Экономика • 20 Шілде, 2021

Салық төлеу – міндетің

1478 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Салық төлеу – әр азаматтың міндеті. Елімізде 40-тан астам салық түрі бар. Мемлекет басшысының тапсыр­масынан кейін былтыр салық міндеттемелері мен төлем­дер біраз жеңілдеген еді. Бұған қоса, биыл­дан бас­тап заңға өзгерістер еніп, салық қарызы 17 мың теңгеден аспай­тын азаматтардың есепшоты бұғатталмайтын болды.

Салық төлеу –  міндетің

Салық –  мемлекет да­муы­ның маңызды бөлігі. Са­лық түсімдерінің есебінен еліміздің қазынасы толығып отырады. Былтырдан бері осы салада өзгерістер мен жа­­ңалықтар көп болды. Әсі­­ресе пандемияға бай­­ланысты салық төлеу мерзімі өзгеріп, көлік және мүлік, жер салығы кейінге шегерілді. Айталық, бұрын көлігі бар азаматтар «темір тұлпарға» арналған салықты әр жылдың аяғында төлесе, былтырғы Салық ко­дексіне енгізілген өзгеріске сай келесі жылдың сәуір айы­на ауыстырылды. Мұның себебін мамандар өзін өзі басқару органдары бюджет қаражатын толық иге­руі үшін жасалғанымен тү­сіндіреді. Салық жыл соңында түскен кезде жер­гілікті әкімдіктер бюд­жет қаражатын игеріп үл­гере алмайды. Ал 2021 жылдан бастап, салық тө­леу мерзімінің келесі жыл­ға шегерілуіне байланыс­ты жер­гілікті өзін өзі бас­қару органдарына бюд­­жетті уақтылы игеру тұр­ғысынан жеңіл ти­гені анық. Ал салықты асық­пай төлеу – азаматтарға да тиімді.

Тағы бір өзгеріс, жақында барлық қазақстандыққа жер және иелігінде тұрған мүлі­гінің салығы келе бастағаны белгілі. Бұл міндетті төлемді азаматтар биылғы 1 қазанға дейін төлеуге тиіс. Бұрын осы екі салық түбіртекте екі түрлі болып жазылып келетін. Көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары да жерге салық төлейтін еді. 2021 жылдың алғашқы айынан бастап, екі салық біріктіріліп, жылжымайтын мүлік салығы болып есептеле бастады. «Жеке тұлғаларға арналған салық дегеніміз – үйге, ғимаратқа, саяжайға, орынжайларға, басқа да құрылысқа са­лын­ған салық, яғни жекемен­ші­гіңізде қандай да бір жылжымайтын мүлік болса, сіз оның салығын төлеуге мін­деттісіз. Ал егер қандай да бір құрылыс ғимаратының тең үлестік қатысушысы бол­саңыз, салық үлесіңіздің кө­леміне қарай есептеледі. Ес­теріңізге сала кетсек, 2020 жылдан бастап, көппәтерлі үйлердің тұрғындары жер салығынан босатылды, бұл заңмен бекітілген. Пәтеріңіз меншігіңзде болса ғана жылжымайтын мүлік салығын төлейсіз», дейді Қаржы ми­нистр­лігінің Мемлекеттік кі­рістер комитеті басқарма басшысының орынбасары Айнұр Сартаева. Бұдан бөлек, егер пәтер иесінде жеке жер учаскесі болса, оған салық төлеуі керек. Ал жер үйлердің меншік иесі екі салықты (жер мен мүлік салығын) жалғыз түбіртекпен төлейді.

Мемлекеттік кіріс­тер ко­митеті қазақстан­дық­тарды пандемия кезінде ден­сау­лығын қатерге тікпей, салық­ты үйден шықпай-ақ «E-Salyq Azamat» мобиль­ді қосым­шасымен төлеуге шақырады.

2020 жылға есептелген салық «E-salyq Azamat» мобиль­дік қосымшасының «Алдағы төлемдер» серви­сінде орналастырылған. Аза­­маттарға алдағы салық сомасын төлеу мерзімін алдын ала білуге және дайын реквизиттер бойын­ша бір мезгілде төлем жүр­гізуге болады. Қаржы министр­лігі Мемлекеттік кіріс­тер комитетінің департамент директоры Азамат Сады­қовтың айтуынша, мобильді қосымшаға кіру үшін аза­маттың ұялы телефон нөмі­рі мобильді азаматтар базасында (ХҚКО-да) тіркелуі қажет. Мұндай жүйе жеке де­рек­тер қауіпсіздігін қор­ғау мақсатында енгізіліп отыр.

Салық төлемдері сон­дай-ақ egov.kz порталында, банктердің мобильді қо­сым­шаларында (Kaspi.kz, Homebank) бар. Ескерте ке­тетін жайт, комитеттің және банктердің мобильді қосым­шаларында көрсетіліп тұрған салық сомасы дербес шоттағы артық төлемді ескере отырып көрсетілген. Сондықтан алдын ала жіберілген төлемдердің сомасы салық берешегі болып саналмайды. Бұл сома «E-Salyq Azamat»  мобильді қосымшасының «Салық және әлеуметтік төлемдер бойынша берешек туралы мәліметтер» сервисінде көр­сетілмеген, дейді А.Садықов.