Шындығына келгенде, қағаз жүзінде көп жер іс жүзінде жоқ болып тұр. Кезінде өңірдегі жерлердің көпшілігі жекеменшіктің қолына өтіп кеткен. Содан да қазіргі кезде ауыл тұрғындары не мал жая алмай, не шөп шаба алмай, әуреге түсіп келеді.
Өңірдегі жайылымдық жерлерден бөлек, шабындық жерлердің де мәселесі осы. Жамбыл өңірі негізінен аграрлық аймақ болғандықтан, мұндағы халықтың дені мал асырап күнелтеді. Ал ауыл шаруашылығы мақсатындағы етектей жерлердің көбі пайдаланылмай жатыр. Иелерінің не өзіне, не өзгеге жоқ жерлерінің бүгінгі жағдайы осы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев игерілмей жатқан жайылымдық жерлерді ауыл тұрғындарына қайтарып беруді тапсырған болатын. Шынында да, бүгінде есігінің алдындағы малына ғана сеніп отырған ауылдықтар үшін жер тапшылығы түйткілді мәселенің біріне айналған. Биыл шөптің аздығы болса мынау. Жері барлар мен үлескерлер ғана сол жерге малын жаяды, шөбін орады. Ал бұрын ұшса, құстың қанаты талатын кең даладан қазір қарапайым шаруаға ұлтарақтай жер бұйырмай тұр. Бірақ Президенттің бұл бастамасы, әсіресе, қарапайым жұрт үшін жақсы жаңалық болды. Жергілікті халық та алдағы күндердің жақсы болатынына сеніп күнелтуде.
Президент тапсырмасынан кейін өңірде сең қозғалғандай болып, аймақта пайдаланусыз жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет қорына қайтару бойынша жұмыс топтары құрылды. Енді жыл соңына дейін 82 мың гектар ауылшаруашылық жерлері мемлекетке қайтарылады деген жоспар бар. Есеп бойынша қалған бес айда бұл жоспар орындалуға тиіс. Бұл ретте облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов бүгінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің пайдалану тиімділігіне жан-жақты талдау жүргізілгенін жеткізді. Сонымен қатар өңірдегі әрбір ауылдық округ бойынша ауыл шаруашылығы жерлерінің картасы да әзірленіп, жер заңнамасының нормалары бойынша әдістемелік ұсынымдар дайындалыпты.
«Облыс бойынша жайылымдық жерлердің жалпы ауданы – 8,1 млн гектар. Бұл өңірде тіркелген 860,2 мың бас шартты мал басына шаққанда 9 гектардан келеді. Егер қолда бар жайылым қорын тиімді пайдалана білсек, онда жайылым тапшылығын шешуге толық негіз бар», дейді Б.Көпбосынов.
Сондай-ақ тапшылық тұрғындарды тар қыспаққа түсіріп, түрлі мәселелер туындатуда. Мәселен, жайылымның жоқтығынан аймақтағы көптеген ауылдың жеке және қосалқы шаруашылықтарында мал ұстауға қатысты ветеринария талаптары сақталмай отыр екен. Енді аталған мәселені шешу үшін аудан әкімдеріне бес негізгі бағыт бойынша шара қабылдау тапсырылыпты. Бүгінге дейін 486,5 мың гектардан аса ауыл шаруашылық алқаптарын пайдалануға келісім де жасалған. Қазіргі таңда 100 ауылдың жер пайдаланушыларымен осындай меморандумға қол қойылыпты. Енді өңірде жайылым мәселесі жүз пайыз шешіле ме, жоқ па, оны да уақыт көрсетеді.
Дегенмен жайылымдық жердің мәселесі әлі де өзектілігін жойған жоқ. Тіпті бұл қабылданған шаралардан барлық мәселенің шешіліп кетуі де екіталай. Себебі осы күнге дейін игерілмеген жүз мыңдаған гектар жердің аз уақыттың ішінде игеріле қалуы мүмкін емес сияқты. Бұл мәселе де қағаз жүзінде шешіліп, іс жүзінде қалып қоймаса болды деген қауіп бар. Мәселен, облыстық жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілхайыр Тамабектің айтуынша, зерделеу жұмыстарының қорытындысы бойынша облыс аумағында 252 мың 277 гектар жайылым жердің пайдаланусыз жатқаны анықталған. Әсіресе, облыс орталығынан шалғайда орналасқан Мойынқұм, Сарысу және Қордай аудандарындағы көрсеткіш көңіл көншітпейтін болып шықты. Зерделеу барысында 269 мың 891 гектар жайылымға мал басы тіркелген екен. Алайда көлемі 6 124 гектар болатын 120 жер учаскесі иесіз мүлік ретінде есепке алынып, 11 мың 630 гектар жайылымдық жерді пайдаланушылар өз еркімен мемлекет меншігіне қайтарыпты. Бұл міндет әрі қарай аудан әкімдерімен қатар, ауылдық округ әкімдеріне де жүктеліп отыр. Алдағы уақыттарда әкімдерге ауылшаруашылық жерлерін ұтымды пайдалану бойынша атқарылып жатқан жұмыстары туралы тұрақты түрде есеп беріп отыру міндеттелген. Сондай-ақ аудан әкімдері тиісті басқармалармен бірлесіп, ауыл шаруашылығы жерлерінің картасын толықтыру бойынша жұмыс жүргізетін болады. Мұның барлығын мамандар жайылымдық жерлердің мәселесін шешу мақсатындағы жұмыстар ретінде қарастыруда. Өңірде пайдаланылмай жатқан жүз мыңдаған гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып, ел игілігіне берілсе, бұл да біткен істің бірі болар еді.
Жамбыл облысы