Саясат • 20 Шілде, 2021

104 үміткер – «Ауыл» партиясынан

406 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Ауыл» халықтық-демо­кратиялық патриоттық партиясы ұсынған ауыл, ауылдық округ, аудан дең­гейіндегі қалалар әкім­дігіне ұсы­нылған үміткерлер сайлау ал­дындағы үгіт-насихат жұмысына кірісті.

104 үміткер –  «Ауыл» партиясынан

«Сайлау туралы» Конс­титуциялық заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес биылғы шіл­денің 25 күні өтетін әкімдер сай­лауына «Ауыл» ХДПП 104 үміт­керді ұсынды. Олар 13 облыста тіркелген.

Кандидаттардың саны бо­йынша ең көп өңірлер – Түркістан және Шығыс Қазақстан облысы (19 және 18 кандидат), сондай-ақ Ақтөбе мен Жамбыл облыс­тары (16 үміткерден). «Ауыл» партиясының ұсынған барлық үміткер бекітілген талаптарға сай деп танылып, аймақтық сайлау комиссияларынан кандидат куәліктерін алды.

Үгіт-насихат жұмысының көп бөлігі пандемияға байланысты қойылған талаптарды сақтай отырып, электоратпен тікелей кездесу арқылы өтпек. Сонымен қатар үміткерлердің дайындаған бағдарламалары жергілікті бұқаралық ақпараттар құралдары арқылы және қағаз жүзінде берілетін материалдар арқылы таратылады. Әлеуметтік желілер мен қолданыста кеңінен пайдаланылатын мессенджерлер де үгіт-насихат жұмысында қолданылатын болады.

Кандидаттар бағдарлама­ларының негізгі бөлігі «Ауыл» партиясының платформасы мен Жарғысына сәйкес келеді. Олар – ауыл инфрақұрылымын жақсарту, әлеуметтік мәселе­лер, жұ­мыссыздықпен күрес, агроөнеркәсіпті дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау ны­сан­дарының қолжетімділігін қам­тамасыз ету.

«Ауыл» партиясының ұсынған 104 кандидатының бар­­лығы – ауыл тумасы. Орта жасы 35 пен 45 арасында. Үміт­керлердің 11-і – әйел. Кан­ди­­даттар­дың орташа еңбек өтілі – 10-15 жыл.

Кандидаттар ұсынылған өңір­лерде «Ауыл» партиясының сенімді өкілдері мен байқау­шылары жұмыс істейтін болады, деп хабарлады «Ауыл» пар­тиясының баспасөз қызметі.

 

«Егемен-ақпарат»