11 Қаңтар, 2014

Жапанға біткен бәйтерек

770 рет
көрсетілді
44 мин
оқу үшін

1909 жыл. Күз. Таң

Қарт жырау таңға жақын тағы да оянып алып, киіз үйдің жабық түңдігіне тесіле қарап жатты да қойды. Тамыздың соңғы күндері жер дымқыл тартып, күн суытқан. Ел-жұрт таудан жазыққа, қыстауға қарай ақырын жылжып көшуге бет қойған. Жырау сырма шапанын жамылып, кебісін жолай аяғына іле далаға шықты. Далада қоңыр салқын жел бар екен. Басына киім кимей шыққанын тақыр басы тоңғанда барып аңғарды. Артына бұрылған жоқ. Мойнына салған жұқа байламаны басына орап, адымдай басып қыр бетіне ілгерілей берді.

1909 жыл. Күз. Таң

Қарт жырау таңға жақын тағы да оянып алып, киіз үйдің жабық түңдігіне тесіле қарап жатты да қойды. Тамыздың соңғы күндері жер дымқыл тартып, күн суытқан. Ел-жұрт таудан жазыққа, қыстауға қарай ақырын жылжып көшуге бет қойған. Жырау сырма шапанын жамылып, кебісін жолай аяғына іле далаға шықты. Далада қоңыр салқын жел бар екен. Басына киім кимей шыққанын тақыр басы тоңғанда барып аңғарды. Артына бұрылған жоқ. Мойнына салған жұқа байламаны басына орап, адымдай басып қыр бетіне ілгерілей берді.

Қарт жыраудың көңілін жайлаған өксік бар еді.

Там-тұмдап таусылып бара жатқан қайрат-күш бар еді.

Ендігі күні қанша қусаң жеткізбейтін арман бар еді.

Есте сақталмай ұмыт болған, бірақ кезінде көңілді гу-гулеткен қызба өлең, қуатты өлең шіркіндер қарт жырауды далада адыра қал­дырған. Әлде албырт жастық қызық қуған, қыз қуған, той мен айтыстан талмай, Алатаудың қайран шалқар жайлауларында сайран салған кездерінде бармақ тістер әттеген-айларға ұрынатынын қайдан білсін?!. Білмеді ғой...

Қайран жастық шақ! Ол кез өтпейтіндей, мәң­­­­­­гі сенімен бірге болатындай көрінуші еді-ау!..

Енді шау тартқан көңілді жыр күмбір­летпейді. Жыраудың ұққаны, Тәңірдің өзі ауызға салатын жыр жолдарының құдіретті күшке ие болып, көк аспанның астында, жап-жасыл көгалды даланың төсінде, саңқылдай сарнайтын кезі де көпке созылмайды екен. Өлең шіркін елу мен алпыстың арасында шоқалақтап, қамсыз, еркін шабытты қуатынан айырыла бастайтынын анық таныды. Қан салқын, ой шабан, сонан шабыт оты қайдан лаулап жансын.?! Қайран қамсыз күндер, айлар, жылдар бәрі де мынау ұлан-ғайыр Дешті Қыпшақ даласында жоғалып тынды ғой. Дешті Қыпшақ даласы мен алып Алатау қарт жыраудың ертедегі жырларын біртіндеп санасынан өшіре бастаған. Далада айтылған жырларын жел жұлмалап қалың сахараның ішіне алып кеткен. Бұ дүниеде сөзім ғасырларға жетсін десең, қағазға түсіру керек екен.

Қайран қамсыз қазақ, домбыра тартып, жыр төгіп жүргенде, сол жырларын мына орыстар құсап қағаз бетіне түсіре бермепті. Бәрін есте бекіту дегендері құр далбаса болды. Бәрін есте бекіту мүмкін еместігін енді ғана, бір аяғымен көрді жағалаған тұста ғана аңғарды. Ұлан-ғайыр қазақ даласында небір әулиелердің, небір тура билердің, небір жыршылардың сөздері адам жадынан жоғалып, келмеске кетті ғой. Қандай өкініш десейші?!. Қандай қасірет десейші?!.

Қарап тұрса, бұ қазақтың бойында қасі­реттен басқа түк жоқ екен. Дәл бүгін қарт жырау соны анық таныды. Оны да шау тартқан, дауысын тат басқан, қарлығыңқы үн жабысқан, аралас-құралас орта шашыла бастаған кезде аңғарыпты.

Қазақ даласы да дәл қазір, бұрынғы сабырлы, салтанатты, рухты кезінен әбден айы­рылған. Қазақ даласында түшкірсең де жазалы боласың, түшкіруді оқалы шекпен жамылған, сары сақалды орыспен шешуге тура келген. Бұ даланы билейтін халық емес, ақ патшаның шенеунігі болғаны жанын жейтін. Бұл атаусыз дерт еді. Пірі болған Сүйін­байдың өмірден озып, осы қорлықты көрмей кеткенін көңіліне медеу тұтады. Дешті Қыпшақ даласының бар қасіреті осы қағылез, қимылы ширақ, сөзі мерген қарттың ғана жүрегін тас-талқан қылып күйретіп жатқандай болатын.

Зерделей қарап тұрса, бұ қазақ заманды ойымен билеген жақсыларының сөзіне құлақ аспапты. Халықтың пайдасын ойлаудан таймаған аз ғана шоғыр жақсылардың ойларын да түсінбепті. Қазақ бұ тірлікте ұшқыр аттай дала төріне зулап-ақ шыққанымен, тез алқынып, тез шаршап, сол шаршауға тез көндігіп өз күлтөкпесінде қала беріпті. Оны өзіне ар да санамапты... Қазақтың қарғысы қатты. Соның бірі: «Өзің білме, білгеннің тілін алма». Сөзге ұста, іске шолақ қазақтың сөзі мен ісі біте қайнаспай жатыр-ау!..

