Ғылым • 21 Шілде, 2021

Ғылым – инновацияның қайнар көзі

762 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бүгінде ғылыми-техникалық жетістіктерін қолдана отырып, экономика саласында дамудың даңғыл жолына түскен елдер көп. «Елімізде ғылыми-техникалық үдеріс қалай дамуда, инновациялық әлеуетіміз қандай?» деген мәселелер уақыт күттірмей шешуді қажет етеді. Ал мамандар бәсекеге лайықты ел болудың негізін сапалы білім, жаңа технологиялар мен инновациямен тығыз байланысты деп түсіндіреді.

Ғылым – инновацияның қайнар көзі

Техника ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент-мү­шесі, Еуразиялық тау ғылымдары ака­демия­­сы­ның вице-президенті Сейіт­қали Ғалиев Елі­міздегі ұлттық инновациялық жүйенің тиім­ділігін өте төмен деңгей­де еке­нін айтады. «Ұлттық иннова­ция­­ның қа­лыптасқан ережесіне назар аудара­тын болсақ, тұтынушыға дейін­гі инно­вациялар трансферті мен оның жүзеге асу барысын қамтамасыз ететін институттардың жиынтығы екенін ғана аңғаруға болады. Ресейде ұлттық инновациялық қызметті жүзеге асыруға қолдау көрсететін арнайы нысандар мен институттар жұмысы жолға қойылса, Швеция сияқты дамыған елде бұл жеке және мемлекеттік секторда импорт, модификация және жаңа технологияларды таратуды жүзеге асыратын институттармен, ал ағылшындар­да білім беру, тәжірибе әрекеттестігі мен жаңа технологияларды анықтауға ықпал ететін ұйымдар жүйесімен ерекшеленеді», дейді С.Ғалиев. Оның айтуынша, бүгінгі Қазақстан жағдайында ғылым инновацияның қайнар көзі ретінде бұл үрдістен шет қалып отыр. Осыған қарап, салыстырмалы түрде алғанда, аталған елдерде инновацияны дамытудағы құралдардың, тіптен қадамдар мен механизмдердің әртүрлі екенін көруге болады. Осылайша елімізде даму инс­титуттары қолданып жатқан міндеттер мен мақсаттарға қарап, аталған жүйенің біздің елде мүлде жоқ екенін көреміз.

Ұлттық инновациялық жүйеміз технологиялар түріндегі импортты инновациялар трансферті мен консультативті құзырет­тілікке ғана басымдық берумен шектелген. Даму институттарының отандық инноваторлармен тәуекелдерге баруы да сирек жағдай әрі шығынды өтеу үрдісі жоба сәтті аяқталғаннан кейін ғана жүзеге асып жатады. Бұл – тех­но­логиялық жаңғырту тұрғы­сы­нан қате ұстаным.

Аталған тақырыпқа байланысты мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады әрі оның барысынан ұлттық инновациямыздың мақсатсыз әрі жүйесіздігі айқын көрініп-ақ тұр.

Осы орайда ғалым отандық ғылы­ми жетістіктерді өндіріске енгізу мүм­кіндіктері жайында сөз қозғап, оның да жағ­дайы мардымсыз екенін айтып, ғы­лыми және өндірістік салалар ара­сындағы алшақтық, ғылымды қаржыландырудың төмендігі, отандық өнеркәсіптік саясаттың әлсіздігі сияқты бірқатар факторды негізге алды. Әрі оның нақты мысалдарын тау өндірісі негізінде қарастырған С.Ғалиев бүгінде еліміздің тау-кен өндірісі саласында ақпараттық өнімдер мен қызметтердің 95 пайызы импортқа тәуелді екеніне назар аударды. Ресми деректер бо­йынша Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің импорты 2019-2020 жылдары орташа алғанда жылына жалпы тауарлар импортының 90,5 пайызын құраған. Көлік саласында өнімнің 80 пайызы басқа елдерден әкелінген. Ал отандық нарықтағы импорттық дәрі­лердің үлесі 90 пайызға жуық. Осы деректерге қарап, елдегі цифрлық транс­фор­мация үдерісі өз бетінше жүзеге асып жатқанына көз жеткізуге болады. Ал оның жергілікті әлеуеті бар болғанымен, ол да қанағаттанарлықсыз күйде.

«Елімізде инновациялық дамуды методологиялық тұрғыдан қам­тамасыз етуге ерекше назар аудару қажет. Мысалы, дамыған елдер тәжіри­бесінде ғылым мен инновацияға 20 пайыз­дан жоғары шығын шығарған кәсіпорындар инновациялық белсенді саналады. Қазақстанда бұл көрсеткіш әзірге 0,14-0,15-ті құраса, дамыған елдерде 0,6-0,7-ден жоғары деңгейде тұр. Осы көрсеткішке қарап, елімізде аз да болса алға жылжу бар екенін аңға­рамыз. Өйткені салыстырмалы түр­де қарастыратын болсақ, 2010 жылы бұл көрсеткіш ресми түрде 0,03-0,04 пайыз­ды құраған. Осы тұста айта кете­тін басты мәселе – импорттық ин­нова­цияға шығатын шығынның ғылым мен инновацияға бөлінген шығын ретін­­де қабылдануы. Мұны да қаперге алған жөн. Егер де елімізді, сондай-ақ ұлт­тық қоғамдастықты дамытамыз десек, өнеркәсіп кешенінің технологиялық жаңғыруымен айналысуымыз керек. Ол үшін өнеркәсіп саясатында жалпы қабылданған методологиялық жаң­ғыру қағидаттарын ұстану қажет. Ал индустриялық-инновациялық дамудың тиімділігі ғылыми-өндірістік және ұлт­тық тепе-теңдікті сақтағанда жүзеге асатыны сөзсіз. Ол үшін ғылыми-ин­но­вациялық қызметті бюрократиялық кедергілерден қорғайтын заңнамамен қамтамасыз етіп, бұдан былай мемлекет­тік емес, ұлттық өнеркәсіптік саясатты жүзеге асыру қажет», дейді С.Ғалиев.

