Жемшөп дайындау бойынша қазіргі жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев, өңірлердегі ахуал туралы Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов, Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Исқалиев, шаруаларды жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету туралы энергетика вице-министрі Әсет Мағауов, сумен қамтамасыз ету және ерекше қорғалатын аумақтарда шабындықтар бөлу туралы экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серікқали Брекешев баяндады. Жемшөп дайындау мәселелерін жедел шешу және оған тұрақты мониторинг жүргізу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігінің жанынан Республикалық жедел штаб жұмыс істейді. Өңірлерде жем-шөп дайындау жоспарлары айқындалды.
Биылғы 18 шілдедегі жағдай бойынша 10,6 млн тонна шөп немесе жоспарланған көлемнің 44%-ы дайындалды. Қосымша 1,6 млн тонна пішендеме, 2,1 млн тонна сүрлем, 4,8 млн тонна сабан және 6 млн тонна құнарлы жем дайындалады. Шөп шабуды ұйымдастыру үшін 255,8 мың га алаңды құрайтын орман алқабы аумақтары ұсынылды. 6,5 мың шабындық бригадасы ұйымдастырылды, әкімдіктер 41,4 мың тонна жанар-жағармай материалдарын жеңілдікті бағамен қайта бөлді. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ 170 мың тонна көлемінде 4-5 санатты арпа мен бидай сатып алуды қаржыландырды, қосымша 30 мың тонна компанияның ішкі резервтері есебінен қайта бөлінетін болады. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазіргі құрғақшылық кезеңінде фермерлерді жемшөппен қамтамасыз ету жөнінде жедел шешімдер қабылдау және жүйелі жұмыс жүргізу бойынша міндет қойды», деді А. Мамин.
Премьер-Министр жемшөп дайындау жұмыстарын жандандыру, шабындықтар беру мәселелерінде өңіраралық өзара іс-қимылды нығайту, құрғақшылықтан зардап шеккен өңірлердің қажеттілігі үшін жемшөп қорын қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
А.Мамин халыққа жемшөпті қолжетімді бағамен сату мәселесін ерекше бақылауға алуды тапсырды. Осы мақсатта ауыл шаруашылығы өндірушілерімен, ұн тарту кәсіпорындарымен және құрама жем зауыттарымен меморандумдар жасасу қажеттілігі атап өтілді. Жамбыл облысының халыққа қолжетімді бағамен шөп пен жемді сату үшін арнайы жәрмеңкелер ұйымдастыру тәжірибесі оң бағаланды. Солтүстік өңірлердің әкімдіктеріне сабанды барынша көп жинауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Премьер-Министр 200 мың тонна көлемінде мал азығы дақылдарын форвардтық сатып алуға «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ үшін Үкімет резервінен қаражат бөлу мәселесін қарауды тапсырды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда шөп шабу мүмкіндігін қамтамасыз ету, Энергетика министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп шөп шабу науқанына арзандатылған жанар-жағармайды қосымша бөлу тапсырылды. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ға Маңғыстау және Қызылорда облыстарына жемшөп тасымалдауға төмендетілген тарифті қамтамасыз ету тапсырылды.