Экономика • 22 Шілде, 2021

Жасыл экономиканың жаңғырығы

1475 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Әлемдік экономикадағы жаңа трендтердің бірі – жасыл экономика. Алдағы онжылдақта жасыл энергияның үлесі 15 пайызға дейін жеткіземіз деген үміт бар. Өткен айда  Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі диалог отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин  жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға ерекше көңіл бөлініп отырғанын, 2020 жылы бұл көрсеткіш 3 пайызды құрағанын айтты. Енді 2022 жылы оны 6 пайызға дейін, яғни екі есеге арттыру жоспарланып отыр. 2030 жылға қарай Қазақстанның энергетикалық секторындағы жасыл энергияның үлесі 15 пайызға жеткізу керек.

Жасыл экономиканың жаңғырығы

2022 жылдың төбесі көрініп қалды: енді қалған бес айда 3 пайызды қалай еңсереміз деген сұрақтың жауабы айқын­далғалы тұр: Үкімет бұл ретте банктердің мүмкіндігін жасыл экономиканы қаржыландыруға бағыттамақ. Жасыл энергетика, жасыл экономиканың үлес салмағы артқан са­йын банктердің де қаржыландыру сипаты  өзгеріп, «жасыл жобаларға» басымдық беретіні белгілі болып қалды.  

Жақында журналистермен онлайн кездесу өткізген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен қаржы ұйымдары жасыл облигациялар шығары­лымын тіркеу ережелерін әзірлеп жат­қанын айтты. Жұртшылықтың есінде болса, былтырғы 20 тамызда  Қазақстанда алғаш рет жасыл облигациялар шықты. «Даму» қорының қатысуымен AIX қор биржасында 200 млн теңге көлемінде бағалы қағаздар орналастырды. Жинал­ған қаражат екінші деңгейдегі банктер мен микроқаржы ұйымдарына шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін жіберіледі. Ал кәсіпкерлер жаңар­тылатын энергия көздері (ЖЭК) бойынша жобаларды іске асыруға тиіс. Осы жиынға қатысқан сарапшылардың сөзін сараласақ   экономика да, қаржы секторы да жасыл экономикаға басымдық бере бастады. Соңғы әлемдік дағдарыстан кейінгі он жылда қаржы индустриясы қалыпқа келе қойған жоқ, қолданыстағы ресурстардың мүмкіндігі де шектелді. Сарапшылар қаржы институттарының қазіргі қолданыстағы ресурстары ХХI  ғасырдың соңына қарай сарқыла баста­ғанын осыған дейін де талай айтқан.  Қазірдің өзінде біз назар аударуға тиіс жаңа бағыттардың беталысы белгілі болып қалды. Мұны қаржы секторымен интеграциялау үшін   қолданыстағы базалық заңнамаларды сол бағытқа қарай бұру керек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі құрған жасыл облигациялар шығарылымын тіркеу ережелері сол өзгерістерге есік ашатын терезе болады деген үміт бар.

Жасыл экономика, жасыл қаржы, жасыл облигация деген ұғымдар бізге таңсық емес. «Жасыл» экономика БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау бағдар­ламасының (ЮНЕП) құжаттарында айқындалған. 2019 жылы Давостағы форумда осы модель мемлекетті, экономиканы одан әрі дамытудың мүмкіндігі деп жарияланды. Дүниежүзілік жасыл облигациялар нарығы 2007-2008 жылдары пайда болды.  Бірақ күні бүгінге дейін көптің көңілінен шығатын ортақ  көзқарас та,  бағалаудың бірыңғай меха­низмі де әлемде қалыптасқан жоқ. 

Сарапшылар осыған дейін де қаржы секторы ESG (Экологиялық, әлеуметтік және басқару) қағидаттарын іске асыруда шешуші рөл атқаратынын,  жасыл экономиканы қаржыландыруды қамтамасыз ететінін талай ескертіп келген болатын. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова «Жасыл қаржыландыру және қарыз капиталы нарығы» тақы­рыбында өткен онлайн-конференциясы кезінде қазіргі уақытта жасыл облигациялар нарығындағы сұраныс пен ұсыныс тепе-тең тұрғанын айтты.  Бұл қаржы секторының жасыл экономиканы дамыту мүмкіндігінің жеткілікті екенін көрсететін көрінеді.  Сондай-ақ жасыл облигациялардың ғаламдық шығарылымы 1,3 трлн долларға жеткені де осы жиында белгілі болды. Агенттік  төрағасының осы жиында айтқан пікірін нақтылап өтсек,  Қазақстанда қаржыландырудың жасыл құралдарын шығару үшін құқықтық орта қалыптасқан. Жыл басында  Экологиялық кодекс қабылданды, ол 1 шілдеден бас­тап күшіне енді. Экологиялық кодекстің шеңберінде алғаш рет жасыл жобалардың таксономиясы енгізілді,  қаржыландырудың заңнамалық анықтамасы анықталды.

