Жетісу жерінде тек қалалық аймақтарда ғана емес, шалғай аудандарда да мүмкіндігі шектеулі жандарға жан-жақты жағдай қарастырылған. Биыл шипалы Алакөл көлінің маңайындағы сауықтыру орталығында ерекше күтімді қажет ететін бірнеше бала демалып қайтқан еді. Енді міне, Жаркент топырағында қазақы емдеу тәсілін пайдаланатын иппотерапия орталығы жұмыс істейді. Аталған нысан қаладағы «Мерей» балаларды оңалту орталығының базасында орналасқан. Орталықтың ашылуына облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы қолдау көрсеткен.
«Ерекше қажеттіліктері бар баланың дүниеге келуі – ата-анаға үлкен жауапкершілік, сын. Ондай балалардың қоғамның толыққанды мүшесі болып өсуіне мемлекетіміз қолдан келетін барлық жағдайды жасап келеді. Оңалту орталықтарының, түзету кабинеттерінің қызметі арқылы балалар денсаулығын жақсартуға, пайдалы дағдыларды игеруге, қоғамға бейімделуге нақты мүмкіндік алып отыр. Осы ретте Жаркентте ашылған бүгінгі иппотерапия орталығының да үлесі зор болады деп сенеміз», деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сания Дүйсенбіқызы.
Орталық директоры Гүлназ Кибраеваның айтуынша, ауданы 400 шаршы метр болатын ангарлық типтегі жабық манеж сапалы жылу оқшаулағыш материалдардан қысқа мерзім ішінде тұрғызылған. Бұл иппотерапия сабақтарын қыста да өткізуге мүмкіндік береді.
«Мерей» балаларды оңалту орталығы 2022 жылы ашылды. Мұнда содан бері 40 тәрбиеленуші бейімдеу мен оңалтудан тұрақты түрде өтіп келеді. Солардың төртеуі қоғамға сәтті бейімделіп, мектепке, балабақшаға барып жүр. Енді міне, орталықтың ем шараларына иппотерапия бағыты қосылып отыр. Балалар иппотерапиядан ем алса, аяққа тұрып жүруі жақсарады, арқа бұлшық еттері нығая түседі, вестибулярлық аппараты жаттықтырылады. Жалпы, иппотерапия денсаулықты жақсартумен қатар, адамның одан әрі дамуына үлкен ықпал етеді», дейді Г.Кибраева.
Адаптивті атпен жүру сабақтарын аптасына үш рет өткізу жоспарланған. Осы мақсатта орталық басшылығы ерекше қажеттілігі бар балаларға көмектесуге ықылас білдірген «Бекнұр» шаруа қожалығынан Ақбоз, Адмирал атты екі жылқыны жалға алып отыр. Бұл жылқыларды пайдалануға медициналық білімі бар емдік дене шынықтырудың тәжірибелі екі нұсқаушысы көмектеседі.
Өз кезегінде психологтердің, дәрігерлердің қорытындысы мен ұсыныстары бойынша балалар ем алып, атқа мінуді бастайды. Мәселен, төрт жасар Мәдиді әжесі Шәкизат Сламжанова орталыққа бір жарым жасында алып келген. Бала алғашында аяғын басып жүре алмаған, айналасымен қарым-қатынасы да қиын болатын. Өзге де оңалту шараларымен қатар Мәди бүгін нұсқаушылардың көмегімен алғаш рет атқа отырып, иппотерапияны бастады.
Сол сияқты 8 жасар Мадиярдың анасы Мақпал Өскенбаева да әлемге танымал осы оңалту әдісі балаларға көмектесетініне сенімді. «Біз иппотерапия ашу идеясы қолға алынатыны туралы алғаш рет өткен жылы естідік. Облыс басшылығының қолдауымен осы игі бастама іске асырылғанына қуаныштымыз. Мұндағы материалдық-техникалық жарақтандыру, заманауи жабдықтар мен тренажерлер, емдік дене шынықтырулары балаларымыздың сауығуына, өз-өзіне деген сенімдерін нығайтуға ықпал етеді деген үмітпен келіп отырмыз», деді М.Өскенбаева.
Манежде монтуар, яғни балаларды атқа отырғызуға арналған арнайы баспалдақ орнатылып, қауіпсіздік мақсатында жаттығу алаңына құм төселген. Сонымен қатар мұнда жарықтандыру жүйесі бар, ата-аналар мен мамандар процесті сырттан бақылай алатындай қоршаулар орнатылған.
Өңір әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінде «Мерей» орталығында тірек-қимыл аппараты зақымданған, Даун синдромы, басқа да аурулары бар 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға 56 білікті маман көмек көрсетеді. Олардың ішінде педагог-тәрбиеші, әдіскер, дәрігер-невропатолог, педагог-психолог, логопед, психиатр, дефектолог, ортопед, массажист, емдік дене шынықтыру, жүзу нұсқаушылары, дене шынықтыру оқытушысы, сондай-ақ орта медициналық қызметкерлер бар. Тәрбиеленушілерге ыңғайлы болу үшін балаларды қауіпсіз тасымалдауға бейімделген екі «Вираж» ГАЗель көлігі қарастырылған.
Жетісу облысы