Қазақстан • 21 Шілде, 2021

Қазақстан БҰҰ-да баяндама жасайды

714 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде «Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияны Қазақстан Республикасының орындауы туралы сегізінші-оныншы жиынтық мерзімді баяндаманы» қорғауға дайындалу жөніндегі жұмыс тобының отырысы өтті, деп жазады Egemen.kz министрліктің бапасөз хабарламасына сілтеме жасап.

Қазақстан БҰҰ-да баяндама жасайды

Отырысқа жұмыс тобының мүшелері, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері және БҰҰДБ Қазақстандағы өкілі қатысты.

Айта кетсек, пандемияға байланысты Қазақстанның БҰҰ Нәсілдік кемсітушілікті жою жөніндегі комитетінде Баяндама жасау мерзімі өзгертіліп, 2022 жылы Женевада өткізу жоспарланған болатын.

Іс-шара барысында жұмыс тобының жетекшісі Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев кеңеске қатысушыларды баяндама мазмұнын қайта талқылауға шақырды.

«БҰҰ Комитеті ұсынымдарының басым бөлігін Қазақстан орындады. Сонымен қатар мұқият зерттеуді қажет ететін бірнеше ұсыныстар бар, мысалы, дискриминацияға қарсы жеке заңнаманы әзірлеу. Бұл мәселе түрлі елдердің тәжірибесі арқылы одан әрі бірлескен зерттеуді талап етеді», деді С.Егізбаев.

Сонымен қатар БҰҰДБ-ның Қазақстандағы шақырылған ұлттық сарапшысы БҰҰ Комитетінің қорытынды ескертулерін жою бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Естеріңізге сала кетейік, 1998 жылы Қазақстан Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы Халықаралық конвенцияны ратификациялаған болатын. Конвенция нормаларын орындау шеңберінде ҚР Үкіметінің қаулысымен «Нәсілдік кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияны Қазақстан Республикасының орындауы туралы сегізінші-оныншы жиынтық мерзімді баяндамасы» бекітілген.

Баяндама ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы Ведомствоаралық жұмыс тобы барлық мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен әзірленіп, 2014-2017 жылдар аралығындағы есептік кезеңде Қазақстанның Конвенция баптарын іске асыруы жөнінде ақпарат қамтылған.