Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:28

Жауапкершілікке тарту үдерісін жеделдету маңызды

26 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Осы күні алаяқтардың қулығына құрық бойламай отырғаны туралы жауапты органдар жарғақ құлағы жастыққа тимей жарыса айтып жатыр. Бірақ аңқау елдің қалтасын қағып, миллиондап қарызға батырып жатқандар әлі де азаймай отыр. Өйткені есікті жапса, терезеден кіріп, терезені бекітсе, тесіктен кіріп жатқан алаяқтар оңай олжаға кенелгісі келетіндердің психологиясын бес саусағындай біліп алған.

Жауапкершілікке тарту үдерісін жеделдету маңызды

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Биыл 11 айдың өзінде ғана 19 мыңнан аса интернет алаяқтық тіркелген. Соның салдарынан азаматтарға 30,6 млрд теңгеге жуық шығын келтіріліпті. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, алаяқтардың ең көп тараған тәсілі – белгілі сауда алаңдарының сайттарында, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджер­­лерде хабарландырулар орналастыру арқылы жасалатын интернет-саудаға тиесілі. Әдетте мұндай жағдайда алаяқтар тауардың немесе қызметтің төмен бағасын көрсетіп, алдын ала немесе толық төлемді сұрайды екен. Айталық, биыл дәл осындай 6,7 мыңнан аса қылмыс тіркеліп отыр. Сол үшін құқық қорғау қызметкерлері ғаламтордың мүмкіндігін пайдаланып, кез келген қызметті алатын кезде алаяқтардың құрбаны болмас үшін әрбір әрекетті жеті рет өлшеп, бір рет кескен абзал екенін жиі ескертеді. Біріншіден, тексерілген жарнама сайттарын ғана пайдаланған жөн. Екіншіден, тауарды алғаннан кейін төлем туралы келісу артық етпейді. Үшіншіден, тауардың бар екеніне анық көз жеткізіп, бейнеқоңырау арқылы нақтылап алған дұрыс болады. Егер сатушы басқа қалада болса, таныс адамдарды тауарға жіберген – оңтайлы шешім.

Қазір адамдар күмәнді бро­кер­лік компаниялар мен инвестициялық жобаларға инвес­тиция салу арқылы ақшаны тез көбей­ту­дің түрлі схемасына ілігіп жатыр. Мәселен, жыл басынан бері осындай қармаққа түс­кен құрбандардың саны 2 мыңнан асқан. Олар өз ақшаларын жоқ инвестициялық жобаларға салған. Кейбір жағдайларда осы мақсаттар үшін несиелер ресімдеп, жеңіл ақшаны іздегендер қолда бар жинақтарынан айырылған. Алаяқтар ірі компаниялардың, соның ішінде ұлттық компаниялар, банктер мен криптобиржалардың атынан жалған сайттар құрып, аңқау халықты құрығына түсіріпті. Алаяқтардың әрекеті онлайн-режімде ғана өтіп, адамдар жалған «менеджерлермен» және «брокерлермен» мессенджерлер арқылы тілдескен. Жұрттың сеніміне ие болу мақсатында кейбір алаяқтар үлкен қаржыны тарту үшін дивидендтерді бір реттік төлеуді жүзеге асырып отырыпты.

Келесі кең таралған әдістің бірі – әлі де сол банк, құқық қорғау және басқа да мемлекеттік орган­дар қызметкерлерінің атынан соғылған телефон қоңыраулары. Бұл орайда айта кетерлігі, қазір шетелден жасалған жалған қоңырауларды байланыс операторлары бірден бұғаттайды. Мұндай жүйе қолданысқа енгелі 64 миллионнан аса осындай қоңырау тоқтатылған.

Дегенмен интернеттегі алаяқтар адамдарды алдаудың жаңа амал-айласын іздеуге көшкен. Қазір негізінен шетелдік нөмірлерден және WhatsAppпен қоңырау шалу арқылы жасалған алаяқтық көп тіркеледі. Мәселен, биыл осындай 4,7 мыңнан аса қылмыс бел­гі­лі болып отыр. Мұндай сәтте алаяқтар қар­жының сақталуын қамтамасыз ету үшін азаматтарды ақшаны шоттан немесе депозиттен қауіпсіз «сақтандыру» шотына аударуға көндіреді. Бір қызығы, алаяқтардың арбауына ілінгендер өз еріктерімен несие ресімдеп, олардың айтуымен телефондарына қашықтан қол жеткізуге арналған қосымша орнатқан. Ең сорақысы, банктерден келіп түскен кодты алаяқтардың қолына өздері берген. Яғни бұл адамдардың банктің барлық қауіпсіздік шараларын өздері айналып өтетінін көрсетіп береді. Кейбір жәбірленушілер қолда бар мүліктерін, оның ішінде пәтер мен көліктерін де кепілге қойған немесе сатқан. Түскен ақшаны алаяқтардың шоттарына аударып берген. Ал банк пен полиция қызметкерлері ешқашан дербес деректерді сұратпайды, тіпті телефон арқылы арнайы операциялар жүргізбейді.

