Экономика • 22 Шілде, 2021

IPO компанияларға тиімді ме?

286 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Астана халықаралық қаржы орталығы Үздіксіз кәсіби даму бюросы «IPO: Трансформациялық оқыту» сессия­сын ұйымдастырды. Онда компаниялар мен олардың қызметкерлерін IPO-ға дайындау мәселелері және қазақстандық ірі кәсіпорындардың әзірлігі жайы тал­қыланды.

IPO компанияларға тиімді ме?

IPO – қандай да бір ком­па­нияның өз акцияларын жалпыға ұсынуы. Жария орналастырудың негізгі себептері – жоба­лар­ды қаржыландыру және ком­панияның одан әрі өсуін қам­тамасыз ету, міндет­те­мелерді әртараптандыру. Соның ішінде ең бастысы – сол мекемеге капитал тарту үшін өткізіледі.

Сессияны ұйымдастыру­шылар Астана халықаралық қаржы орталығы биржасында акция орналастыру жа­йын қаты­сушыларға түсіндірді. Маман­дардың айтуынша, Astana International Exchange биржасында акцияны ашық орналастыру үшін компанияларда ең алдымен аудиттелген қаржылық есебі болуы керек. Сондай-ақ аудит жүргізген компаниялардың AIX талаптарына сәйкес келетіндігіне, акциялардың ең аз көлемі еркін айналымында бар екендігіне көз жеткізіп алғаны жөн және ұсыныстың көлемі кем дегенде 1 млн АҚШ долларын құрауы қажет. «Кез келген компания алға ұмтылуды, өркендеуді қалайды. IPO да – компанияны алға сүйрейтін тетіктің бірі. Егер компания басшылығы өздерінің нарық­тағы болашағына сенімді болса, онда IPO басқа ком­панияларға сатудан гөрі акционерлер үшін тиімді болуы мүмкін. Жеке инвесторлаға қарағанда IPO менеджментке көп қаражат жинауға мүмкіндік береді. Дегенмен бизнестің жалпы бағасы жоғары, өйткені кез келген адам акцияларды сатып ала алады», дейді Astana International Exchange нарықты дамыту департаментінің директоры Әсел Мұқажанова.

Акцияларын жарияға ұсын­­бас бұрын сол компания­ның басшылығы да, қызмет­керлері де оған дайын болуы қажет. «IPO-ны тиімді жүр­гізудің маңызды шарттары көп. Оған дайындық және өткізу үдерісі жоғары жауапкершілік жүктейді. Компаниялар оған үлкен дайындықпен келуі керек. Компанияның тәжірибелі басқару тобы, оң қаржылық нә­тижесі, өзгелерден ерекше­леніп тұратыны сапалы өнімі мен қызметі, нақты бизнес-жоспары, сенімді қаржылық, операциялық бақылауы болуы қажет. Жоғары білікті қы­з­мет­кер­лері мен жоғары сапалы адами капиталдың болуы да – акция сатылымында жоғары нәтижеге жетудің басты ке­пілі», дейді АХҚО Үздіксіз кәсіби даму бюросының Даму бағытының жетекшісі Элео­нора Кусембаева.

Қызметкерлерді оқыту мен біліктілікті арттыру стратегиясын құру кезінде АХҚО Үздіксіз кәсіби даму бюросы кәсіби сертификаттау тәсі­лін – білім мен дағдыларды халық­аралық деңгейде растауды ұсынды. Ал арнайы серти­фикаттаудан өткен мамандар компанияға ең жақсы халықаралық стандарттар мен тәжірибелерді енгізуге және нарықтағы компанияның бәсе­кеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.

ІРО өткізудің бір мақсаты  компанияға инвестор тарту деп жоғарыда айттық. Өзі­не инвесторлардың кө­ңі­лін аударғысы келетін компа­ния­ның аудиттік қаржы есе­бі де мінсіз болуы қажет. «Көп­ші­лікке акцияларын ұсынғысы келетін компания қаржылық есеп­тілігіне мұқият болған жөн. Бұл бухгалтерлік есеп пен қар­жылық есептілік мәселелерімен шек­телмейді. Оның ең күрде­лісі – негізгі функцияларды тал­дау және компанияны жария­лы­лыққа дайындау үшін қан­дай салаларды құру керек, қай саланы кеңейту қажет – осы­ны анықтап алған абзал», дейді АХҚО Үздіксіз кәсіби даму бюросының, Develop бағыты­ның жетекшісі Әсел Мұсағұл.

Сарапшылардың пікірінше, компаниялар мүдделі та­рап­тардың қажеттілігін қана­ғат­тандыру үшін ішкі бағалау жүргізуі керек. Бұл талаптарға деректердің ашықтығы, бюджеттер мен болжамдарды қатаң талдауы кіреді, яғни ішкі аудит қызметін күшейту – IPO сәтті өтуінің тағы бір алғышарты. «Инвестицияларды басқару процесін жетілдіру кезінде қар­жыландырудың жалпы стратегиясын, оның ішін­де мақсатты капитал құры­лымын және әлеуетті акцио­нерлер төлемдері стратегия­сын, дивидендтік сая­сат пен ак­цияларды сатып алу бағдар­ламаларын ескеру маңызды. Негізінен табыс­ты компаниялар тәуекелдерді басқарудың құндылығын жақсы түсінеді. Соңғы онжылдықтағы әлемдік қаржылық күйзелістер инвесторларды, реттеушілерді, басқа да мүдделі тараптарды тәуекелдерге басқаша қарауға үйретті, олар мемле­кеттік ком­паниялардың тәжіри­бесіне де мұқият қарауға машық­танды», деп сөзін қорытты Ә.Мұсағүл.

Ал Стратегиялық мәселе­лер жөніндегі директор, «Астана» халықаралық қаржы орталы­ғының ғылыми кеңесінің төра­ғасы және корпоративті бас­қару­дың төрағасы, профессор Александр Ван де Пут IPO жоспарлап отырған компания­лар дайындықты кемі бір жыл бұрын бастауы керектігін ес­кертті. Өйткені бұл адам ресурс­тарын басқару және жобаларды басқару компанияларды транс­формациялау мен IPO-ға ғана тіреліп отырған жоқ. Бұл –  корпоративтік басқаруды жетілдірудің, одан әрі тұрақты дамудың маңызды тетігі.

Сессия соңында ұйым­дас­­тыру­шылар Үздік­сіз білік­тілікті арттыру бюросының «Болашақ университеті» атты жаңа жобасын ұсынып, онда әртүрлі бағыттар бойынша офлайн, онлайн және виртуал­ды курс­тар мен тренингтер, дайындық бағдарламалары, біліктілікті арттыруға арналған IPO-ға транс­­­формациялық дайындық бағ­дарламасы бо­йынша сертификаттау өткізі­летінін жеткізді.