– Ата, шайға жүріңіз, – деген немере дауы­сын естіді.

Алатаудың қарлы сілемінен көтеріліп келе жатқан таңның алғашқы шапағы көк шөп­ке түсіп, дүние жарық сәулеге толды. Ал жыраудың жүрегін жайлаған мұң тарқамады. Оның күпті жүрек болып күн кешкеніне талай жылдар өткен. Қарт жыраудың дәл басып таны­ғаны кісенге түскен Дешті Қыпшақ даласы, дербестігін жоғалтқан қазақ елі, аузы құлып­таулы халық, тума жырынан айырылған жырау – шын бақытсыздар осы төртеуі болатын.

Қарт жыраудың жүрегі шаншыды, сонымен бірге, күпті көңілдің тот басқан қоңырауының күмбірі естілді.

Оң қабағы тартты.

Ерні дірілдеді.

Көзі жайнап сала берді. Шақырайып шыққан күнге қарсы қарап тұрып жүрегін қысқан бір шумақ өлеңді салқын, сабырлы көңілмен екі рет дауыстап айтып шықты.

Дуадақ болдым шөлі жоқ.

Аққу болдым көлі жоқ.

Дауылпаз болдым үні жоқ.

Асыл болдым құны жоқ.

Бір шумақ жырмен, қазақтың үш жүз жылдық бодандығы мен құлықсыз қасіретті күйін айтып тастағанына өзі де таңырқай қарап қалып еді.

Орнынан тұра беріп, ұйыған тізесін сипалаған күйі:

– Құдіреті күшті Тәңірім! Адасып келген мына бір шумақ жыр да ғасырлар қойнауында жоғалып тынар. Біздің жырымыз қағаз бетіне түспей, сонан да сақталмай, өміріміз де құмға сіңген судай татымсыз болды-ау, – деп қинала ойлады.

Немересі атасының сап-салқын саусақ­тарынан ұстады. Жаңағы тосыннан туған төрт жол өлеңнен соң ерні әлі де дірілдеуін қоймаған. Бірақ, жыр, шіркін қайтып тумады. Төрт жол өлең төрт таған болып қалды. Төрт таған ой – төрт қасірет еді. Қазақты етегінен тартатын қасіреттер болатын.

– Жүр, ата, жүр. Әжем тосып қалды, – деді немересі.

– Әжеңнің тосқанын қойшы. Тәңірді тос­тырып қойып жүрмейік?!. Біздің жүрегіміздің жылуын Тәңір тосып қалып жүрмесін.

– Тәңір деген кім, ата?..

Қарт жырау немересіне жалт қарағанымен, үндеген жоқ.

Тәңірдің кім екенін осы таңда, алпыс сегіз жасқа келген жыраудың өзі де білмеуші еді.

Түрін көрмегенімен, әміріне көнген, қасиетті Тәңірді кәрі жырау әлі танып болмаған.

Сонан да тұңғыш рет немеренің сұрағы, Дешті Қыпшақ даласында жауапсыз қалған.

1913 жыл. Жаз. Талтүс

Романов әулетінің таққа отырғанына 300 жыл толуына орай орыс империясының түкпір-түкпірінде той жүріп жатты. Сондай тойдың бірі Алматыдағы қазіргі 28 панфиловшылар саябағында өтті. Жетісудың бай манаптары, әкімдері, орыс шонжарлары бас қосты. Ақ патшаны мақтауға сол саябаққа Дешті Қыпшақ даласынан қазақтың ақындарын жинады. Қарт жырауды да сол тойға әкелген. Келмеуіне болмады. «Күштінің арты диірмен тартады».

Сол тойда қарт жырау қазақтың танымал бай шонжарлары орыстың алдында құрдай жорғалағанын көріп есінен танды. Намысы ойнады. «Бұ қазақтың рухы майырылып, намысы өлген тұсы осы болар, – деп желдей азынады. – Азына, дала, азына!..»

Есті мемлекеті болмаған, ойлы басшысы болмаған ел – ессіз ел. Ол жел айдаған қаң­бақпен тең. Өз ырқынан айырылған халықта қаңбақ құрлы қауқар жоқ. Өз ырқынан айырылу өліммен тең. Оның бүгіні де, ертеңі де жоқ. Тобыр ел болмайды. Ел деп саналмайды. Ел қатарына жатпайды.

Үйсін, найман саңлағы

Өстепкеде  жиылдың

Елде жүрген егейлер

Қалада құр үйілдің,

Ұлық көрсең ұйлығып

Желді күнгі қамыстай

Жапырылып иілдің

Келтірдіңдер намысты,

Бек қорланып күйіндім...

Жыраудың қазақ байлары мен орыс ұлықтарының бірге кездесіп, бірге жүргенін бұл тұңғыш көруі еді. Сонан да қазақтың байларының майысқақ мінездерін көріп жаны түршіккен. Қазақтың бұ құлдықтан енді қайтып құтылмайтынын қарт жырау іштей ұққан. Содан болар, көңілі шерге толған.

«Жәрмеңкеден соң қалада қал, ақындармен бірге болып демал», деген байшыкештердің қолқа сөздеріне қарт жырау құлақ та аспады. Жаны оңаша қалуды қалаған.

