Салық – мемлекет дамуының маңызды бөлігі. Салық түсімдерінің есебінен еліміздің қазынасы толығып отырады. Былтырдан бері осы салада өзгерістер мен жаңалықтар көп болды. Әсіресе пандемияға байланысты салық төлеу мерзімі өзгеріп, көлік және мүлік, жер салығы кейінге шегерілді. Айталық, бұрын көлігі бар азаматтар «темір тұлпарға» арналған салықты әр жылдың аяғында төлесе, былтырғы Салық кодексіне енгізілген өзгеріске сай келесі жылдың сәуір айына ауыстырылды. Мұның себебін мамандар өзін өзі басқару органдары бюджет қаражатын толық игеруі үшін жасалғанымен түсіндіреді. Салық жыл соңында түскен кезде жергілікті әкімдіктер бюджет қаражатын игеріп үлгере алмайды. Ал 2021 жылдан бастап, салық төлеу мерзімінің келесі жылға шегерілуіне байланысты жергілікті өзін өзі басқару органдарына бюджетті уақтылы игеру тұрғысынан жеңіл тигені анық. Ал салықты асықпай төлеу – азаматтарға да тиімді.
Тағы бір өзгеріс, жақында барлық қазақстандыққа жер және иелігінде тұрған мүлігінің салығы келе бастағаны белгілі. Бұл міндетті төлемді азаматтар биылғы 1 қазанға дейін төлеуге тиіс. Бұрын осы екі салық түбіртекте екі түрлі болып жазылып келетін. Көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары да жерге салық төлейтін еді. 2021 жылдың алғашқы айынан бастап, екі салық біріктіріліп, жылжымайтын мүлік салығы болып есептеле бастады. «Жеке тұлғаларға арналған салық дегеніміз – үйге, ғимаратқа, саяжайға, орынжайларға, басқа да құрылысқа салынған салық, яғни жекеменшігіңізде қандай да бір жылжымайтын мүлік болса, сіз оның салығын төлеуге міндеттісіз. Ал егер қандай да бір құрылыс ғимаратының тең үлестік қатысушысы болсаңыз, салық үлесіңіздің көлеміне қарай есептеледі. Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылдан бастап, көппәтерлі үйлердің тұрғындары жер салығынан босатылды, бұл заңмен бекітілген. Пәтеріңіз меншігіңзде болса ғана жылжымайтын мүлік салығын төлейсіз», дейді Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева. Бұдан бөлек, егер пәтер иесінде жеке жер учаскесі болса, оған салық төлеуі керек. Ал жер үйлердің меншік иесі екі салықты (жер мен мүлік салығын) жалғыз түбіртекпен төлейді.
Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтарды пандемия кезінде денсаулығын қатерге тікпей, салықты үйден шықпай-ақ «E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасымен төлеуге шақырады.
2020 жылға есептелген салық «E-salyq Azamat» мобильдік қосымшасының «Алдағы төлемдер» сервисінде орналастырылған. Азаматтарға алдағы салық сомасын төлеу мерзімін алдын ала білуге және дайын реквизиттер бойынша бір мезгілде төлем жүргізуге болады. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің департамент директоры Азамат Садықовтың айтуынша, мобильді қосымшаға кіру үшін азаматтың ұялы телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында (ХҚКО-да) тіркелуі қажет. Мұндай жүйе жеке деректер қауіпсіздігін қорғау мақсатында енгізіліп отыр.
Салық төлемдері сондай-ақ egov.kz порталында, банктердің мобильді қосымшаларында (Kaspi.kz, Homebank) бар. Ескерте кететін жайт, комитеттің және банктердің мобильді қосымшаларында көрсетіліп тұрған салық сомасы дербес шоттағы артық төлемді ескере отырып көрсетілген. Сондықтан алдын ала жіберілген төлемдердің сомасы салық берешегі болып саналмайды. Бұл сома «E-Salyq Azamat» мобильді қосымшасының «Салық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек туралы мәліметтер» сервисінде көрсетілмеген, дейді А.Садықов.