Астана қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі Айдар Қонысбектің айтуынша, биыл Астанада 11 ай ішінде 4,5 мыңнан аса интернеттегі алаяқтық тіркелген. Сондай-ақ ол алаяқтар ақпараттық тех­но­логиялардың жаңа мүмкіндіктерін сәтті қолдануға үйір екенін тілге тиек етеді. Сондық­тан полиция жедел уәкілі азаматтар да сандық дәуірде сауатты болу қажет екенін алға тартып отыр.

«Қазір ғаламторда құқыққа қарсы контент өріп жүр. Департамент қызметкерлері интер­нет желісін мониторингілеуде 900-ден аса құқыққа қарсы ре­сурсты анықтап, бағыттады. Сол үшін біз құқыққа қайшы контентті анықтау мен бұғаттаудың жеделдігін арт­тыруға негізделген «Киберқадағалау» ақпарат­тық жүйе­сінің қызметіне жасанды интеллект элементтерін әзірлеу және енгізу қажет­тілігі туралы министрлікке ұсыныс жібердік. Сондай-ақ алаяқтар Sim-бокстарды бел­сенді қолданады. Мысалы, осындай құрылғыға бір уақытта 500-ден аса sim-картаны қосып, отандық байланыс операторларының або­нент­тік нөмірлерінен қоңырау шалуға болады. Бұл жабдық пайдаланылған атау кодтарын үнемі өзгертеді. Олардың нақты орнын анықтау қиын. Сондай-ақ SIM-бокстар Қазақстан провайдерлеріне берілетін IP-мекен­жайларды пайдалануға мүмкіндік бере­ді. Ал бұл басқару елден тыс жерлерде де жүргізілетінін көрсетеді», дейді А.Қонысбек.

Биыл елорда аумағында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде шетелдік алаяқ­­тардан құқыққа қайшы мақсатта пай­даланған 14 sim-бокс тәркіленген. Полиция жедел уәкілі қазір кез келген сауда орталы­ғын­­дағы абоненттік нөмірлерді сатып алып, үшінші біреудің атына тіркеудің қиындық тудыр­майтынын айтады. Бұл үшін бар болғаны адамның ЖСН-ын білу жеткілікті. Оның айтуын­ша, абоненттік нөмірлерді тіркеу кезінде деректерді биометриялық верификациялауды енгізу туралы талап та толық қолға алынбаған. Мұн­дай ресім жүзеге асса, абоненттік нөмір­лер­ді құқыққа қайшы мақсаттарда пайдалануды едәуір қысқартады. Өкініштісі, қазір бұл функ­ция ерікті негізде жұмыс істейді және құ­қықтық негізі жоқ.

Биылдан бастап Ұлттық банк базасында іске қосылған «фродқа қарсы орталық» жобасы құқық қорғау органдары, екінші деңгейдегі банк­тер, төлем ұйымдарына алаяқтық белгі­ле­рі бар жүргізілген транз­акциялар туралы жедел ақпарат алмасуға арналған. Бірақ бұл қыз­мет­тің өзі де жеткіліксіз. Себебі осындай құқық бұзу­шылықтарды тіркеу статистикасы үнемі өсіп келеді. Маңыздысы, қылмыстық жолмен алынған ақшалай қаражаттарды шығаруда көмек көрсеткендерге, яғни «дропперлерге» қатысты қылмыстық немесе әкім­шілік жауапкершілікке тарту үдерісін жеделдету де маңызды болып отыр.

Көріп отырғандай, елдегі интернеттегі алаяқтықпен күрес жұмыстары ерекше бақылауда. Дегенмен кибералаяқтықтың шекарасы болмайтынын ескермейтіндер еңбек етпей қарын тойдыруды үйрететіндердің айтқанына сенеді. Шындығында, нарық заманында алмақтың да салмағы бар.