Сәуір айы жылы болған соң өзінің қоңырша киіз үйін тіктірді. Сол үйде ертелі-кеш домбырасын шертіп жатты да қойды. Көңілге алғаны, жанға дауа бермегені көкіректі күмбірлеткен өлеңқұсты болашақ өмірге қалай сақтау керек деген тынымсыз ой еді. Есінде әлі жүрген тарихи эпостарды, қиссаларды, дастандарды, аңыздарды қалай ел есінде мәңгіге қалдыру керек?.. Киіз үйде отырып алып бір жаз бойы жырла десе жырлар, ал бұның сол жырларын қағаз бетіне түсіріп жазып алар кісі қайда? Ондай озық туған қазақ Дешті Қыпшақ даласында бар ма?

Әуелі оны ойлайтын қазақ ортасы бар ма? Бар болса қайда?!. Бар болса оны қалай таппақ керек?!. Сол даладағы алып жыраулардың еш­қай­сысының сөзі қағаз бетіне түспепті. Бірақ...

Дала жыры дала халқының есінде ғана сақталып келіпті. Атасы баласына, баласы немересіне аманат қылып жыр сыйды өткізе беріпті. Жүз мыңдаған жыр жолдары халықтың есінде қалай жатталып жүре бергеніне таңғаласыз.

«Манастай» алып жыр да қырғыз манас­шыларының жадында жатталған. Қазақтың «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Алпамыс» сияқты батырлар жырын да қазақтар ғасырлар бойы естерінде сақтап келген. Бұл неткен есі де, санасы да сергек халық. Бұл эпос жырларды жыршы он шақты күн қоңыр кештен ала таңға дейін талмай жырлайтын болған. Ол кездері жаздың бір тұтам түнінде жан адам ұйықтамаушы еді. Қазір жыр жырлайтын отырыстар сиреген.

Қарт жыраудың пайымдауынша, ата-бабалары ғұмыр кешкен, сауық-сайран салған далалық өркениет пен мынау бүгінгі заман  ұстанған өркениет екі бөлек дүние. Құрығы ұзын сары сақалдар қазақтың аяғын кісендеп болған. «Қазақтың бүгінгі тірлігі қақпанға түскен қасқырдың халінен де жаман ба?» – деп ойлады. Жүрегі суынды. Жаны түршікті.

Қарт жыраудың тағы бір тамырын басып танығаны, ауызша айтатын өлеңмен жазба өлеңнің айырмасы атшаптырым жатқандығы. Біздің жырымыз бір бөлек әлем, жазба өлең бір бөлек әлем. Нақыш бөлек, ой иірімдерін беру бөлек, ойды алға тарту да бөлек.

Сөз саптауы да ерекше. Сол ерекше ақын­ның бірі Сарыарқаның аға сұлтаны Құнанбайдың ұлы Ибраһим мырзаның өлеңдерін желпілдеген жыраулық леппен лекілдеп жүріп, санаға жеткізе алмапты.

Не жазуды? Неге жазуды? Не үшін жазуды сол Ибраһим – Абай мырзадан үйрену керегін қарт жырау әбден ұққан.  Әйтсе де, кейіндеу ұққан. Ибраһимнің ойы көңілден ажырамай жүрегін толқыта берген соң барып, ақын өлеңдерін де, өзін де ерекше жақын тартқан.

Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,

Алдамаған кім қалды тірі жанда?

Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,

Жалғыз-жарым болмаса анда-санда.

Пайда үшін біреу жолдас бүгін таңда,

Ол тұрмас бастан жыға қисайғанда.

Мұнан менің қай жерім аяулы деп,

Бірге тұрып қалады кім майданда.

Ендігі жұрттың сөзі – ұрлық-қарлық,

Саналы жан көрмедім сөзді ұғарлық.

Осы күнде, осы елде дәнеме жоқ

Мейір қанып, мәз болып қуанарлық.

Өлеңді қалай-қалай өрбітеді, саңлақ саба­зың, а!.. Нағыз өлең осы ғой!..

 Жалын мен оттан жаралған өлеңді ұғатын қайсың бар? Сөз бөлек. Сана бөлек. Халқына деген ниеті бөлек.

«Партия жиып, пара алған, көңілі кедей байсыңдар» дейді. Мұндай сөзді қазақтың қай ақыны айта алған. Шоқтығы биік шерменде ой ғой бұл.

Ал, Дешті Қыпшақ даласы өзінің кең тынысты тіршілігінен айырылған. Қазақ түңлігінен айсыз қараңғы түндерде мұң сорғалап тұратынды шығарған.

1925 жыл. Жаз. Талтүс

Осыдан бір күн бұрын таңмен таласа тұрып, жирен атты ерттеп мініп Алматыға жүріп кеткен. Көп жылдар бойы жабыққан, жалғыздыққа, қарттыққа мойынсынған бір кездегі асау жырау көңілі тіршілік тауқыметінің қамытына біржола үйреншікті болған. Шаруаға ыңғайы жоқ жыраудың домбыра шертіп, жыр айтқаннан басқаға икемі де, құлқы да жоқ еді.

Қанды сорған Қоқан хандығын орыс патшасы тұншықтырды; ендігі жерде қазақтың билігі орыс шенеуніктеріне ауысты, ендігі сүлік сол орыстар болды, қазақты солар аяу­сыз сора берді. Момын қазақ бәріне көнді. Жат десе жатты, тұр десе тұрды.

