Отырыста Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 19 шілдедегі елдегі эпидемиялық ахуал жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларын орындауды ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Вице-премьер мемлекеттік орган өкілдерінің баяндамаларын тыңдап, қысқа мерзім ішінде Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындау үшін мынадай шараларды қабылдауды тапсырды: жаңа штамдардың пайда болуын ескере отырып, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел іс-қимылдардың нақты жоспарын әзірлеу және енгізу; «QazVac» отандық вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеу және оны одан әрі үшінші елдердің нарығына шығару мәселесін пысықтау, осы бағытта нақты жол картасын әзірлеу; карантиндік шектеулерді сақтауға қойылатын талаптарды қатаңдату мәселесін пысықтау; вакциналау қарқыны төмен өңірлерге әдістемелік көмек көрсету үшін көшпелі бригадалар құру; коронавирусты диагностикалау мен емдеу хаттамаларына сәйкес реанимация бөлімшелері мен жедел медициналық көмек қызметтерін қосымша жарақтандыруды қамтамасыз ету жөнінде нақты ұсыныстар енгізу; коронавируспен ауыратын науқастарды емдеу үшін «Ремдесивир» препаратын орталықтандырылған сатып алу мәселесін шешу жөнінде шаралар қабылдау; Ішкі істер министрлігі, басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жалған вакциналау паспорттарын жасаудың жолын кесу жөніндегі ведомствоаралық арнайы топ құру; Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, бизнес субъектілерін Ashyq бағдарламасына енгізу жөніндегі талаптарды жеңілдету керек.
Ералы Тоғжанов мониторинг топтардың жұмысы маңызды екенін атап өтіп, Ішкі істер министрлігі мен әкімдіктерге осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды. Бұдан басқа, ВАК Ashyq арқылы тіркелген қоғамдық орындарға баратын «қызыл» және «сары» мәртебесі бар адамдарға қатысты шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдады. Енді карантин режімін бұзған «қызыл» мәртебесі бар азаматтардың есімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Сондай-ақ вице-премьер Е.Тоғжанов мемлекеттік органдардың басшылары мен өңірлердің әкімдіктеріне вакциналау тұрғысынан түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ халықты коронавирус инфекциясынан вакциналаумен қамтуды арттыру туралы нақты тапсырмалар берді.