Аймақтар • 19 Шілде, 2021

Жасыл желекті сақтау – ұдайы назарда

490 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Елорда аумағында фитосанитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі бұған дейін де өзектілігін жоймаған еді, бұдан кейін де жоймайды. Себебі өсiмдiктердi зиянкестерден, арам­шөптерден және өсiмдiктер ауруларынан қорғау ісі елорда­мыздың ажарын сақтап қалуда айрықша рөл атқарады.

Жасыл желекті сақтау – ұдайы назарда

Бүгінде ел аумағында зиянды организмдердің 5 түрі тіркеліп отыр. Жалпы, аса қауiптi зиянды организмдер оқтын-оқтын жаппай көбеюге және таралуға бейiм. Нұр-Сұлтан қаласының аумағында экономикаға, экологияға залал келтiретiн мұндай аса қауiптi, зиянды организмдердің екі түрі – саяқ шегірткелер мен шалғын көбелегі тіркелген. Бұл организмдер жаппай тараған кезде ауыл­шаруашылық саласына орасан зор зиян келтіреді. Сондықтан зиянды организмдерге қарсы күрес іс-шараларын дер кезінде әрі сапалы жүргізу олардың жаппай таралуының алдын алады және таралу ошақтарын жояды. Бұл ретте зиянды және ерекше қауiптi организмдердiң саны мен олардан келетін шығынды азайту мақсатында бірқатар іс-шара қолға алынған.

Біріншіден, зиянды орга­низм­дер мекендейтін орындар­ды анықтау жөнінде фито­са­нитарлық мониторинг жүр­гізіледі. Екіншіден, зиянды орга­низмдерге қарсы химиялық өңдеу жүргізу үшін пестицидтер (улы химикаттар) сатып алынады. Үшін­шіден, пестицидтерді сақтау мен оны себетін жерге дейін жеткізу жұмысы атқарылады. Төртіншіден, зиянды организмдер ЭЗШ-ден (экономикалық зиянды шегі) көп мекендейтін орындарға химиялық өңдеу жүргізу жұмыстары іске асады. Мәселен, осы жылы қала аумағындағы 18 300 гектарға саяқ шегірткелерге қарсы зерт­теу жұмыстарын жүргізу жоспар­лан­ған. Зиянды организмдерге қар­сы химиялық өңдеуге 814 гектар жер ұсынылып отыр. Бүгінде зерттеу жұмыстарының нәтижесінде зиян келтірудің экономикалық шегінен асқан 250 гектар аумақта химиялық өңдеу жұмыстары жүр­гізілді. Сондай-ақ шалғын көбе­легіне қарсы 600 гектар және үйір­лі шегірткелерге қарсы 3 900 гек­тар жер зерттеуге ұсынылған.

Зерттеу жұмыстарын Респуб­ликалық фитосанитарлық диаг­­ностика және болжамдар әдіс­темелік орталығының мамандары мен Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аумақ­тық инспекция­ның өсімдіктерді қор­ғау жөнінде­гі мемлекеттік инспек­торлары және Нұр-Сұлтан қаласының қа­лалық орта сапасы және бақы­лау басқармасының мамандары бір­лесіп атқарды. Көк­темгі-жазғы ке­зеңдегі зерттеу жұмыстары­ның нәтижесінде саяқ шегіртке, соның ішінде кіші айқышты саяқ шегіртке, атбасар­лық саяқ шегіртке, фишер саяқ шегірткесі, ақ жолақты шегіртке дәрнәсілдері анықталды. Қаладағы табиғи шөптер, саябақтар, жол жиектері, бос жатқан тастанды жерлерде дәрнәсілдердің орташа тығыздығы шаршы метрге 3-8 дана, максималды көрсеткіш шаршы метрге 5-15 данаға дейін болды.

Саяқ шегірткелердің қанат­та­нуы маусым айында байқалды. Олар көбіне-көп «Автокөлік ба­зары» аумағында, Талдыкөл маңа­йында, Қарағанды-Павлодар айналмалы тас жолында, Софиев­­ка бағытындағы тасжолда, Mega Silk Way, Қарағанды-Қосшы айнал­малы тасжолы бойындағы аумақ­тарда қоныстанған. Аталған аумақтарда жерге химиялық өң­деу жұмыстары атқарылды. Зиян­ды организмдерге қарсы фито­санитарлық іс-шаралар ел аума­ғында қолдануға рұқсат етілген пес­­тицидтермен өңделді.