Бар білгені сол болды. Кеудесіне намыс қонған ер қазақтарды иә атты, иә асты, иә Сібірдің зынданында ұстады. Сонан кейін патша құлап қызылдар келді. Оларың Алла мен Адалдықты адам ұғымынан алып тас­тады. Алласыз, Адалдықсыз қалай тіршілік етуге болады деп, қарт жырау жиі ойлайды. Ақтардың ойын ұққанмен, қызылдардың ойын ұғу қиын болды. Қызылдардың ойыны қатты екен. Сөзін ұқпағанды атып, асып тастау, тар қапасқа қамау түкке тұрмайтын болды. Қазақ даласы түрмеге толып кетті. Оған кірген адам бар, шыққан адам жоқ болды. Қоқан мен Ақ патшаның кезінде домбыра шертіп, ән салатын айтулы қазақ-қырғыз айтыстары дәуірлеп тұрушы еді, енді бәрі өзгерді. Адам да өзгерді. Заман да өзгерді. Өзгермеген мынау жирен аты, қайыңнан ойылған домбырасы, сонсоң өзі.

Бұл Жабайдың ұлы Жамбыл жырау еді.

Мұның бір кезде қырғыз бен қазақты аузына қаратып айтқан жырлары, атақты айтыс­тары енді ұмыт болған. Соның көбін өзі де ұмытқан. Есіне түсіру керек. Домбырамен. Өзінің ес-ақылымен.

Үкілі домбырадан үкі түскен. Дауысының бояуы қашқан. Өңі кетіп, бетін әжім басқан. Бастан бақ тайған кез еді.

Домбырасын құшақтаған қартқа сабырлы жүзді, денесі мол пішілген жас қазақ сәлем берді. Іші-бауырына кіріп сөз сөйледі. Ата тегі­­нен өзіне дейін бәрін сұрап жатыр. Біліп жатыр.

Қарт Жамбыл бұл жігіттің өзін білмейтінін ұқты.

– Әй, қу бала, не ғып толғай бересің, – деп  мырс етті.

– Білгім келгені ғой, ақсақал, білгім кел­гені. Жағдайыңыз келіспей тұр-ау, – деп қиналғаным да рас.

– Маған жаның ашыса бір тостаған қымыз әкеп берші, кәне?!.

– Қазір бәрін реттейміз, ақсақал. Қасына ерген жастау жігітті көк базардың қымыз сататын тұсына жұмсап жіберді.

Қарт басындағы бөркін алып, қол орамалымен маңдайының терін сүртті. Таңдайы кеуіп жұтына алмады. Кемпіріне қалаға барамын деп айтуды да ұмытып, астынан су шыққандай болып, таң атар-атпастан жол жүріп кеткен. Соңғы кездері қарт жырау жиі-жиі атын ерттеп жүріп кететін болған. Сүйінбай жырау да қартайғанда жалғыз кететін. Жидебайда жан тапсырған Ибраһим-Абай мырза да жалғыздықты көп жазған.

Ибраһим мырза халқына арнап небір кәусар сөздер айтты, оны халқы ұқпады, жер ем деді, ембеді, оқу оқы деді, оқымады, Алланы сүй деді, сүймеді, Адамға махаббатпен қара деді, қарамады. Адамзатқа бауырым деп қара деді, ол ишаратын қазақ мүлдем ескермеді. Надан қазақ Ибраһимнің өзін де, сөзін де керек қылмады. Мұндай елден Ибраһим да іргесін аулақ салып, бөлек жатып алды. Аяулы ұлдары өлді. Жалған дүниеде жалғыз қалды. Мұң мен шерге көмілді. Қайғы қамытын киіп, қападан жан тапсырды ғой жарықтық. Бұл өзі барлық ойлы адамның басына бітер қасірет болса керек. Орыс ортасында оқыған оқымысты баласы осы Алматыда қайтыс болды.

Жас жігіт бір тегене қымызды көтеріп жетіп-ақ келді.

– Қазір нан мен палау да келеді, – деп қуана жымиып тұр. Қымызды сапырып-сапырып жіберіп бір тостағанын қарттың қолына ұстатты. Қаталап отырған қарт жырау қоңыр тостағанды төңкеріп тастағанда, маңдайынан бұрқ етіп тер шықты.

– Ақсақал, тағы біреуін тартып жіберіңіз.

– Құйма, қымызды сапырып отырып сөйле. Жәйләндім. Сен қайдан жүрген «қыдырсың», жігітім? – деп қарт жырау жігіт ағасы болған сабырлы қазаққа енді түстей қарады. Сүйегің кім? Соны айта отыр.

– Жол сіздікі. Жөн де сіздікі.

– Мақұл. Мен Алатаудың Жамбыл деген жы­рауымын. Сүйегім екей. Шапырашты боламыз.

– Сіздің кім екеніңізді бағана бір ақсақал айтты. Сонан соң сізге әдейі сәлем беріп, сый-құрмет көрсеткім келгені ғой. Мен туған елден қуылып, босып жүрген қазақпын. Өлең-жырға әуеспін. Руым тобықты. Есімім Ғафиз.

– О, Тәңірі-ай! Ибраһим мырзаның туысымын де.

– Абай бабама да, сізге де туыспын. Қал­қаман-Мамыр боламын.

– Ой, дөкей жігіттің өзі болдың ғой. Нағашылап келіп жатырмын де?..

– Жоқ, ақсақал. Тобықтыны босытып, Шыңғыстаудан қудалап жатыр. Жидебайдан сән кетті. Абай атам елдің киесі де, рухы да болды ғой. Сол асыл адам ортадан кеткен соң-ақ құл-белсенділер басынды. Тексіздер көтерілген заман келді ғой, ақсақал.

Қарт жырау үндеген жоқ. Жас бала жігіттің ыстық нан мен майлы палау әкелгенін де байқамады. «Сонда замана желі қалай-қалай соғып тұр?» – деп ойлады қарт жырау. Қазаққа бас бірігер сәт туғандай көрінді.

