Білім • 20 Шілде, 2021

Мемлекеттік грант тағайындау конкурсына 40 мыңға жуық өтінім берілді

275 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін 40 мыңға жуық өтініш берілді. Құжаттарды қабылдау 16 шілдеде басталып, 25 шілдеге дейін жалғасады, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекеттік грант тағайындау конкурсына 40 мыңға жуық өтінім берілді

Құжаттарды рәсімдеу Egov электрондық үкімет порталы арқылы онлайн форматта жүзеге асырылады.

Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін талапкер келесі құжаттарды рәсімдеу қажет:

1. Жеке куәлік;

2. 3х4 көлеміндегі электрондық цифрлық фото;

3. Орта білім туралы аттестаттың көшірмесі;

4. Техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) ұйымдарының түлектері үшін дипломның көшірмесі;

5. ТжКБ ұйымдарының түлектері үшін жұмыс өтілін растайтын құжаттар;

6. Жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысу үшін растайтын құжаттар, атап айтқанда:

  • I, II топтағы мүгедектер, бала кезінен мүгедектер, мүгедек балалар қатарындағы азаматтар;
  • Жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы қатысушыларына теңестірілген адамдар;
  • Ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар;
  • Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар; 
  • Жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар қатарындағы азаматтар;
  • «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасына қатысып жатқан ауыл жастары («Серпін»);
  • 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар;
  • Мәртебесі кемінде үш жыл толық емес отбасылар қатарындағы балалар;
  • Бала кезінен мүгедек балаларды, бірінші және екінші топтағы мүгедектерді тәрбиелеп отырған отбасылардан шыққан балалар.

Егер талапкер «Алтын белгі» иегері болса немесе отансүйгіштік және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен марапатталса, онда ол басқа талапкерлермен балдары тең болған жағдайда басым құқыққа ие болады.

Олимпиадалар мен спорттық жарыстардың жеңімпаздары да басым құқыққа ие. Өтініш берушінің мұндай жетістіктері ескерілуі үшін растайтын құжаттардың көшірмелерін де жүктеу қажет.

Шет тілін меңгергенін растайтын халықаралық сертификат болған кезде өтініш беруші халықаралық тіл сертификатының атауын, балын көрсетеді және электрондық сертификатты тіркейді.

Конкурсқа қатысу үшін құжаттарды тапсыру кезінде медициналық анықтама талап етілмейді. Медициналық анықтаманы тамыз айында университетке қабылдау кезінде тапсыру қажет.