Әлем • 22 Шілде, 2021

Коронавирусқа қарсы капсулалы вакцина жасала бастады

380 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Израиль әлемдегі алғашқы коронавирустық вакцинаны капсула түрінде жасады. Қазіргі таңда бұл вакцина клиникалық зерттеулерден өтуде. Бұл туралы The Times of Israel сайты ақпарат жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz

Коронавирусқа қарсы капсулалы вакцина жасала бастады

Сынақтар Израиль Денсаулық сақтау министрлігі мақұлдағаннан кейін Сураски медициналық орталығында жүргізіледі. Тестілеуге басқа вакцинамен егілмеген 24 ерікті қатысады. Топтың жартысы бір капсуланы, ал қалғандары препараттың екі дозасын қабылдайды. Зерттеу мерзімі алты аптаға созылмақ.

Oramed Pharmaceuticals компаниясының бас директоры Надав Кидрон жаңа вакцинаның бірнеше артықшылықтарын атады.

«Біріншіден, ол коронавирустың әр түрлі штамдарына төзімді, өйткені Moderna және Pfizer-ге қарағанда ол вирустың үш құрылымдық ақуызына бағытталған. Екіншіден, мұндай препараттар, әдетте, жанама әсерлерді көп тудыра бермейді. Болашақта вакцинаның бұл түрі оны үйде отырып-ақ қабылдауға мүмкіндік беретін болмақ», деп түсіндірді компания директоры.

Надав Кидронның айтуынша, капсулалы вакцинаны бүкіл әлем бойынша тасымалдау қиындық тудырмайды. Себебі, оны сақтау үшін ерекше шарттар қажет емес, сондықтан вакцинаны стандартты температурада тасымалдауға болады. 

Oramed Pharmaceuticals компаниясының бас директоры медициналық зерттеу сынақтары сәтті өтсе, оның басқа елдерге тарату жолдарын іздейтінін айтты. Оның айтуынша, мұндай препараттар әсіресе Оңтүстік Америка мемлекеттеріне қажет.