«Қазақстанның қаржы нарығы жасыл экономиканың қалыптасу кезеңін бас­тан кешіп жатыр.  Халықаралық қаржы ұйымдарының  сыртқы әсерін де байқап отырмыз.  Қаржы институттары ESG қағидаттарын қолданбаса,  халықаралық капитал нарықтарымен байланысы белгілі бір деңгейде шектеліп қалуы мүмкін. Нақтылай айтқанда,  халықаралық ұйымдардан қаржы тарту мәселесі қиындайды», дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы.

Оның пікірінше, қаржы секторы қажетті ESG стандарттарына көшуді қажет­ті заңнама тетіктерімен ынталан­дыруы тиіс.  ESG тәуекелдері, осы тәуе­кел­дерді  қалай анықтау және басқару керек­тігіне жөн сілтейтін нұсқаулықтар әзірлеу керек. Бұған қоса, тәуекелдерді бас­қару жүйелерін дайындаған кезде  халықаралық қағидалар мен стандарт­тарды ескерген жөн. Бұл фактор   кор­поративті басқару саласының сапасына да әсер ететінін қаперге салып өткен сарапшы бірқатар қаржы инс­титуттарының ESG талаптарымен интеграция­лануды бастап кеткенін жеткізді. Демек, осы бағыттағы өзгерістерді немесе сыртқы күштердің әсерін  өз мүмкіндігімізге бейімдемесек, ертең кеш болуы әбден мүмкін.

 Осы жиында сөз алған Halyk Bank басшысы Үміт Шаяхметова қаржы сек­то­рының әлемдік трендтермен ин­те­грацияланғанын қолдайтынын айтты.  Мұндай тәжірибені барлық қаржылық ұйымға енгізу керектігін айтқан қаржы­гер бұл фактор  компаниялардың ашық­тығына бастар  қадам екенін де ескертті. 

KASE басқарма төрағасы Алина Алдамберген бұл тақырып әлемде өзекті екенін атап өтті. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында орналастырылған облигациялардың көлемі 118 млрд долларды құрады. «Бизнес пен банктер арасындағы интеграция банк клиенттері талабының жаңа капитал нарығын жа­ңартты. Портфолиосы 90 трлн долларды құрайтын 2,5 мыңнан астам инвестициялық қор пайда болды», деді А.Алдамберген.

Бірақ кейбір сарапшылар болса, бұл мәселеде  асықпаған жөн дейді. Олар екінші деңгейлі банктер осы күнге дейін ішкі нарықтағы жобаларды қаржыландыруға ықылас таныта қой­мағанын алға тартады. Экономист Олжас Құдайбергеновтің пікірінше, әлемдік елдердің көпшілігі көміртегі салығын қол­данысқа енгізіп, кейбір Еуропа елдері жасыл экономикаға өту мерзімін алдағы бес жылға белгілеп отыр. Басқаша айтқанда, көмір сутегі лоббилерінің тәбеті шектелмейінше жасыл экономиканың күре тамырына қан жүгірте алмаймыз. Оның тынысы ашылмаса, жасыл қаржыландыру туралы идеяны жүзеге асыру мүмкін емес. Осы ойды іліп алып кеткен қаржыгер Бейсенбек Зиябеков бұл бастама БҰҰ шеңберінде нақтыланса, оның нәтижесі оншақты жылдардан соң белгілі болатынын айтады.

Жалпы жасыл қаржы нарығын барлық мемлекет қолдап отырғаны белгілі.   2019 жылы 100-ге жуық ел 2050 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын едәуір азайтуға уәде берді. Сарапшылар бұл фактор технологияларға көбірек қаражат іздеуге мүмкіндік беретінін айтып жатыр. Халықаралық бағалау агенттіктері  жасыл облигацияларға деген сұраныстың жоғары екенін мо­йындап отыр. Климаттың беталысы сағат сайын қырық құбылып жатыр. Дәстүрлі қаржыландыру мен жасыл қаржыландырудың бастапқы кезеңінде  активтер бағасының  төмендеп кетуі өтімділікті және қысқа мерзімді қаржы­ландыруды, инвестиция тартуды қиын­датып жіберетінін де сарапшылар ескертіп жатыр. Екінші деңгейлі банктердің басым көпшілігі тоқмейілсудің қақпанына түсіп қалғанын еске түсірген сарапшы бұл бағытта «жеті рет өлшеп, бір рет кесудің» артық болмайтынын айтады. «Жасыл  экономиканың мүмкіндігі әртараптандырылған сайын банктер қаржыландыруға тиіс жобалардың мүм­кіндігі арта түседі. Батыс елдері, ЕО-ға мүше елдер көмірді қолданудан бас тартып, жасыл энергетиканың мүм­кіндігін өндіріске енгізе бастады, дейді сарапшы Бейсенбек Зиябеков. 

Сарапшы нақтылап өткендей, осыған дейін әлемдегі бас банктердің климаттық күн тәртібіне араласу қажеттілігі туралы тоқтамды пікір айтылған жоқ. Дәл қазір жасыл энергетика емес, бұрыннан қалыптасып қалған дәстүрлі энергия көздері арзан түседі, тәуекелі де үйреншікті құбылыс. Жасыл қаржыландыруға көшу үшін компанияларға жанама парниктік газдар шығарындыларын түгендеу, тиісті есептерді дайындау және ең бас­тысы, өз өнімдерін арзандату үшін парниктік газдар шы­ғарындыларын азайту мүмкіндіктерін іздестіру қажет. «Осыдан кейін инвестициялардан, оның ішінде жасыл энергетикадан пайда түсіп,  жасыл қаржыландыру дамиды», дейді Б.Зиябеков.

