кекіре – Acroptilon repens DC және арамсояулар – Cuscuta spp сынды тек 2 түрі тіркелген.
Жоғарыда аталған карантиндік нысандар жаппай таралған жағдайда ауылшаруашылық саласына орасан зор зиян келтіретіні анық. Соған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аумақтық инспекциясы өзіне жүктелген міндеттерді барынша сапалы атқарып келеді. Мәселен, биыл қала аумағында карантиндік арамшөптерге қарсы 4 417 гектар аумақта зерттеу жұмыстары жүргізілді. Сның ішінде 4 637 гектардағы жатаған у кекіреге және 300 гектардағы арамсояуға қарсы зерттеу ұйымдастырылды. Өткен жылғы зерттеу жұмыстары кезінде арамсояу мен у кекіре ошақтары анықталмаған еді.
Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың және Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі болғандықтан, жыл сайын елімізге әлемнің 100-ден аса мемлекетінен түрлі өсімдік тектес өнімдер импортталуда. Ол өз кезегінде елімізге карантиндік организмдердің жаңа түрлерінің еніп кету қаупін тудырады. Ал бұл жағдай еліміздегі карантиндік фитосанитарлық бақылауды (қадағалауды) сапалы әрі тиімді жүргізуді талап етеді. Осылайша, елордалық өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлармен биыл барлығы 19 305,0473 тонна, 8 547 456 дана, 3 333,681 шаршы метр импорт, ал экспорттау кезінде – 359,46 мың тонна, 471 184 дана, облысаралық тасымалдауда – 1 487 676,2 тонна, 4 361 547 дана көлемінде карантинге жатқызылған фитосанитарлық тәуекелі жоғары өнімдерді карантиндік фитосанитарлық бақылаудан өткізді.
Осы жылдың бірінші жартысында инспекция мамандары карантиндік организмдермен залалданған өнімдерді әкелудің 5 фактісін анықтады. Мәселен, бір жағдайда Ресейден әкелінген бұрыш өнімдерінен батыс гүл трипсі анықталып, өнім кері қайтарылса, екі жағдайда Литва және Кения елдерінен әкелінген жаңа кесілген гүлдерден батыс гүл трипсі анықталып, ол өнімдер тұрақты комиссия мүшелерінің қатысуымен өртеу әдісі бойынша жойылды. Тағы екі жағдайда арпа өнімдерінен жатаған у кекіре анықталып, өнім иелеріне тиісті нұсқамалар берілді.
Мемлекеттік қызмет көрсету аясында инспекция фитосани-
тарлық тәуекелі жоғары өсімдік тектес өнімдерді облысаралық тасымалдауға, экспорттауға рұқсат ететін карантиндік және фитосанитарлық сертификаттарды рәсімдейді. Мәселен, өсімдіктер карантині саласында мемлекеттік қызмет көрсету барысында 2021 жылдың бірінші жартысында барлығы 3 355 сертификат рәсімделді. Соның ішінде 2 825 карантиндік сертификат және 530 фитосанитарлық сертификат бар.
Карантиндік сертификаттар мемлекеттік қызмет көрсету стандартына енгізілген өзгеріске сәйкес тек электронды түрде жүргізіледі. Бұл қадам жеке және заңды тұлғалардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Инспекцияда қызмет алушыларға қолайлы жағдай жасалған. Мәселен, интернетке қосылған компьютермен жабдықталған өзіне өзі қызмет көрсету бұрышы (жеке куәліктен электронды қолтаңбаны оқитын) картридер құрылғысы бар. Жаңартылған ақпараттық стендтер, теледидарда www.egov.kz порталында өтінімді электронды түрде беру туралы бейнероликтер орналастырған.
Абат ЖАНҒАЛИЕВ,
Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы