Екі ғасырдан астам тарихы бар, Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың табаны екі рет тиген қасиетті де киелі Орда топырағы тағы бір тарихи жәдігермен толықты. Күні кеше ғана мұнда 1918 жылы ашылған тұңғыш Қазақ кеңестік баспаханасының 95 жылдығына орай Бөкей ордасы тарихи мұражай кешені құрамында жаңадан баспахана мұражайы ашылды.

Бұл жаңа ғимараттың есігіне керілген лентаны қию құрметі облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы А.Батырханов пен қарт қаламгер Тұрақбай Шәкеновке бұйырды. Осынау салтанатты шараға аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов та қатысып, өзінің ізгі тілегін жеткізді.

Иә, бұл шежірелі мекеннің айтар сыры да, жыры да көп. Жаңа мұражай экспозициясында тұңғыш қазақ баспаханасы тарихы барынша қамтылыпты. Баспахана мұражайынан басылып шыққан «Хабар», «Қазақ дұрыстығы», «Дұрыстық жолы» газеттерінің алғашқы нөмірлерінің көшірмелерін, «Хабар» газетінің тұңғыш редакторы С.П.Милютиннің, алғашқы әріп терушілер Ибраһим Мулякаевтің, Абдолла Денгизбаевтың, газет-журналдар шығаруға белсене қатысқан басқа да тұлғалардың фотосуреттерін көруге болады. Жаңа ғасыр басына дейін аудан өмірінің айнасы – «Орда жұлдызы» газетін шығарып келген аудандық баспаханадағы түрлі полиграфиялық құрал-жабдықтардың да рет-ретімен осында орын тебуі жарасып-ақ тұр. Ертең-ақ олар да құнды жәдігерге айналары хақ.
– Осымен болдық дей алмаймыз. Кезінде бұл баспаханадан түрлі газет-журналдарға қоса, саяси, әдеби брошюралар шығаруға атсалысқан Елеусін Бұйрин, Ғұмар Қараш, Сейітқали Меңдешев, Халел Есенбаев, тағы басқа да көптеген тарихи тұлғалар туралы деректі мәліметтер жинастыру үстіндеміз, дейді кешен директоры Ғайса Темірболатұлы.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан».
Батыс Қазақстан облысы,
Бөкей ордасы ауданы.