Жалпы ғылымды қаржыландыру мен басқару механизмдері жүйелі талқылауды қажет ететіні сөзсіз. Бұл ретте С.Ғалиев тәуелсіздік жылдарындағы және қазіргі ғылымның даму барысын сараптай келе, жаппай конкурстық қар­­жыландыру ғылыми әлеуетті бірте-бірте жоюдың тиімді механизмі еке­нін атап өтті. Жыл сайын ғылыми маз­мұн­ның құндылығы кетіп, бүтіндей мектептер мен бағыттар жойылып барады. Гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша соңғы конкурстар формальды белгілері бойынша жобаларды қабылдамауға бейілділікті көрсетті. Бұл стейкхолдерлерге ғылымнан ғылыми жобалардың мазмұны, олардың ел үшін өзектілігі және индустриялық-инновациялық да­муға жәрдемдесу тұрғысынан тиім­ділігі мүлдем бейжай қарамайтынын көр­сетеді. Мұның өзі – нонсенс. Ғылым дамуына нақты мүдделі жүйе, керісінше, фор­мальды сәйкессіздіктерді жоюға көмек­теседі, өйткені онда басты міндет пен мақсат – перспективалық жобаларды іздес­тіру және оларды ілгерілету үшін жағдай жасау және мүмкіндігінше толық іске асыру.

Ғалымның бұл пікірімен келіскен профессор, физика-математика ғылым­дарының докторы, академик Серікбол Тоқмолдин ғылым мен инновацияның иісі де шықпайтын гранттар қандай да бір әлеу­меттік көмекке айналып бара­ды деген уәжін білдірді. Бұдан бұрын мәлім болғанындай, академик С.Тоқмол­дин мен физика-математика ғылым­дарының кандидаты Эльдар Кнар «Ғылым доктринасын» жазып, онда отандық ғылым саласындағы өзекті жайттар мен олардың шешу жолдарына қатысты мәселе көтерген болатын.

«Бүгінде ғылыми шығармашылықты есеп беру мен тапсырыс беруге, ғы­лыми идеяларды гранттық фантазия­ларға, ғылыми трендтерді космостық қиял­ға, таланттарымызды ғылымға, тех­но­логияға, инновацияға еш қаты­сы жоқ жастармен алмастырып жатқан­даймыз. Қазақстан квазиғылыми, жал­ған ғылыми фантомдар мен фантазия­лар мен елестің еліне айналып кете ме деп алаңдаймын. Бюрократиялық кедергілер сапалы ғылыми өнімді жасайтын тиімді технологиялық циклды жүзеге асыруға мүмкіндік бермей отыр. Сондықтан да еліміздегі бизнес саласы қазақстандық эрзац-өнімді емес, сапалы шетелдік өнімді қажет етеді. Бюрократиялық қадамдар ғылымның да, экономиканың да дамуына теріс ықпал етіп отыр. Ғылыми-техникалық даму бағдарламасын жоспарлау мен жүзеге асырудың басты құралы – іргелі және қолданбалы ғылымның бюджеттен қаржыландырылуы. Осылайша үш тармақтан тұратын қаржыландыру құрылымы – базалық жоғары деңгейдегі конкурстық және базалық жүйеқұраушы қаржыландыру ғылым саласын қаржы­ландырудың басты құралына айналуы тиіс. Сонымен бірге конкурс жария­лаған кезде гранттардың көлемін нақты бел­гілеп әрі санын шектей отырып, қосымша гранттық қаржыландыру мен жекелеген ғалымдардың ізденістегі жобаларына көңіл бөлінуі қажет. Бүгінде еліміздегі ғылымның пайдасын қоғам көруі тиіс», дейді С.Тоқмолдин.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде технологиялар трансфертінің үздік үлгілері бар. Бірақ көңіл қуантарлық мысалдарға скептиктердің көзі жетпей отыр. Себебі барлық инновациялық бизнестің барысы шикі әрі нарық талаптарына сай емес. Сонымен бірге шетелдік компаниялардың бірлескен кәсіпорындар негізінде өзіндік ноу-хоуларымен бөлісетініне сене қою да қиын мәселе. Өйткені шетелдік компанияларға Қазақстан индустриясына жаңа технологияларды енгізгеннен гөрі, шикізатты тасып, өңдеуден өткізген тиімді. Сондықтан да қазақстандық ғалымдардың жобалары бүгінгі күн талаптарына сай және пайдаға асатындай болуы тиіс. Біздің батыс ғалымдарынан ұтылып отырған тұсымыз – осы.

АЛМАТЫ