Қазақстанның экономикасы мен энергетикалық ресурстарын әртараптан­дырылмағанын еске түсірген сарапшы жасыл жоба бастамашылары, инвесторлар мен реттеушілер арасындағы өзара іс-қимыл мен дәйектілікті қамтамасыз ететін платформа болуы қажет  екенін де айтты. Сондай-ақ нормативтік құжаттармен қоса,  жасыл қаржы құралдары үшін нормативтік құқықтық базаны әзірлеуге басымдық берілуі қажет.  Қоғамдық даму институттарын да жасыл жобаларға тарту маңызды. Шетелдік жасыл қорларға қол жетімділікті ашу және елге инвестиция тарту маңызды. Бұл халықаралық экологиялық критерийлерге негізделген тиімді қаржыландыру жүйесін құруға мүмкіндік береді. Бірақ бас­ты талап – қазақстандық қаржыландыру жүйесінің мүмкіндігінше ашық болуы. Ал қаржы құралдарына қойылатын талаптар шетелдік инвесторлар үшін түсінікті болуы керек.  «Орталық банктердің жұмысы жалпыға бірдей белгілі тәртіптерге негізделген: банктердің саясаты бел­гілі бір салалардың, фирмалардың, аймақ­тардың немесе әлеуметтік топ­тардың мүдделерінен жоғары тұру керек. Содан кейінгі назар аударатын екінші фактор үкіметтің  банктер жұмысына араласуы заң шеңберінде жүргізілуі тиіс», дейді Б.Зиябеков.

2019 жылы ФРЖ басшысы Джером Пауэллдің  АҚШ Конгресінің бірлескен экономикалық комитетінің отырысында «климаттың өзгеруі маңызды мәселе болса да ФРЖ үшін проблема емес» деген сөзін еске түсірген қаржыгер  жасыл экономика, жасыл қаржы мәселе­лерінің тәуекелі жоғары екенін айтты. Бұл ретте Ұлттық банк ең алдымен ішкі факторларға, ал екінші деңгейлі банк­тер  халықтың жұмыспен қамту дең­гейіне, ШОБ-тың әлеуетіне, бизнес-жоспарлардың стратегиялық маңызына назар аударуы керек. Орталық банк­т­ердің құдіретін мем­­­лекеттің экономикасымен ғана бай­ланыстыруға болатынын айтқан сарапшы біздің жағдайымызда банктерді қолдан келмейтін шаруаларға араластыра берудің қажеті жоқтығын ескертті.

Б.Зиябеков нақтылап өткендей, Еуропа Орталық банктің  жасыл саясатын қолдаушылар да оның климаттың өзгеруімен күресу мүмкіндігінің шектеулі екенін айтып отыр. Ақша-несие  саясаты көміртегі бағасын арттыру, жасыл инновацияны субсидиялауға бағытталуы тиіс. Содан кейін ғана бұл бағытты ілгерілетуге болатын көрінеді. Жалпы жасыл экономикаға инвестицияларды тарту туралы айтар болсақ, Қазақстан үшін бұл өзекті тақырып екенін сарапшылардың бәрі айтады. Дәл қазір қаржыландыру емес, қаржыландырылуға ұсынылған бизнес жобалардың стратегиялық маңызына мән берген, зерделеген маңызды. Бұл сарапшының айуынша, өткеннің қателігін қайталамау үшін керек. Егер облигациялар шығаруға лайықты жобалар болса, инвесторлар табылатынын айтқан сарапшы біздің жағдайымызда біраз кедергілердің бар екенін де ескертті. «Қазақстандағы көмір сутегі  компаниялары шетелдік компаниялардың иелегінде. Тіпті бағаны реттеу мүмкіндігі де орталықтандырылған. Мұның бәрі әлемдік баға саясатына тәуелді факторлар. Егер команиялар облигацияларын «жасылдандыруға» және оны қаржы орталығында айналымға жіберуге мүдделі болса ғана іс алға жүреді», дейді  Б.Зиябеков.

Күні бүгінге дейін жасыл экономикаға соншалықты мән бермей келген үкіметтің жасыл қаржыландыруға байланысты ұстанымы әзірге екіұштылау. Әдеттегідей, алаулатып-жалаулатып алып кетуге жасыл жобалардың тапшылығы және шикізат көздері компанияларының шетелдіктердің үлесінде екені және отандық жобаларға мойын бұрғысы келмей келген ЕДБ-дің енжарлығы қол байлау болып тұр. Бірақ жан-жағымыздағы өзгерістерді өз жағдайымызға бейімдеп үлгермесек, бізді өзгерткісі келетіндердің жетегінде қалып қоятынымыз өткен жылдардың тәжірибесінен белгілі.

 

АЛМАТЫ