Сол береке-бірлікті қазақ аңсағалы қашан?!. Ал мына оқыған жігіт қудалауда жүр. Қазақтың рухы болған Жидебайды күл-талқан қылып күйретті дейді. Шаңырағын ортасына түсірді дейді. Бұл Ибраһим-Абайдың құлағаны емес, қазақтың құлағаны ғой. Бірақ оны ұғар ес қайда? Алауыз қазақтың басы еркіндік алғанда да бірігер түрі жоқ-ау осы?! Бұл ой қарт жыраудың шаршап-шалдыққан жүрегінің тас-талқанын шығарды.

– Ақсақал  не ойлап кеттіңіз? – деп сұрады Ғафиз қалың ойға көміліп кеткен қартты сергіткісі келіп.

– Қайтесің сұрап...

Ойды ой қуалап басы мәңгірген.

Қарт жырау тағы да біраз үнсіз қалды.

– Маған ілесіп ауылға жүр. Нағашы жұртың ғой, бауыр басып кетерсің, – деді қарт жырау.

– Рахмет, ақсақал, нағашыларымды сағаламақ ойда болғаным рас, бірақ мен  қуғында жүрмін. Сізге пәлем тиіп кетер. Менің ендігі бет алғаным Бішкек. Көп тобықты сонда кетіп жатыр. Қазақ даласында бізге әзір тыным болмас. Абай бабам туралы айтқан ойларыңыз көңіліме қонды. Жақсыда жаттық жоқ деген сөз қазақ ортасында әлі де тірі екен. Соны місе тұттым. Алабұртқан көңілді тоқтаттым.

– Ибраһим мырза үшін де, текті ортадан шыққандарың үшін де қудалап жатыр ғой. Құлдар құрған үкіметке тектілердің не керегі болсын?!. Қанша жұлқынса да құлдан адам шықпайды. Қарғаны қалай бүркіт жасамақ, Құдай-ау!.. Бұл адасу бара-бара азғындыққа айналуы бек мүмкін.

Көп қарға тең келмейді бір сұңқарға,

Көп жылқы тең келмейді бір  тұлпарға.

Жақсының әрқашанда жөні бөлек,

Жаман адам жарамас бір қымтарға.

Дешті Қыпшақ даласы тірі болсын десек, жыры, әні, салт-дәстүрі тірі болуы керек. Қазақтың жыры тірі болса, жаны да тірі болады. – Қарт жырау қымыздан жұтып, сәл бөгеле берді де лезде сөзін қайта жалғастырды.

– Жортқанда жолың болсын, жақсы ауылдың баласы. Қайда жүрсең де аман бол. Әумин! Сәл бөгеліп барып: – Сен мына өлеңді бұрын-соңды естіп пе едің?

Сәлем айт, барсаң Абайға

Кеңесі кеткен талайға.

Ауырды жеңген қара жер,

Сабырлы болсын қалайда!

Бір жұтқан судай дүниесін,

Ащысын татып күймесін.

Жапанға біткен бәйтерек,

Жалғызбын деп жүрмесін!

Кемелге келген асыл-ай,

Тасқынды Тәңір басуы-ай!

Нар көтерген ауырға,

Арқасын тоссын жасымай! – деді.

Қарт жырау да, тобықты Хафиз де үнсіз. Көздерін көтермеген күйі ой әлеміне еніп кеткен болса керек.

– Керемет жыр! Келісті жыр! Реквием! Бұл сіздің Абай атамның ұлы Әбдірахман өлгенде көңіл айтқан өлеңіңіз, – деп сүйсінді Хафиз.

– Бұл сөзімді Абай естіген екен ғой, – деп қарт жырау ойланып отырып қалды. Әжімге толы бет-жүзі лезде қарасұр тартыпты. – Әй, асыл сабазым-ай! Сөзім жеткен екен ғой. Жүрек­тен құйылған жырға көңілі тыншыды ма екен?.. Көпке бармай өзі де о дүниеге аттанып кетті ғой...

– Иә...

– Жапанға біткен бәйтерек еді ғой жарықтық!..

Ибраһим-Абайдың өлгенін естігенде бір күн бойы бүк түсіп жатып, іші-бауыры езілгендей күй кешкенін есіне алды.

Қазір де көз алды жыбырлап тұр еді. Ерні де дірілдеуін қоймаған.

1928 жыл. Жаз. Кеш

Қаладан шығып ауылды бетке алған тұста атын бір шоқытып алып, жүрдек аттың жайлы аяңында шалқайып отырып ойға берілді. О, Тәңірі! Көз алдында осыдан екі жыл бұрынғы көрініс. Өз елінде босқын болып күн кешкен текті атаның балалары туралы шындық жанын жеген. Иә, сонда базарда көрген сабырлы қазақтың кесек мінезі, ойлы сөзі, үлкенге деген мейірімі көңілін босатқан. Тектіні текті ғана таныр. Тексіз – адам тани алмас. Олардың өздерін тануға да, халқын көтеруге де шамалары жетпейді. Дұрысы ол туралы ойланбайды. Ондай ой олардың санасына дарымайды. Көңілдерін тербетпейді. Топас жаратылған пенде топас болып күн кешеді.

Ақ патшаның боданында өткен үш ғасыр­да, қазақ бойындағы көп қадірлі қасиетін жоғалтқан. Қазақ өзгерген. Орыстанған ұлт өзінің Тәңір берген болмысынан ажырай береді екен. Орыстану адамдық келбеттен айырылу, ұлттық тәрбиеден ая үзу, адам ретінде, халық ретінде жоғалу. Өзге ұлтқа боданға түскен қай халықтың да көретіні ұлт ретінде жоғалу, ұлттық қасиеттен айырылу.