Нұр-Сұлтан қаласының аума­ғында қолайлы фитосанитар­лық ахуалды қамтамасыз ету дегені­міз қала аумағына жеткізілетін ­карантинге жатқызылған импорт­тық өнімдердің, сондай-ақ облыс­тар арасында тасымалданатын өнімдердің фитосанитарлық та­лаптарға сәйкестігіне тұрақты ба­қылау жүргізу, карантиндік және аса қауіпті организмдердің таралу ошақтарын анықтап, оларға қарсы оқшаулау және жою іс-шараларын іске асыру деген сөз. Бүгінде Еу­разиялық экономикалық ода­ғы аумағында барлығы 234 ка­ран-­
тиндік организмдер тізімі бе­кітілген. Сол организмдердің 56 түрі аталған экономикалық одақ аумағында шектеулі таралған болса, осы 56 түрдің 14-і ел аумағында шектеулі таралғандар саналады. Олардың қатарында карантиндік нысанның 8 түрі, карантиндік арамшөптердің 4 түрі, карантиндік аурудың 1 түрі, нематоданың 1 түрі бар. Ал елорда аумағында олардың жатаған (қызғылт) у ке­кіре – Acroptilon repens DC және арамсояулар – Cuscuta spp сынды тек 2 түрі тір­келген.

Жоғарыда аталған карантин­дік нысандар жаппай таралған жағдайда ауылшаруашылық са­ласына орасан зор зиян кел­тіре­тіні анық. Соған байланыс­ты Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лі­гі Агроөнеркәсіптік ке­шендегі ­мем­­лекеттік инспекция ко­ми­те­тінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аумақтық инспекциясы өзіне жүк­телген міндеттерді барынша сапалы атқарып келеді. Мәселен, биыл қала аумағында карантиндік арамшөптерге қарсы 4 417 гектар аумақта зерттеу жұмыстары жүргізілді. Сның ішінде 4 637 гек­тардағы жатаған у кекіреге және 300 гектардағы арамсояуға қарсы зерттеу ұйымдастырылды. Өткен жылғы зерттеу жұмыстары кезінде арамсояу мен у кекіре ошақтары анықталмаған еді.

Қазақстан Еуразиялық эконо­микалық одақтың және Дү­ние­­жүзілік сауда ұйымының мү­ше­сі болғандықтан, жыл сайын­ елімізге әлемнің 100-ден аса мем­лекетінен түрлі өсімдік тектес өнімдер импортталуда. Ол өз ке­зегінде елімізге карантиндік ор­ганизмдердің жаңа түрлерінің еніп кету қаупін тудырады. Ал бұл жағдай еліміздегі карантиндік фи­тосанитарлық бақылауды (қа­дағалауды) сапалы әрі тиімді жүр­гізуді талап етеді. Осылайша, ел­ордалық өсімдіктер карантині жө­ніндегі мемлекеттік инспекторлар­мен биыл барлығы 19 305,0473 тонна, 8 547 456 дана, 3 333,681 шаршы метр импорт, ал экспорттау кезінде – 359,46 мың тонна, 471 184 дана, облысаралық тасымалдауда – 1 487 676,2 тонна, 4 361 547 дана көлемінде каран­тин­ге жатқызылған фитосанитар­­­лық тәуекелі жоғары өнімдерді ка­­ран­тиндік фитосанитарлық бақы­лаудан өткізді.

Осы жылдың бірінші жартысында инспекция мамандары карантиндік организмдермен залалданған өнімдерді әкелудің 5 фактісін анықтады. Мәселен, бір жағдайда Ресейден әкелінген бұрыш өнімдерінен батыс гүл трипсі анықталып, өнім кері қайтарылса, екі жағдайда Литва және Кения елдерінен әкелінген жаңа кесілген гүлдерден батыс гүл трипсі анықталып, ол өнімдер тұрақты комиссия мүшелерінің қатысуымен өртеу әдісі бойынша жойылды. Тағы екі жағдайда арпа өнімдерінен жатаған у кекіре анықталып, өнім иелеріне тиісті нұсқамалар берілді.

Мемлекеттік қызмет көр­сету аясында инспекция фи­то­­­­са­ни-
тарлық тәуе­ке­лі жо­ға­ры өсімдік тектес өнім­дерді облыс­ара­­лық тасымал­дау­ға, экс­порт­тау­ға рұқ­сат ете­тін ка­рантиндік және фито­сани­тарлық се­рти­фи­каттарды рә­сімдейді. Мә­селен, өсімдіктер карантині саласында мемлекет­тік қызмет көрсету барысында 2021 жылдың бірінші жартысын­да барлығы 3 355 сертификат рәсімделді. Соның ішінде 2 825 карантиндік сертификат және 530 фитосанитарлық сертификат бар.

Карантиндік сертификаттар мемлекеттік қызмет көрсету стан­дартына енгізілген өзгеріске сәй­кес тек электронды түрде жүр­гізіледі. Бұл қадам жеке және заңды тұлғалардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Инспекцияда қызмет алушыларға қолайлы жағ­дай жасалған. Мәселен, интернетке қосылған компьютермен жабдықталған өзіне өзі қызмет көрсету бұрышы (жеке куәліктен электронды қолтаңбаны оқитын) картридер құрылғысы бар. Жа­ңар­тылған ақпараттық стендтер, теледидарда www.egov.kz порта­лында өтінімді электронды түрде беру туралы бейнероликтер орна­ластырған.

 

Абат ЖАНҒАЛИЕВ,

Ауыл шаруашылығы министр­лігі Агроөнеркәсіптік кешен­дегі мемлекеттік инспекция комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аумақтық инспекциясының басшысы