Спорт • 22 Шілде, 2021

Қазақстан құрамасының формасы Олимпиададағы ең стильді киім деп танылды

1426 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан құрамасының Олимпиадалық формасы Токио-2020-дағы ең стильді формалардың бірі деп танылды, деп хабарлайды Egemen.kz Forbes-ке сілтеме жасап.

Қазақстан құрамасының формасы Олимпиададағы ең стильді киім деп танылды

Қазақстан құрамасына арналған Токиодағы Олимпиада ойындарының формасын дайындау кезінде спортшыларға дизайн, маталар мен киім элементтерін таңдау құқығы берілгенін атап өткен жөн. Еліміздің жетекші спортшылары қаңтар айынан бастап Олимпиадалық киім-кешектерді, жабдықтауларды таңдауға арналған талқылауға, презентациялар мен кездесулерге қатысты.

«Құрама формасын тігуге арналған маталарды таңдауға бәріміз қатыстық, эскиздерді талқыладық, ұсыныстар жасадық. Олимпиада ойындарында форманың тек сыртқы түрі ғана емес, сонымен қатар тиімділігі де өте маңызды», дейді дзюдошы, Рио Олимпиадасының жүлдегері Елдос Сметов.

Қазақстан құрамасының Олимпиадалық формасының үлгісін Salta брендімен танымал дизайнер Салтанат Баймұхамедова пішіндеп, тікті. Қазақстандық атлеттер үшін спорттық форманы испандық Joma компаниясы жасады.

«Олимпиадаға арналған салтанатты форманың дизайнын құрастыру жұмысы маған сеніп тапсырылғанына қуаныштымын. Бұған мені олимпиадашылардың өздері шабыттандырды. Олар бұл форманы Олимпиада ойындарынан кейін де киім кигісі келетінін айтты. Отандық дизайнер ретінде Токиода біздің спортшылардың прогрессивті және заманауи көрінуін қаладым. Әлемдік трендтерді назаға ала отырып, алдыма «спорт-шик» стиліндегі киім құрастыру мақсатын қойдым», деді олимпиада формасының дизайнері Салтанат Баймұхамедова.

Forbes.com хабарлағандай, Қазақстандықтардың олимпиадалық формасы Токио-2020-да ең стильді деп танылды. Бұл тізімге АҚШ, Ресей, Либерия, Чехия, Қытай, Оңтүстік Африка және Жапония елдері де енді.