12 шілдеде Ұлттық компания мен «Қазтеміртранс» АҚ («ҚТЖ» ҰҚ» АҚ еншілес мекемесі) басшылығының тапсырмасы бойынша тез арада вагондар қарастырылып, жеке экспедитор компаниялардың қаржылай қолдауымен шөп тиелген 5 вагон батыс өңірге жіберілді.
Іле еріктілер шөп таситын вагондар санын көбейту жөнінде тағы да ұсыныс жасады.
2021 жылдың 16 шілдесіне дейінгі шұғыл ақпарат бойынша серіктестер «Шынгар Транс» ЖШС, «Проммаш KZ» ЖШС, Integra Construction KZ ЖШС, «Бастау Транс»ЖШС қаржылай қолдауымен Арыс және Сарыағаш стансаларынан батысқа 10 вагон жөнелтілді. Тағы 30 вагонға қосымша өтініш түсті. Вагонға деген сұраныс әлі де көбеюі мүмкін.
Күрделі жағдайды ескере отырып, Ұлттық компания вагондар мен локомотивті қоса алғанда, еріктілер жинаған шөпті тегін тасымалдау туралы шешім шығарды. Бұл жеңілдік шектеулі уақытқа дейін күшінде болады. Сонымен қатар «ҚТЖ» ҰҚ» магистралдық желілердің монополиялық қызмет тарифі жеңілдіксіз толық төленуге тиіс екенін еске салады. Жалпы есептегенде еріктілер тасымал қашықтығына қарай, бір вагонға 102-ден 120 мың теңгеге дейін төлеуге тиіс.
Жүкті жіберуші мен қабылдап алушыға дейінгі тасымалды ұйымдастыруды «Қазтеміртранс» АҚ экспедиторлық қызмет төлемінсіз міндетіне алып отыр, деп хабарлады «ҚТЖ» АҚ баспасөз қызметі.
«Егемен-ақпарат»