Қоғам • 21 Шілде, 2021

Ана мен баланы қолдауға 130,4 млрд теңге бөлінді

383 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ағымдағы жылдың 6 айында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ана мен баланы қолдау үшін 130,4 млрд теңге сомасына әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды, деп хабарлайды Egemen.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Ана мен баланы қолдауға 130,4 млрд теңге бөлінді

Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табыстан айырылу жағдайына МӘСҚ-тан төленетін әлеуметтік төлем әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысатын жұмыс істейтін әйелдерге жүктілік және босану бойынша уақытша еңбекке жарамсыздық парағы негізінде тағайындалады.

Ағымдағы жылдың І жартыжылдығында осы біржолғы төлемді 114 633 болашақ ана жалпы сомасы 57,3 млрд теңгеге алды. Оның мөлшері соңғы 12 айдағы МӘСҚ-ға әлеуметтік аударымдар төленген табыстарға және еңбекке жарамсыздық парағына сәйкес еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады. Сондай-ақ ағымдағы жылдың І жартыжылдығында МӘСҚ-тан 459 217 алушыға жалпы сомасы 73,1 млрд теңгеге 1 жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда ай сайынғы әлеуметтік төлемдер жүзеге асырылды. Бұл төлемнің мөлшері соңғы 2 жыл ішіндегі МӘСҚ-қа әлеуметтік аударымдар төленген орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды.

Заңнамада төлемнің ең төменгі мөлшері белгіленген – міндетті зейнетақы жарналарының осы сомасына қосымша аударумен 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ұқсас ай сайынғы мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы деңгейінде. Төлемнің ең жоғары мөлшері – тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төмен жалақының жеті еселенген мөлшерінің 40%-ынан аспайды, яғни 2021 жылы – 119 мың теңге.

Жоғарыда көрсетілген әлеуметтік төлемдердің тағайындалған сомаларынан міндетті зейнетақы жарналары ұсталады және алушының Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы шотына аударылады. МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәсілдерінің бірі азаматтар мемлекеттік органдарға жүгінбейтін проактивті формат болып табылады. Мұндай жағдайларда әйелдің ұялы телефонына төлемдерді ресімдеуге қатысты sms-хабарлама келеді, соған келісім беру қажет.

Проактивті қызмет көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланысының абоненттік құрылғысының телефон нөмірі электрондық үкіметтің egov.kz порталында тіркелген, жұмыс орны бойынша еңбекке жарамсыздық парағын берген және декреттік демалысты ресімдеу туралы ақпараттық жүйелерден мәліметтер алынған, еңбекке жарамсыздық парағы берілген айдың алдындағы айда көрсетілетін қызметті алушыда әлеуметтік аударымдар болған және банк шотының нөмірі көрсетілген жағдайда көрсетіледі.

Сондай-ақ баланың туу туралы куәлігін алғаннан кейін, электрондық цифрлық қолтаңба болған жағдайда 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша төлемді электрондық үкімет порталы арқылы ресімдеуге болады. Бұл ретте құжаттарды қағаз нысанында беруге ыңғайлы адамдар үшін тұрғылықты жері бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімшелері арқылы өтініш берудің дәстүрлі тәсілдері де бар. МӘСҚ-тан төленетін барлық төлемдер туралы толық ақпаратпен www.gfss.kz интернет-ресурста танысуға болады.