Қарт жырау атбасын бос жіберген екен, жирен ат көлденең аққан өзен бойына келіп тоқтап тұрып қалды.

Қып-қызыл арайлы күн орнына қонуға көкжиекке төніп келіпті. Тау арасының сал­қын ауасы жеңіл көйлектен өтіп барады. Қоржынынан жеңіл матадан тігілген жеңіл өзбек шапанын алып киді. Сонда барып аңғарды, жирен аты қарт жырауды Сүйінбай ұстазының моласының басынан бір-ақ шығарыпты. Тау ішіне қалай ендеп кіріп кеткеніне жырау таңырқап барып аттан түсті де, қыратқа қарай жаяу тартты. Жирен аты ауыздықпен су ішті. Пысқырынды. Алысқа ұзап кеткен иесінің соңынан ерді.

Қырат иегіндегі Сүйінбайдың бейітінің қасына келіп тізерлеп отырды. Құран оқыды. Табақтай қып-қызыл күн көкжиектен төмен құлдырап бара жатыр еді. Орнынан тұрып, асықпай тізесін уқалады, күннің соңғы шапағы астында құрғақ тал жинады. Құрғақ шөпті қоса жұлды.

Шақпақ таспен от тұтатты. Әуелі шөптің бықсыған иісі шықты, артынша қалың түтін будақтады, сол түтін көзден жас ағызды. Жирен аттың ертоқымын алып, жүгенін сыпырды да сауырынан қағып-қағып жіберді. Өзі енді ғана көтерілген оттың қасына жайғаған ертоқымға басын қойып, көк шөпке шалқасынан жатты. Қыр арқасы, белі үзіліп түсердей болып қақсап берген.

Қара көк аспанда жұлдыз енді ғана қонақ­таған кез еді. Жақын жерде ауыл барын білсе де, ешқайда барғысы келмеді. Жаны жалғыз­дықты қалаған. Сол жалғыздықты Тәңірі бұған дәл бүгін қиып беріпті. Тәңірге сол үшін мың алғыс айтты.

Көк базарда көрген тобықты жігіттің көзінен мұң көргенімен, бет әлпетінде ойсырай жеңілген адамның болмысы көрінбеген. Тәуекелге бойсұнған ширақ, мәрт жігіттік кескін келбеті қарт жырауға ұнаған.

Сарыарқадан Алматыны жағалап босып келіп жатқан қазақтарды күнде көреді. Бірсыпырасына дастарқанынан дәм таттырып, тау арасымен Бішкекке асар тұсты көрсетіп те жіберген. Аштықтан өзектері талған қазақтар Алатаудың биік шатқалдарынан асып өтіп, Бішкекке жете ала ма екен, деп қарт жиі ойлайтын.

Алдындағы малын тартып алған соң-ақ, аш-жалаңаш қалған қазақ аштықтан қынадай қырылып жатқан.

Өкіметтің газеті де, радиосы да аштықтан қырылып жатқан қазақтар туралы тіс жармады. Қазақ өлмесе өме қапсын деп үкімет басындағы қызыл комиссар қазақтар да, атқамінер жандайшаптар да, озбыр сатқындар да, қазақ елін тулақтай тартқылап быт-шытын шығарған.

Белдеріне тапанша тағынған қазақтың сұмырай жандайшаптары өз ұлтын құртуға барларын салған. Қазақты қазақ осылай құртқан...

Қара жерді тасырлатып шапқан ар­ғымақтар тұяғының дүбірі даланы дүрліктірді. Сол дү­бірге жиырма бір ғасырлық дала жыр­ларының дүмпуі қосылды.

Дала – азан-қазан. Қайран қазақтың даласы. Сені соқамен тілгіледік, жатқа сыйға бердік, тиынға саттық. Біз сені ардақ тұтпадық, қайран дала, біз сені өлімге қидық. Өзіміз де сенімен бірге құритынымызды білмедік.

Бұ дүниеде Ана-Даласын сатқан халық оңбасын!

Бұ дүниеде Ана-Даласын өлімге қиған елді қарғыс атсын!..

Анасын өлтірген перзенттің жер басып тірі жүруі әділет пе?!.

Қарт жырау көк шөпке жеңіл шапанын тө­сеп жат­қан еді, мазасыз дөңбекшіген кәрі дене ала­с­­ұрды. Уһілеген үні үкіні оятты. Кәрі жы­­рау­­ға қосылып Алатаудың үкісі қоса уһілеп берді.

Аспандағы жұлдыз біткен жерге ағып түсіп жатыр. Жо-жоқ, сонау Алатаудың шығыстағы биігінің қақ төбесінде жарқыраған сүмбіле жұлдыз зымырай жерге құлдырады. Тамыз — жұлдыз ағатын ай еді ғой.

Таңның саумал сәулесі енді ғана қара жерге ұмтылып берген.

Қарт жырау оянып кетті. Бұлақ басына барып тастай су ішті.

«Жамбылжан, сен маған келмей кетіп-ең...» Сүйінбайдың дауысы дәл қасынан естілді. Қарт өзін ыңғайсыз сезінді.

«Келейін деп келгем жоқ, адасып келдім, Сүйеке!», – деді өтірікті жек көретін ұстазына қарт жырау шындықты көлденең тартып.

«Сен де қартайыпсың, Жамбыл!..»

«Қартайдым, Сүйеке! Жалғанның қызығы таусылды!».

