Коронавирус • 20 Шілде, 2021

Жастар індетке жиі шалдығып жатыр

1733 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыста соңғы аптада жаман індеттің шеңгеліне іліккендер саны 1001-ге жетті. Өңір 2 шілдеден бері «қызыл аймақта». Карантин талаптары күшейтіле түсті. Әйтсе де, қауіпті дерттің беті қайтпай тұр. Ең өкініштісі, балалар мен жастар арасында індетке шалдығу оқиғасы көбейіп барады.

Жастар індетке жиі шалдығып жатыр

Соңғы мәліметті сараласақ, шілде айы­ның басынан бері өңірде 1 920 індетке шалдығу оқиғасы тіркелген. Маусым айындағы көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай көп. Мәселен, маусымда өңірде 1 449 оқиға орын алған болатын. Соңғы уақытта карантин талаптары барынша қатайтылғанымен, індеттің азаймай тұрғанын аңғаруға болады. Оның ең басты себебі, халықтың өз денсаулығын өздері ойлап, сақтық шараларын сақтамайтынында деп айтуы­мызға толық болады. Алғашқы бетте біршама айылын жиғанымен, соңғы айларда көпшілік жиналатын әрқилы шаралар өткізу жиілеп кетті. Ара-тұра ұсталып, айыппұл төлегенімен, ат басын іркетін түрі көрінбейді. Ұлтымыздың дарқандығы да, бұрынғы салт-дәстүрін толық сақтай алмаса ұят санайтыны да кесірін тигізіп тұр.

Шілде айының басынан бері Көкшетау қаласында – 526, Бурабай ауданында – 221, Бұландыда – 153, Целиноградта – 95 адамның індет жұқтырғаны зертханада тексеріліп, расталған. Кейінгі бір тәулікте 175 адам індет жұқтырған, олардың 159-ында індет белгілері анық байқалған. Соңғы аптада індет жұқтыру деңгейі 2,9 есеге дейін көбейді.

Бүгінде індетке шалдығушыларға әзірленген төсектік орындардың 49 па­йызы пайдаланылуда. Жансақтау бө­лі­мінде 82 науқас жатса, олардың бесе­уінің жағдайы аса ауыр. Осы жолы індет­ке шалдығушылар арасында жүкті әйел­дердің саны көбейген. 76 жүкті әйел коронавирус жұқтырса, олардың 42-сі облыс стационарларында ем қабылдауда.

– Бүгінде емханаларға барып, денсау­лығына шағымданушылар саны көбейе түсті. Бұрын 60 жастан асқандар көбірек ауырса, қазір індетке жастар көптеп шалдығуда. Шілденің ортасына дейін ауырғандардың 12 пайызы – балалар, оның ішінде 1 жасқа дейінгілер – 2,1 па­йыз, 2-6 жас аралығындағылар – 2,9 па­йыз, 7-14 жас шамасындағылар – 4,8 па­йыз, 15-17 жастағылар – 2,1 пайыз. Өткен жылғы 6 айлық статистикаға үңілсек, жар­­ты жылда 1 246 жағдай зертханалық жолмен анықталып, олардың 143-і балалар болғанын анықтауға болады. Биыл 16 577 індет жұқтырушы айқындалса, оның 1 818-і – 14 жасқа дейінгі балалар. Салыстырып қарасаңыздар, жағдай өте ауыр, – дейді облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина.

Вакциналау облыста ақпан айынан бастап кезең-кезеңмен жүргізіліп келеді. Бүгінде облыс тұрғындары өз еріктері бойынша 4 түрлі екпенің ішінен қалағанын салдыра алады. Вак­циналардың алғашқы компоненті­мен облыста 190 867 адам қамтылса, екінші бөлігін 97 370-і ғана алып үлгерген. Жалпы, облыс тұрғындарының 46,4 пайызының вакцина қабылдауға мүм­кіндігі бар екен. Коронавирусқа қар­сы екпе алудың нәтижесінде медици­на және полиция қызметкерлері ара­сында індетке шалдығу 6 есе тө­мен­­деген. Бүгінде облыста медицина қызметкерлерінің – 93, педагогтердің – 69, полицейлердің 100 пайызы екпе салдырған. Мамандардың айтуына қа­рағанда, облыс тұрғындарының 60 пайызы екпе ектіргенде ұжымдық иммунитет қа­лыптаспақ.

 

Ақмола облысы