Аймақтар • 20 Шілде, 2021

Жұрт болып жұмылсақ, жұт қашады

369 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батысқазақстандық азаматтар, шаруа қожалықтары биылғы қуаңшылықтан қиын жағдайға ұшыраған маңғыстаулық әріптестеріне көмек қолын созуда. 18 шілде күні тай-тай шөп тиеген алғашқы көлік Түпқараған ауданына аттанды.

Жұрт болып жұмылсақ, жұт қашады

Осыдан бір апта бұрын Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауда­нындағы «Аманат» шаруа қожа­лығының жетекшісі Бақыт Дала­баев ақжайықтық шаруаларға үн­деу тастап, көмек қолын созуға ша­қырған болатын.

«Ердің басына да, елдің басына да не келіп, не кетпейді. Індет жағадан алып буындырып жат­қанда, еліміздің кей өңірінде малға шөп таппай, ақ-адал түлігі өліп жа­тыр. Жейтін шөп жоқтығынан картон шайнап, пакет жеген малды көргенде қатты қиналдық. Қа­зақ халқы қиындықта бір-бірін жы­лусыз қалдырмайды. Оған тарих куә. Сондықтан биыл мал азы­ғы­нан тарылған аймақтарға шөп жет­­кіземіз деп үндеу тастап, біраз ша­руаның басын қайырдық» дейді Б.Далабаев.

Бұл бастаманы алдымен Бөр­лі ауданы фермерлері қызу қол­дап әкетті. Үш күн ішінде қайы­рымдылық марафонына бөрлілік 18 шаруа қожалығы қосылды. Бәйтерек пен Шыңғырлау аудандарынан 3 фермерден, Тасқала мен Теректіден 1 фермерден белсеніп шықты. Қазталов пен Жәнібек ауда­ны шаруа қожалықтары шөп да­йындап беруге уәде беріп отыр. Аз күнде қаржылай 171 мың теңге жи­налған. Бұған қоса «Бауырлар Нарм» шаруа қожалығының же­тек­шісі Нұрлыбай Жолдыбаев ор­тақ қорға 100 мың теңге қосып, мәрт­тік танытты. Өңірдегі «Азық­тү­лік­­корпорация» ұйымы да өз қо­рынан Маңғыстауға 600 тоннадан аса арпа дәнін бөлуге шешім қа­былдаған.

Маңғыстау малына Жайық бо­йының көк шалғынын тиеген алғашқы көлік 18 шілде күні Бөр­лі ауданы Сұлусай аулынан аттанды. Ауылдағы «Рауан» ЖШС бас директоры Шәміл Мұ­рат­байұлы бастаған шаруалар 200 дана тайланған шөп жинап, теңіз бойындағы ағайынға хабар берген екен. Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы «Азамат» шаруа қожалығынан Елжас Қожабеков өз көлігімен арнайы келіп, алғашқы 35 тай шөпті артып алып кетті.

«Елдің елдігі осындай қиын сәтте білінеді ғой. Маңғыстаулық бауырларға көмек қолын созуға әзірміз. Ауылдағы «Рауан» ЖШС жетекшісі Шәміл Мұратбайұлы, «Еңбек» ШҚ басшысы Самат Ізтайұлы, «Бірлік» ШҚ жетекшісі Асанов Ғибатолла, ауыл азаматы Ілияс Дүйсенбаев деген жігіт­тердің арқасында осындай қа­йырымдылық керуені Маңғыс­тауға аттанғалы отыр. Бұл көмек әлі жалғасады» дейді Сұлусай ауыл­дық округінің әкімі Нұрлан Талап­танұлы.

 

Батыс Қазақстан облысы