Коронавирус • 21 Шілде, 2021

Әскери медицина қызметкерлері аудандарға жіберілуі мүмкін

148 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстанда коронавируспен күресуге азаматтық ұйымдармен қатар армия да атсалысады. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің ресми сайты хабарлады, деп жазады Egemen.kz

Әскери медицина қызметкерлері аудандарға жіберілуі мүмкін

Қазіргі уақытта Қазақстанның Қарулы Күштерінде COVID-19-бен күресу және індеттің жеке құрам арасында таралмауын болдырмау үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Әскери бөлімдер мен мекемелерге қажетті қорғаныс құралдары және медициналық мүліктер беріліп, эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық іс-шаралар өткізілуде. Мамандар жеке құрамның денсаулығына үнемі мониторинг жүргізеді.

Жеке құрамның 99%-ы коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын, 92%-ға жуығы екінші дозасын алды.

Сонымен бірге әскери дәрігерлер азаматтық ұйымдарда қызмет атқаратын әріптестеріне көмекке келуге әзір. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Алматы мен Нұр-Сұлтанда әскери госпитальдар әзірленді. Елордадағы Бас әскери клиникалық госпиталі шілде айынан бастап коронавируспен сырқаттанғандарды емдеуді бастады.

– Алматы, Талдықорған және Үшаралдағы үш әскери-емдеу мекеме азаматтарды қабылдауға әзір. Жағдайы ауыр науқастар үшін жансақтау бөлімшелері дайын. Олар өкпені жасанды желдету аппараттарымен, пульсоксиметрлермен, оттегі концентраторларымен және басқа да жабдықтармен жабдықталған, – деп хабарлады ҚР ҚК Бас әскери-медициналық басқармасы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бастығы полковник Әлбек Манабаев.

Санитарлық-эпидемиологиялық орталықтың екі филиалы –  «Астана» мен «Батыста» мамандардың саны артып, құрамына эпидемиолог, вирусолог, бактериолог пен зертханашылар енгізілді.

Аягөз, Талдықорған,  Сарыөзек және Семейдің әскери госпитальдарында қосымша төрт инфекциялық изолятор жұмыс істейді.

Нұр-Сұлтан мен Алматыда екі стационарлық ПТР-зертхана, сондай-ақ Ақтау мен Семейде ПТР-тестілеуді өткізу мүмкіндігі бар мобильді зертханалық кешен жұмыс істейді.

Шалғайда орналасқан аудандардың тұрғындарына көмек ретінде дәрігерлік-мейіргерлік бригадалар мен Қарулы Күштердің санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің мамандары қысқа мерзімде жіберілуі мүмкін.