Өнер • 20 Шілде, 2021

Дина мерейтойының дүбірі

356 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ресейдің Астрахань облысындағы қандас­тарымыз ғана емес, өзге ұлттың өкілдері де қазақтың тарихы мен мәдениетіне, өнеріне қызығушылық танытады. Өйткені аталған өңірдің Володар ауданында қазақтың күй өнеріне мол мұра қалдырған Құрманғазы Сағырбайұлы мәңгілік тыныстаған. Ал күй ата­сының шәкірті Дина Нұрпейісованың Ас­трахань облысында тұрғаны анықталып отыр.

Дина мерейтойының дүбірі

Астрахань облысы гу­бернаторының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйен­сек, Ресей жерін 15 жылға жуық мекендеген күй анасының 160 жылдық мерейтойы дүбірлетіп атап өтілмек. Сол себептен арнайы іс-шаралар жоспары жасақталыпты. Соның бірі – Дина Нұрпейісованың өмірі мен өнері жайлы жаңа кітаптың таныстырылымы.

– Ұлы күйшінің мұра­сын насихаттаған бірегей шәкірті 1922-1937 жылдары Астрахань облысының бірнеше елді мекенінде тұрған. Оның ішінде қазіргі Володар ауданының Козлов ауылы да бар. Дина әжеміз 1934 жылы Марфин ауылында өткен көркемөнерпаздар байқауында бірінші жүл­дені иеленген. Оны айғақ­тайтын құрмет грамотасы сақталған, – дейді өлке­танушы Асылбек Ситалиев.

Оның айтуынша, Ас­тра­хань облыстық мем­ле­кет­тік архивінен Дина Нұр­пейісованың отбасы мү­шелерінің, тіпті сиыр мен қойдың тізімі көрсетілген құ­жат табылыпты. Бұл – Мар­фин ауданындағы Коз­лов ауылдық кеңесінің ар­хивтік анықтамасы. Сон­дай-ақ астраханьдықтар шы­ғарған «Естелік кітабында» ұлы Хажен мен немересі Қо­­жахметтің 1941 жылы Екін­­ші дүниежүзілік соғыс­та хабарсыз кеткені, ал жа­уын­герлік ордендер мен ме­дальдарға ие болған үлкен ұлы Жұ­рынбайдың 1946 жы­лы өмір­ден өткені туралы жазылған.

Атырау облысы