«Маған қосылуға асықпа. Қара жерді таптай тұр, Жамбыл!».

«Таптағаннан не пайда, жалықтым! Жыр көші де мені тастап барады, Сүйеке!..».

«Жыр шіркіннің жаныңды тулатпағаны сенің жүрегіңді қапаға бөлейді ғой, тегі...»

«Дұрыс айттыңыз, біліп айттыңыз, Сүйеке!».

«Басыма келіп мінәжат еттің. Енді тағы бір түлеп бағарсың... Шаршама, Жамбыл, шаршама! Жұмақтың аты жұмақ қой, бірақ қара жердей ыстық болмайды екен, Жамбыл. Қара жерден асқан ешнәрсе жоқ екен. Сен соны ұқ, Жамбыл. Қара жерді жайлаған пенделер Адамға айналса деп арманда, Жамбыл. Пенде Адам болғанда ғана жер бетінде жұмақ орнайды. Жұмақты тұрғызатын Адам. Сонан да Адам Адам болып бағуы керек. Сен отырған жерде мен де отырғанмын, Жамбыл!..»

«Сүйеке, дәл осы қыраттың үстінде екеуміз малдас құрып әңгіме-дүкен құрғанымыз есіңізде ме?»

«Есімде, Жамбыл, есімде... Қара жерді қарс басқан кез көзден ұшқанымен, жан көзінен кеткен жоқ».

«Сүйеке, жүрек көзін білуші ем. Жан көзі де болады екен-ау!»

«Жамбыл, жан көзі, ар көзі, сана көзі деген де бар екенін ұмытпа. Көкте де көз бар. Жерде де көз бар. Жұмақтың өз көзі бар. Тозақтың өз көзі бар. Тәңірдің өз көзі бар».

«Сүйеке, осы Дешті Қыпшақ даласына қожалық еткен беттерін түк басқан қызылдарда көз бар ма?..»

«Олар жендеттер ғой, Жамбыл! Олардың көзі қанға толы. Қандыкөз пәлекеттерден аулақ бол. Өз далаңда өз бағаңды түсіріп алып жүрме, Жамбыл! Сен қара жерді еркін басқан қазақтың соңғы жампоз жыршысысың!.. Соны есіңде ұста. Берік ұста!. Тән рахаты үшін жаныңды сатпа. Мен білсем, бұл дүниеде де, о дүниеде де жан рахатынан артық ешнәрсе жоқ, Жамбыл! Соны ұқ! Сол ұққаныңнан айырылма. Айныма!.. Қара жерде пендеге керегі екі-үш ақ аршын қара топырақ. Тіршілікте жиып жүргеніңді о дүниеге өткізе алмайсың. Бұл жақта хан да жоқ, төре де жоқ, патша да жоқ – пара беретін, пара алатын озбыр сатқындар да жоқ. Олар көрлерінде өкіріп, тозақта күндіз-түні бір тоқтамай шыңғырып жатады. Олардың дауысынан жан түршігеді. Бірақ, олардың жанайқайын сендер, тірілер естімейсіңдер. Сендер естісеңдер, пенде емес, адам болуға бар жандарыңды салар едіңдер, Жамбыл».

«Менің пірім Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай...»

«Тәңірге сыйын, Жамбыл, Тәңірге!».

«Тіршілікте Тәңірге, қара өлеңде өзіңізге сыйынып келдім, Сүйеке! Менің ұстанымым осы болды. Сол ұстанымнан таймадым».

Қарт жырау жирен атына мініп, атбасын ауылына бұрды. Таң алдында Сүйінбаймен өткен кеңес оның жан дүниесін толқытып-ақ кеткен. Бұ дүниеде бекер ешнәрсе жоқ қой, Сүйінбай пірімен кездескенін қарт жырау жақсы­лыққа жорыды.

Бұл Жамбылдың Сүйінбайдай пірімен соңғы кездесуі, соңғы қоштасуы еді.

1943 Жыл. Жаз. Ымырт

Неміс басқыншылары мен кеңес мемлекеті арасындағы екінші дүниежүзілік соғыс өршіп тұрған кез болатын. Сол жазда соғыстағы баласы Алғадай қаза тапты. Алғадайдың өлімі қарт жыраудың жан дүниесін күйретіп кетіп еді. Тоқсанның жетеуіне жеткен Жамбыл Жабаев қайтып бойын тіктеп, еңсесін көтере алмады. Бұ жалғанның қызығы ол үшін баяғыда таусылып болған еді. Қаусап біткен тәнін Кеңес үкіметі әлі де сүйрелеп жырын жырлатып келеді. Қарт жырауға мұның енді еш қажеті  жоқ болатын.

Алғадайдың өліміне қатты күйзелген қарт жырау мұң шағады. Күңіренеді.

Алатауды айналсам

Алғадайды табам ба?

Сарыарқаны сандалсам,

Саңлағымды табам ба?

Өлім деген – у екен

Мендей кәріп адамға.

Күнде үйімде күңіренем

Көзіме жас алам да?

1944 Жыл. Күз. Түн

Қарт жыраудан хал кеткен кез еді. Құлағы естуден қалған. Жүріп-тұруы да ауырлаған.

Сөндің бе жарқыраған шамшырағым?!

Қалдың ба тас бекініп, қос құлағым?

Жатсам да төсек тартып дәрменім жоқ,

Сен болып сөйлетесің жалғыз жағым.

Қалыппын ие болмай өзіме-өзім,

Әлім жоқ, күш қайратты өтті кезім,

Балалар, өлгенімше болысыңдар,

Сендерге сол-ақ айтар соңғы сөзім.

