Білім • 22 Шілде, 2021

Тәрбие негізі – ұлттық құндылықтарда

8543 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Біз бүгінгі бейбіт тірлігіміз үшін, Қазақстан деп аталатын республиканың жер бетін­де барлығы үшін, тарихтың әр тұсында осы елді, осы жерді қорғаған қайсар жан­­дардың аруағының алдында қашанда қарыздармыз», деп Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев айтқандай, біздің алдымызда бабаларының игі дәс­түрін сақтайтын, күллі әлем­ге әйгілі әрі сыйлы өз елінің патриоттары болатын ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Отан­шылдық сезім – ұлт рухы деңгейінің айнасы, өлшемі. «Балаңды өз тәрбиеңмен емес, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген екен дана халқымыз. Сондықтан да сан ғасыр­­лар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды оқу-тәрбие процесіне ен­гізу арқылы ұлттың тұнып тұрған рухани байлығымен өскелең ұрпақты сусындату – басты парызымыз.

Тәрбие негізі – ұлттық құндылықтарда

Ұлттық құндылықтардың әрбір халық­тың өмірінде алатын орны өзгеше. Қазақтың салт-санасын жаңғырту еліміздің ішкі және сыртқы саясатын ұлттық сипатта жүр­гізуді талап етеді. Қазақи рухы биік ұлт­тық идеяның қалыптасуында ұлттық құн­дылықтардың маңызы зор. Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы  мен өмірлік қажет­тіліктен туындап отыр. Ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, төл құндылықтар мен жал­пы­адамзаттық құндылықтарды өзара ұштас­­тыра алатын толық кемелді, ұлт­жанды тұл­ғаны тәрбиелеу – ұлттық идея­ның негізгі бағыты. Ұлттық идея – қазақ хал­қы тудырған моральдық нор­ма­ларда және ұлттық құндылықтарда бекі­тілген патриот­тық тәжірибені меңгеру, ұлттық этно­­мәдени дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды тану, тарих­ты құрметтеу арқылы іске асырылады.

Қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев «Жас бала – жас бiр шыбық, жас күнде қай түрде иiп тастасаң, есейгенде сол иiлген күйiнде қалмақ» деп тұжы­рым жасаған екен. Бүгінгі жас ұрпақты бала шақ­тан, яғни ерте жас­тан ұлттық құндылықтарға сүйе­не отырып тәрбиелеу керек. Бүгiнгi дұрыс тәрбие алған жастар – болашақ жақсы азаматтар. Сол себептен де Тұңғыш Президентіміз рухани жаңғы­ру туралы бағдар­ламалық мақаласында: «Ұлт­тық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жорал­ғыларымыз, бір сөзбен айтқан­да, ұлт­тық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс»,  деп ой қорытады.

Бүгінгі күн тұрғысынан қарайтын болсақ, егемен елдің бейбітшілігі мен бірлігін сақ­тайтын жас ұрпақтың бойына ерлік рухты, отан­шылдық сезімді сіңіру – маңызды мәсе­лелер­дің бірі. Елдің туын көтеріп, тәуелсіздік талаптарын орындау ісіне батыл бетбұрыс жасаған бүгінгі таңда адам­заттық игіліктерді, хал­қымыздың ғасырлар бойы армандаған мәде­ни-рухани мұрасы мен ұлттық тәр­бие саласында жұмыс жасау – бас­ты міндетіміз.

Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізгі өзегі, ұлт қалыптасуының басты факторларының бірі. Ұлттық идея – туған жер, өскен орта әсер­лерінен қалыптасып, халық­тың тілі, ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқы­лы жүйеленген сезім. Ол – ұлттың болмысы, пси­хологиялық өзіндік ерекшелігі. Ал осы ұлт­­тық идеологиямыз әлсіз болса, бар­лық салаға өзінің теріс әсерін тигізетіні шүбәсіз.

Бауыржан Момышұлы: «Біздің тарихымыз батырға бай тарих, халқымыз батырлықты биік дәріптеп, азаматтық пен кісіліктің символы санаған. Батырлық, ерлік ұрпақтан-ұрпаққа ата дәстүр болып қала бермек. Өткенін білмеген, тәлім-тәрбие, ғибрат алмаған халықтың ұрпағы – тұл, келешегі – тұрлаусыз. Біздің қазақ халқы – батыр халық», деген екен. Расында, кең байтақ аты­рапты жауға бермей, қасық қаны қалғанша күрескен, жарғақ құлағы жастыққа тимей, елім деп еңі­реп өткен хас батыр­лар қаншама десеңізші! Олар­дың ер­лігі кейінгі ұрпаққа қашанда өнеге болмақ.

Отансүйгіштік рух – Тәуелсіз  еліміздің әлем­дік өркениет көшіне қосылып, дүние­жүзілік қауымдастықтан лайықты орнын алуына мүмкіндік беретін бірден-бір күш. Осы жерде жас ұрпақ ең бастысы – отбасында ас­қақ отансүйгіштік сезімде тәрбиеленуі тиіс. Ұлы Абай: «Балаға мінез үш алуан адамнан жұғады: біріншісі – ата-анасынан, екіншісі – ұста­зынан, үшіншісі – құрбысынан», дейді. Отан­сүйгіш­тік сезімнің қалыптасуына ата-ана, ауыл-аймағының ықпалы зор. Отанды сүю отба­сынан басталатыны рас. Сондықтан да бала тәрбиесінің шешуші факторы – отбасы. Бала­ның ер жетіп өсуі, бойындағы алғаш­­қы адам­гершілік белгі­лері отбасында қалып­тасады.

Бала тәрбиесі – баршамызға ортақ ма­ңызды іс. Сондықтан да қоғам бұл жұмысқа парасаттылық танытып, байсалдылықпен жұмылуы керек. Ұрпақ тәрбиесінде ежелден қалып­тасқан халқымыздың жақсы дәстүрі мен тағылымдарын, мәдениетін, тарихын, бұрынғы-соңғы ұлы ойшыл педагогтердің еңбектерін оқып, жетік білмей, оны жақсы меңгер­мей тұрып, келер буынға дұрыс тәрбие-тағылы­мын сіңіру мүмкін емес. Жас ұрпаққа ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық тәрбие үлгісін ұғындырып, оларды мәдениетті, адами қасиеті мол, шығармашылық тұлға етіп тәрбие­леу – қазіргі таңдағы өмір талабы және қоғам қажеттілігі.

Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов: «Балам» деген жұрт болмаса, «жұртым» дей­тін бала қайдан шығады» деген. Сондықтан ел болып, жұрт болып ұрпақ тәрбиесін қолға алу – басты шаруа. Тәрбие барысында ұлттық құн­ды­лықтарымыз арқылы жол көрсетер болсақ, жастарымыз еліміздің әлеуметтік-мәдени өзгеріс­теріне жоғары мәдениетті деңгейде бейім­деле алады деп сеніммен айта аламын.

 

Айдархан БИНАЗАРОВ,

Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің директоры