Бұл кәрілік жеңген жыраудың хатшысы ақын Ғали Ормановқа айтқан базына тілегі бола­тын.

Сондай бір талмаусырап жатқан тұсында есіне екі шумақ өлең оралды. Кезінде Ибраһим-Абайға арнап жазған өлеңі еді. Ғалиға жаздырып қалдырған.

Мынау тұрған Абайдың суреті ме? –

 Өлең-сөздің ұқсаған құдіретіне.

 Ақыл, қайрат, білімді тең ұстаған,

 Қарсы келер Абайдың кім бетіне!

 Ақын атын таратқан әрбір тұсқа,

 Соңғыларға қалдырған үлгі-нұсқа.

 Арғын, Найман сөзіне таңырқаған,

 Қандай арман бар дейсің бұл туыста!

 Терең ойдың түбінде теңізі бар,

Тесіле көп қарасаң көңіл ұғар.

 Сол тереңге сүйсініп жан үңілмей,

 Есіл сабаз ызамен өткен шығар!

– Бұл керемет өлең болды, Жәке!.. – деген сонда Ғали ақын. Жамбыл жауап қатпаған.

Өзгенің қолпаштауын қыран бүркіт жыршы қарт қайтсін-ай!.. Өз бағасын өзі білген, онысын сырт көзге көрсетпеген мықты емес пе?!. Ал қазір сол екі шумақ өлең­ді күбірлеп  жатып, көзіне жас алды. Ибраһим сабаз өмірден ызамен өтті. Ал мен ше?.. Жабайдың ұлы Жамбыл қалай қайтпақ, тәңірі-ау?!.

1945 Жыл. Көктем. Таң

Әлдекім төніп келіп, дәл құлағына:

«Фашисті жеңдік!» – деп қуана дауыстады.

«О, бәрекелді! Тәңіріме мың алғыс!» деп күбірледі қарт жырау. Құлағына айғайлағанды білегінен тартып, тұрғыз мені дегендей ым жасады. Құлағына айғайлаған бозбала мен екі-үш әйел әупірімдей сүйемелдеп қарт жыраудың басын әзер көтеріп, қабырғаға арқасын сүйеп отырғызды. Үйге сүйінші сұраған ел де жиналып қалып еді.

– Бір шыны жылы шәй беріңдер! – деді жырау. – Домбырама қол жалғаңдар.

Төсек тартып жатып қалғаннан бері қолына домбыра ұстамап еді.

Қарт жырау еті қашып, қушиған иықтарын қомдап, бойын тіктеген болды. Жылы шәйді екі жұтып жөтелді. Соңғы үш ай бойы талмау­сырап жатқан қарттың бойын жиып алғанына үй ішіндегілер таңғалысты. Үйге сыймағандар аулаға аяқ тіреді.

Қарт жырау көне домбырасын дың­ғырлатып ұзақ отырды. Оң қабағы тартты, ерні дірілдеп қоя берді. Көкірегін өлең қысып келе жатыр еді. Әлден уақытта жыраудың ауылдастарына таныс қарлығыңқы дауысы естілді. Дауысы әлсіз болғанымен жігерге толы болатын. Жұрт тырп етпестен жыраудың сөзіне құлақ салды.

Қарт жырау осы жырдың өміріндегі соңғы жыры болып қалатынын сезгендей, бойын да, ойын да жиып батырдың соңғы ұрысқа шыққанындай ерекше ұмтылыс танытты.

О, Тәңірі-ай! Тілінен де, санасынан да жоғалған, ұмыт болған небір ойлы сөздер, ұтымды нақыштар еш қиналусыз-ақ түйдек-түйдек болып көкіректен атып шығып жатты.

Отанға деген махаббатқа толы асыл жыр. Қанатын жайған ерлік жыры. Қан майданда қаза тапқан қазақтың батыр ұлдары мен қыздары туралы алмас жыр.

Қазақтың болашағы туралы арман жыр.

Қарт жыраудың Алматыға кеткен хатшы ақындарға ызасы келді. «Енді өлсем де арманым жоқ» атты соңғы жыры қағазға түспей қалатынына өкінді. Көруден қалып бара жатқан көздің қиығына мөлтілдеп жас үйірілді.

Қарт жырау сол түні талықсып барып ұйқыға кеткен. Бұл ұйқы да емес еді, өлі мен тірінің ортасында аласұрған делдал хал болатын.

«Енді өлсем де арман жоқ» – соңғы жыры болып қалғанын жырау ұққан, жас күнінде дүниеге әкелген асау жырлары уақыттың уысын­да кетіп мәңгіге жоғалғанындай, мынау соң­ғы жыры да бұл жалғаннан өзімен бірге кете ме?

Тағы бір ұққаны – артында қаңқу сөздің ел аралап жүре беретіні болатын. Өзегін өртеген өкініш шіркін таусылған ба?!.

Дешті Қыпшақ даласында сайран салған жас, пері жыршының сыршыл сайыпқырандай саңқылдаған айбынды жырларын, сол сайын дала жұтты.

Уақыт жетегінде жан тапсырды.

Мойынқұмның белдерінде, Алатаудың асқарында қыз қуған, жыр қуған кездер Қара­бас­тау, Құлансаз жайлауларында келмеске кетті.

...Тәңірге табынған, өлімнен қорықпаған Дешті Қыпшақ даласының соңғы тарлан жырауы Жамбыл Жабайұлының рухына бас иген –

Роллан СЕЙСЕНБАЕВ.

Суреттерді салған С.ПОЖАРСКИЙ.

Соңғы жаңалықтар